» » Ақиқатқа айналған арман

Ақиқатқа айналған арман


Адамзат баласын тыныштық пен бейбітшілікке, мейірім мен тазалыққа шақыратын бірден-бір құндылық – ол біздің асыл дініміз. Сол себепті де болар ата-бабамыз Исламды сан ғасыр бойы жанына серік етіп, көңіліне демеу санаған. Дін – кез келгеннің уысына оңай түсетін, кез келгеннің бақшасында бір демде пісе кететін жеміс емес. Оған біз Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша Өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы, жерлесіміз Болатбек қажы Ұласқанұлының еңбекжолына қарап бажайлағандаймыз.
Әрбір нәрсенің өз бастауы, өзек алар арнасы болады. Сол сықылды біздің кейіпкеріміздің де дінге қызығушылығы жас кезден, мектеп қабырғасынан бас­тау алған. Бала Болатбектің үйі ол кезде Төретам кентіндегі ескі мешіт үйінің жанында болатын. Күнделікті мешіттен азан шақырғанды естіп, оның да осыбір ғажайып дауысқа аңсары ауа­ды. Сондағы алып ұшқан балажүрек «мен де осылай азан шақырсам...» деген арманда еді. Ол оны іштей бүгіп қалмай, анасына айтуды жөн көреді. Әркез ойларынан шығып, қатар-құрбысы арасында зейіні зерек ұлының бұл ашықтығына жаны елжіреген анасы оны ұзақ күттірмей, қолынан жетектеп мешітке әкеледі. Міне, осы күннен бастап, оның болашақтағы мамандығына да жол ашылғандай еді. Бозбаланың асыл дінге деген ең алғашқы қадамы осылай өріс алғаны бар.
Сымбаты келісіп, сымға тар­тыл­ғандай келбетті жігіт алғашында ауы­­лындағы «Жәрімбет ишан» ме­ші­тінде азаншы, сәл кейін ұстаз, наиб имам қызметтерін атқарады. Асқақ арман азаматты ауылдан Алматыға қарай тартып, алдына зор мақсаттар қойдырады. Осындай мұратпен 2000 жылы Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы жанындағы діни сауат ашу курсына қабылданып, оқу-білімге құлшына кіріседі. Жай ғана оқып қоймай, ғылымның биігіне шығып, ғалым болсам деген бір дауыс оған маза бермеген-ді. Толқынды теңізге арман кемесін салуға жігерлендірген талабы оны 2003 жылы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенті атандырды. Еліміздегі дін өкілдерін даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орнының ізденушісі бола жүріп, күндіз-түні кітап оқып, білімін жетілдірген үстіне жетілдіре түседі. Оқу орнындағы ұстаздарының да көзіне түседі. Көркем мінезі, байыпты болмысы – нағыз азаматқа сай келетін. Ол 2006 жылы Египет Араб Республикасының Әл-Миния университетінен білім жетілдіру курсынан өтсе, осы уақытта мұсылманның бес парызының бірі – Сауд Арабиясынан қажылықты да өтеп қайтады. Бес жылғы ізденіс пен кітапханалардағы сағаттап отырған сындарлы еңбек өз жемісін беріп, университетті үздікке, яғни қызыл дипломға бітіріп шығады. Осы жылы аталған университеттің «араб филологиясы» мамандығы бойынша магистратураға оқуға түседі. Ғылымға басқан әрбір қадамы сәтті болып, мұнда да кәсіби деңгейін комиссия алдында дәлелдеп шығады. Қолына дипломын ұстаған жас ғалым 2008-2010 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдени университеті ректорының референт-аудармашысы болады. Жұмыс істей жүріп, университеттегі ғалым-ұстаздардан қосымша дәріс алып, олардың лекция­ларына қатысып, ғылым жолында мол тәжірибе жинақтайды. Ата-ананың қасиетімен бойға сіңген сабырлық, төзімділік Болатбек Ұласқанұлын әрі қарай биік белестерге жетелеп, басқа да қабілеттерін аша түседі. Сондай алға қарай ұмтылудың негізінде 2011-2013 жылдар аралығында Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінен «мемлекеттік және жергілікті жерді басқару» мамандығы бойынша екінші жоғары білім дипломына ие болады. 2012 жылы Нұр-Мүбарак университетінің «шетел филологиясы» мамандығы бойынша докторонтураға қабылданады. Ол осы жылы Катар мемлекетінің Доха қаласындағы Исламтану, 2013 жылы Египет Араб Республикасының Каир және 2015 жылы Малайзияның Теренгану штатындағы UnisZA университеттерінде докторантура бағытында білім алады.
Болатбек Абуов 2010-2014 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдени университеті ректорының әкімшілік және халықаралық істері жөніндегі көмекшісі қызметін атқарса, одан соң Аппарат басшысы, Бас хатшы болып еңбек еткен. Қай кезде де игі істің басы-қасында жүріп, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген азаматқа 2018 жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы сенім артып, Қызыл­орда облысының және «Ақмешіт-Сыр­дария» мешітінің бас имамы етіп тағайындайды.
Ілім шырағын жаққан туған жер перзенті өзі туып-өскен еліне келгелі бері діни білімге көңіл бөліп, облыс, аудан орталықтарындағы мешіттерді білікті мамандармен толықтырды. Бұған дейін аймағымызда саусақпен санарлық қарилар болса, енді өзінен кейін де қарилар тәрбиелеп шығара алатындай Шыңғыс, Мұхан, Ислам қари секілді мықты қариларды мешіт жанына топтастырып, Құран жаттау орталығын ашуға септігін тигізді.
Жүйткіген уақыт бір орында тұрмайды. Замана алға жылжыған са­йын талап та күшейіп, түрлі технология дами түсуде. Оған ілесу шарт. Соған сай облыс бас имамының бастамасымен бірқатар жұмыстар қолға алынғанын білеміз. Соның бірі – орталық мешіттен «Таным медиа» атауымен студия ашылып, қазіргі кезде діни контенттермен қамтамасыз етуде. Әсіресе кешегі пандемияның ушығып тұрған шағында осы әлеуметтік желілердегі ақпараттардың халыққа тиімділігін көрсетті. Індет өршігенде халықтың мешітке келе алмай, шектеулер қойылған тұста да желідегі парақшалар үздіксіз елге қызмет етіп, көпшілік қауым керекті рухани ақпараттарды сол жерден тапқаны да Болатбек Ұласқанұлының іскерлігі. Абай атамыз айтқандай, қиыннан қиыстыра білгенінің арқасы деп айта аламыз.
Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы 2019 жылы «Зират және зиярат әдебі» деген құжат қабылдап, осыған сай мәйітті шығарып салу мен қабір тұрғызу сынды біріздендіру жұмыстары жүргізілуде. Ондағы бас­ты мақсат – жалпы артық шығынға жол бермеу, бейіттерді біркелкі етіп салу, басына тек қана құлпытас орнату болса, мұндай жұмыстардың жалғасы ретінде Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы Нұр-Сұлтан қаласындағы орталықтың филиалы ретінде Қызылорда қаласынан да «Қамқор шарапат» орталығы ашылып, қызметін көрсетуде.
Болатбек Абуовтың қызметке келген уақыты әлемді жайлаған коронавирус індетінің таралуымен сәйкес келді. Ел басына іс түсіп, қоғам қиналған сын сағатта облысымыздың дін саласы да қарап қалмай, халыққа деген қам-қарекетін қылды. Жамағатты ұйыстырып, науқастарға қажетті аппараттар мен оттегі баллондарын алып берді. Облыс көлемінде мұқтаж адамдарға азық-түлік пакеттерін үлестіріп, белсенділіктерін танытты. Осыбір қысталаң кезеңде де осындай үлкен шаруаның басында бас имамның жүргені – адамгершілік тұрғыда көп нәрсені аңғартса керек.
Облыс көлемінде көптеген мешіттер тұсауын кесті. Мешіті жоқ жерлерде имандылық үйі бой көтерді. Кейбір ескі мешіттер қайта жаңғыртудан өткізілді. Одан бөлек, өткен жылы Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай аймағымызда айтулы мерекені атап өтуде жай бір аста-төк дастарқан жаюмен шектеліп емес, сауапты істермен атсалысуды алдына мұрат етіп қойды. Соның негізінде Ақай ауылындағы мешіт күрделі жөндеуден өтіп, келбеті жаңарды. Қорымдар қоршалып, игі істер жасалды. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 30 отбасыға пәтер кілті табыс­талды. 30 мың көшет отырғызылып, көркейту-көгалдандыруда іргелі істер атқарылды.
Мешіт салудың шарапатынан ауданға қарасты Алдашбай ахун ауылы да тыс қалған жоқ. Тозығы жетіп тұрған мешіт орнына еңселі де сәулетті ғимараттың қысқа мерзім ішінде ел игілігіне берілуі – көпшіліктің қуаныш сезімін туғызғаны әлі көз алдымызда.
Аудан көлеміне келетін болсақ, Болатбек қажының туған жеріне жасаған еңбегі бір төбе. Кезінде өзі алғаш рет Төретам кентіндегі сауатын ашқан, ұстаздық еткен және азаншылық еткен мешіт түскен жер құжаттандыру мәселесінде қиындық тудырғаны рас. Себебі бұл орын Ресей тарапына жалға берілген жер болатын. Десе де, облыстың бас имамының халықаралық дәрежедегі іс жүргізу тәжірибесінің ықпалымен бүгінде ол толығымен құжаттанған мешіттің қатарына еніп отыр. Халық санының өсуіне байланыс­ты Төретам кентінен тағы бір мешіттің қажеттілігі туындаса, бұл мәселе де қолға алынып, қазіргі кезде құрылысы қарқынды жүруде. Алла қаласа, алдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыстың бас имамының тағы бір қыры – қарамағындағы қызметкерлерге үнемі көңіл бөліп, олардың жағдайынан хабардар болып отыратыны. Дін қызметкерлерінің баспанамен қамтылу жағынан ауыл басшыларымен келісім­дер жүргізіп, елді мекендерде кадрларды тұрақтандыру мәселесінде нәтижелі жұмыстар атқаруда. Ақтөбе ауылында кәсіпкер ел ағаларына өтініш айта жүріп, ауыл имамын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасады. Бұйырса, Т.Көмекбаев ауылындағы имамға да осындай жағдай жасалмақ. Қызметкерлеріне қамқорлық танытып, қолынан келгенше шипажайларға жіберіп отыруды да басшы ретінде естен шығармайды. Мамандармен байланысып, олардың ахуалын көзімен көріп отыру да бас имамның үрдіске айналған жұмысы. Кабинетте емес, аудандарды аралап, үнемі іс басында жүретіні ел аузында жиі айтылады.
Жақында аудандық мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне орай бірқатар азаматтар «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін тағынды. Олардың қатарында туған жеріміздің төл перзенті, еңбегі елеулі Болатбек қажы Ұласқанұлының болуы – жерлестерінің көңілін бір марқайтып тастады. Нәзік те күрделі саналатын дін саласының облыс көлеміндегі нар жүгін арқалап жүрген ардақты азаматқа бұл лайықты берілген баға деп білеміз.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
16 желтоқсан 2021 ж. 423 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031