» » Талабы талайға үлгі

Талабы талайға үлгі

ӘР АДАМНЫҢ ӨМІРІ ТҮРЛІ БАҒЫТТА ӨРБИТІНІ РАС. ТАҒДЫР АТТЫ ТЫЛСЫМҒА БАҒЫНЫП, КҮЙБЕҢ ТІРШІЛІККЕ ДЕ КӨНЕМІЗ. ДЕГЕНМЕН ӨМІР ҚАНДАЙ СОҚҚЫ ДАЙЫНДАСА ДА ҚАЙМЫҚПАЙ ҚАРСЫ АЛЫП, ӨМІР ЖОЛЫН ӨРНЕККЕ ТОЛТЫРЫП ЖҮРГЕН ЖАНДАР ДА ЖЕТЕРЛІК. ОЛАРДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҒЫ, МАҚСАТҚА ЖЕТУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖІГЕРЛІГІ ТАЛАЙ ЖАНДЫ ТАҢҚАЛДЫРАРЫ АНЫҚ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – БАЙҚОҢЫРЛЫҚ ЖАЛҒАС ӘБДІБАЕВ.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы осы өлкенің тумасы. Отбасындағы үш перзенттің үлкені. Байқоңыр қала­сындағы №275 мектептен білім алып, кейіннен бағдарламашы мамандығын меңгерген.
Алғашқы еңбек жолын «Евразия» сауда орталығында бастаса, қазір Төретам кентінде «Алмас» сауда үйінде тұтынушыларға түрлі компьютерлік қызмет ұсынады. Суретке түсіру, көшірме жасау, ламинаттау, тігіндеу секілді біршама жұмысты өзі еш қиындықсыз атқара береді. Қоларбада отырғанына қарамастан кәсіпкер атанып, қатарластарына үлгі болып жүрген Жалғастан жастардың үйренері мол.
«Әрбір қиындықтың соңында бір мүмкіндік туады» деген сөз бекер айтылмаса керек. Тағдырдың қатал сынына ұшыраса да, жігерлі Жалғас бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Жеке кәсіптің берер мүмкіндігі мол екенін жете түсінген ол «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына қа­тысып, бақ сынайды. Нәтижесінде бағдарламаның гранттық қолдау шең­берінде жаңашыл бизнес идеялар конкурсының жеңімпазы атанады.
– Жеңімпаз атанған соң, 2 млн 200 мың теңгеге 10 дана мүгедектер арбасын сатып алдым. Мұндағы мақсатым – тағдыр тауқыметіне ұшыраған жандарға осы арбаны жалға беру. Әрбір адамға бұл арбаны сатып алу оңай емес. Өзім де қоларбада отырғандықтан, мұны жақсы түсінемін. Негізі бұл жұмыспен айналысып жүргеніме біршама уақыт болды. Бұған дейін өзімде 10 арба болатын. Енді тағы оны қосылып, жиырма болды. Менің қызметіме Арал, Қазалы өңірінен Қызылорда қаласына дейінгі аймақтағы адамдар жүгінеді. Арбаны бір айға жалға алу құны – 20000 теңге, ал алты айға немесе бір жылға алып жатса 10000 теңгеге де беремін. Себебі, мен оны мемлекеттің қолдауы арқылы тегін алдым. Сондықтан өзгелерге де пайдалы болсын деймін. Әрбір жанның тағдыры әр қилы ғой. Біреу жол апатына түсіп арбаға мұқтаж болса, енді бірі инсульттен кейін жүре алмай қалып жатады. Көп жағдайда түсіністік танытуға тырысамын. Арбаны алғаш қолданған адам, тілін түсінбегендіктен бұзып алып жатады. Ондайда бір күн ішінде өзім жеделдетіп жөндеп беремін. Арбаларды жөндеуге қажетті бөлшектер мен құрал-саймандарды да грант есебінен алғанмын. Осындайда көңілі жарым адамдар қуанып, алғысын білдіреді. Өзгеге қуаныш сыйлаудан артық қандай бақыт бар, – дейді Жалғас Әмірұлы.
Иә, бірінші орынға пайда табуды емес, өзгеге пайдалы болуды мақсат еткен ол бүгінде көптің алғысын арқалауда. Мүгедектік адамның еңбек ету мүмкіндігін шектемейтініне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Ешкімге алақан жаймай, тірлігін дөңгелеткен кәсіпкер өзіне қолдау білдірген жандарды әсте есінен шығармайды. Осы орайда оның жастарға айтары да бар.
– Әуелі Алланың, екінші ата-ана­мның қолдауының, үшіншіден мемлекеттік бағдарламалардың көме­гінің арқасында осы жетістіктерге жетіп отырмын. Қазіргі таңда алға қарай талпынғанға үкімет тарапынан көмек те, қолдау да көп. Тек оны дұрыс жолмен, уақытында пайдалана білсе болғаны. Қажет кезде қол ұшын соза білгені үшін кәсіпкерлік ұйымдарына, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұжымына алғысым шексіз. Адам қай жаста болмасын, оқу оқып, ізденіп, тыным таппай еңбектенсең ғана кез келген қиындықты жеңесің. Ең бастысы – біреудің ала жібін аттамай, адал жолмен жүрсең, жасаған ісің берекелі болмақ, – дейді жас кәсіпкер.
Егемен елдің игілігін көріп, бола­шағына жарқын жол аша білген Жалғас тәуелсіздіктің қадірін білетін­дердің қатарында. Өркениетті елде ғана осындай мүмкіндіктер болатынын ба­ғамдап та үлгерген. Тәуелсіздіктің төл құрдасының алға қойған мақсаты ай­қын, жоспары көп.
– Тәуелсіздік – біздің басты құн­дылығымыз. Егемен ел болуды ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған еді. Біз бүгінде аталар арманының орын­далған уақытымен тұспа-тұс ғұмыр кешудеміз. Қазір болашағымызға се­ні­м­мен қарай алатын, зайырлы, өр­кениетті, индустриялық жаңғыру жолында жоғары қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, келешегіміздің кемел болуы үшін әрбіріміз үлес қосуымыз керек. Себебі бейбіт елде өмір сүру – адамзаттың бәріне бұйырмаған бақ, – дейді жігерлі жан.
Бір емес, екі кәсіптің көкжиегін кеңейтіп отырған Жалғастың бойында қарапайымдылық та, кішіпейілділік те бар. Заман талабына сай технологияны да толық меңгерген. Өмір өкіндірген жандарға жылу сыйлап та жүр. Ерік-жігері мықты жалынды жас Жалғас бүгінде мүмкіндіктің шексіз екенінің айқын дәлелі.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

04 желтоқсан 2021 ж. 970 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031