Ұйым бағындырған белестер
ҰЛЫ ЕСКЕНДІР ЗҰЛҚАРНАЙЫНДЫ БІЛМЕЙТІНДЕР ЖОҚ ШЫҒАР. ОЛ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН МЕМЛЕКЕТТІ ҚҰРҒАН ТҰСТА ЖАП-ЖАС ЖІГІТ БОЛҒАН ЕКЕН. ФАТИХ СҰЛТАН ДА ВИЗАНТИЯ ИМПЕРИЯСЫН НЕБӘРІ 21 ЖАСЫНДА ТІЗЕ БҮКТІРГЕН. ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫ Ж.ЕЛЕУСІЗОВ 18 ЖАСЫНДА КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ АТАҒЫН АЛҒАН ЕҢ ЖАС ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРІ ЕДІ. АЛ ҚАЗІРГІНІҢ БАТЫРЛАРЫ ҚАНДАЙ БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРЫП ЖҮР? ОСЫ САУАЛҒА ЖАУАП ІЗДЕП, АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫМЕН БАЙЛАНЫСҚАН ЕДІК.
Қазақстан егемендікке қол жеткізген уақыттан бері қоғамның қозғаушы күші – жастарға ерекше қолдау көрсетіп келеді. Елдегі жастар саясатының жүйелі жұмыс істеуі үшін жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жемісті жұмыс істеуде. Сол мемлекеттік бағдарламалардың толық орындалуын қадағалайтын және жүзеге асыратын мемлекеттік мекеменің бірі – аудандық Жастар ресурстық орталығы. Мемлекеттің қашанда жастардың жағдайын жақсарту, олардың қоғамда өз орнын табуына қолдау көрсетуі жастарға әрдайым серпін береді. Орталық – жастармен тікелей жұмыс жүргізіп, идеяларды бірге жүзеге асырады.
Мамандардың айтуынша, аудан бойынша 14-29 жас аралығындағы жастар саны 12 121-ді құрайды. NEET санатындағы жастарды анықтау үшін сала мамандары, кент және ауылдық округі жастар ісі жөніндегі мамандармен бірлесіп жастар арасында сауалнама жүргізіп отырады. Қоғамдық пікірді саралау нәтижесі көрсеткендей, аудан жастарының бүгінгі өмір сүруіне қанағаттану көрсеткіші жоғарылады. Десе де жастарды толғандыратын өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздық әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді. Мәселен, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 257 жұмыссыз жас анықталыпты. Жастарды NEET санатынан шығару үшін оларды қоғамдық жұмыстарға тарту секілді іс-шараларға қатыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 486 аудан жастары жұмыссыздар тіркеуіне алынып, оның ішінде 186 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 7 адам жұмысқа жолданып, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жастар тәжірибесіне 65 адам жолданып, 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Қоғамдық жұмысқа 148 жас жолданған.
Жастар арасында қылмыстылық пен құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары да жүргізіліп келеді. Мәселен, жыл басынан бері арнайы сала мамандарын тарта отырып 30 кездесу өткізілген. Ол 300-ге жуық жасөспірімді қамтыса, 17 рет түнгі рейд жүргізіліпті. Айта кеткен жөн, маусымдық жұмыспен қамтуда «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ауданда 110 жас жұмыспен қамтылған.
– Қаңтарда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 игі іс» жобасы аясында «Кел, шәй ішейік!» акциясын өткіздік. Еріктілер мен жастар қыс мезгілінде ауданды қардан тазартып жұмыс жасап жатқан тұрғындарға ыстық шәй мен бауырсақтар үлестірді. Ақпанда «Jastar live» жобасы бастау алды. Жоба аясында «Суицидтің өршуі – қоғамға келген қатер», «Дін және жастар», «Иман айнасы», «Jas otbasy» атты ашық диалог алаңдары өтті. Жастар арасындағы киберспортты дамыту мақсатында киберспорттан турнир өткізілді. Онда 15-ке жуық жас қамтылды. Жастар ойын приставкасы арқылы футбол ойынын өткізді. Жеңімпаз атанғандар дипломдар мен қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Жастардың бойында жалқаулық пен масылдық – алға жылжымаудың осал тұсы. Жігерсіз жас жоқ, тек білімділікті арттыру қажет, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Сырым Әділбеков.
Жастар үйінде осы кезге дейін әртүрлі бағытта – 352 іс-шара атқарылған екен. Оған 8 246 жас қатысқан. Қуантарлығы сол, волонтерлық қызмет және қайырымдылық іс-шаралары бойынша 83 жас алдыңғы шептен көрініпті.
Туған елін батыр бабаларымыз «білектің күшімен, найзаның ұшымен» сақтап қалған қазіргі тәуелсіз елдің әрі қарай дамуы үшін жастардың нық қадамға бара алатынына біз де сенім білдірдік.
Айнұр ӘЛИ