Шәкіртіне анасындай болған ұстаз
Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы, ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашан да айқын: ол – мазмұны бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп, ол – ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты, тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан қалауы. Осындай ізгілікті жан әрқайсымыздың көңіл түкпірімізден ерекше орын алатыны да сондықтан болар. Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз!
Иә, ең алғаш мектеп табалдырығын аттағаным, алғашқы мектеп партасы, ұстазыммен танысқаным, алғашқы оқулығым «Әліппені» қолыма ұстағаныма жарты ғасыр өтсе де күні бүгінгідей жадымда сақтаулы. Сол күнгі қуанышым, жандүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған ұстазымның бейнесі, тіпті сүйікті Әліппемізді парақтағандағы оның сиясы кеппеген жап-жаңа иісі, жаңадан сырланған мектеп партасы жаңа өмірге басқан қадамымның жаршысындай санамды жаңғыртады.
Білім нәрімен сусындатқан ұлы көште ұстаздық еңбегімен еленіп, талай шәкірттерді тәрбиелеп, қанат қақтырған менің алғашқы ұстазым Рәзия апай маған ұстаздықтың символындай көрінеді де тұрады. Оның киім киісі, шаш үлгісі, нәзіктігіне дейін әліппенің сыртқы мұқабасында бейнеленген мұғалім апайдан аумайтын!
Күн сәулесіндей жүзінен мейірім шуағын шашып тұрған, білгенін балаға үйретуге асық, шәкірттерін тек биіктерден көргісі келетін және осы жолда талмай еңбек етуге бел буған жас маман Рәзия Ерлепесованың біз жетекшілік еткен алғашқы класы болдық. Класқа сайдың тасындай сүп-сүйкімді отыз шақты бала жиналыппыз. Апай алғашқы күннен бізді тазалыққа үйретті. Әлі есімде, мені тазалық секторы етіп сайлап қойған күннен бастап, мен сабаққа таң атпастан барып алатынмын да, есік алдында тұрып сыныптастарымның тазалығын тексеріп кіргізетінмін. Тырнағы өскен, шашы көптен алынбаған балалар есік аузынан қайтатын! Осындай талаптың, әрі апайымыздың сол кездегі бірыңғай мектеп формасынан бөлек бәрімізге бірдей шибархыттан пиджак тіккіздіріп бергенінің арқасында класқа кірген кез келген оқытушы біздерге қызыға да қызғана қарайтын. Сол шибархыт пиджагымыздың жылуын әлі күнге ұмытқан жоқпыз. Ал класс бөлмесін безендіруде де апайымыз алдына жан салмайтын. Өз қолымен ойған қазақы оюлардан трафарет жасап біздерге қабырғаны сырлататын. Кез-келген жұмысына шығармашылықпен қарайтын сол кездің креативті мұғалімі Рәзия апайымыз бізді сабақты жақсы оқумен қатар, еңбекке де баули білді. Біздің класта «Ленин партасы» деген болды. Ол қып-қызыл қыжым жапқышы бар ерекше парта болатын, оған тек үздік оқушылар ғана отыратын, «төрт» алған бала сол күні ол партадан түсіп қалатын. Апайдың дәптер тексергені де ерекше еді.
Оқуды тиімді бағалау білім беру үдерісіндегі бүгінгі таңдағы жаңа тәсіл – «Инсерт» әдісін біздің апайымыз сол кезде-ақ бастап кеткен бе, дерсіз! Бүгінде бағалау оқыту барысында ілгерілеу қадамдарын айқындау мен қолдау көрсету үшін қажет екені айқындалып отыр. Оқушыны оқыту үшін бағалау тәсілі – формативті бағалаудың түрлерін («Екі жұлдыз, бір тілек», «Бағдаршам», «Қолмен белгі», «Геометриялық фигуралар», «Смайлик») сабақ барысында тиімді қолданылуда. Ендеше біздің ұстазымыз бұл әдісті жарты ғасыр бұрын-ақ қолданған екен! Иә, үй жұмысы тексерілген дәптерді тарататын кездегі көңіл-күйіміз тіпті ерекше еді-ау! Апай тексерілген дәптерлерді бөліп-бөліп тарататын. Бұрышында қызыл бархыт қағаздан бесжұлдыз қыстырылған дәптер бес алғандардыкі, кейде ол екі бесжұлдызбен келетін, ал жалауша қыстырылғандар төрттіктер болатын. Жұлдызша, әсіресе, екі жұлдызша алған күні үйімізге жеткенше асығатынбыз. Апайдың жазуы да тура әліппедегі жазба үлгісіндей, әріптері маржандай. Бәріміз солай жазуға тырысатынбыз... Бәріміз де жақсы оқитынбыз.
Рәзия апай менің анамнан кейінгі ең жақыным болды. Бірінші сыныпты ерекше ықыласпен бастаған белсенділігіме тіл-көз тиді ме, келесі жылы маған дәрігерлер диагнозымды қоя алмаған дерт жабысты. Медицинадан қайран болмағасын ата-анам мені қазақы емге апарды, емші болса мені төсектен тұрғызбай айлап ем-шарасын жүргізді. Сабақ жайына қалды. Тек анамдай қамқор болған Рәзия апайым маған үйден сабақ беру мәселесін оң шешіп, жарты жыл бойы үйге келіп, дәріс беріп жүрді. Менде қазақы ем болғандықтан денсаулығымның жарамсыздығы туралы арнайы құжат та болған жоқ көрінеді, сондықтан жұмысынан тыс кезде жеке уақытын қиып оқушысын қатарынан қалдырмаған не деген үлкен жүрек десеңізші! Арасында класс болып келіп менің көңілімді сұрап, ойындар өткізіп кетеді, балалар сыйлық әкеп береді.
Сыйлық демекші, біздің апай туған күндерімізді құр жібермейтін. Бірде сәуір айында туған балалардың туған күндерін біріктіріп, бір күнде атап өтетін болдық. Іс-шарада ән айтып, би билеу, жұмбақ жасырып, түрлі ойындар ойнату қарастырылған. Соңынан әркім өз қал-қадірінше туған күн иелеріне сыйлық тапсыруға болатыны ескертілді. Сол күні мен туған күн иелерінің бәріне бірдей сыйлық тапсырдым. Менің түйсігім солай шешті, басқа нұсқаларды қарастырмаппын да! Сондағы апайымның қуанғанын көрсеңіз, ата-аналар жиналысында да мені мақтапты, өзінің жақын құрбысын да бөле жармағаны мені қуантты деген көрінеді. Басқалар болса өзі бергісі келгендерге ғана сыйлық беріпті. Ол кезде біз 7-8 жастамыз.
Бүгінгі таңда ғалымдар жүргізген тәжірибе көрсеткеніндей, барлық пәндегі білім мазмұнында оқушының шығармашылық қабілеттерінің дамуы басты нысана болып алынуымен байланысты болып отыр. Оқулықтарда берілген тапсырмалардан басқа өздігінен бақылау жүргізу, қарапайым тәжірибе, эксперимент қою, мәтін, сызба, сурет, диаграммамен жұмыс істеу, жекеден жалпыны шығару, жалпыны жекелей қолдану сияқты оқушыны іскерлікке, дербестікке баулитын, ойына түрткі болып, шығармашылыққа жетелейтін, өздігінен ізденіске салатын, айналадағы дүниемен қарым-қатынасқа түсіретін, «жаңалық ашып», оның нәтижесінің «қызығына» бөлейтін әдіс-тәсілдер мен мазмұндық ойындар, қызықты тапсырмалар беру Рәзия апайдың тұрақты түрде ұстанған негізгі кредосы болды. Рәзия апайдың алғашқы шәкірттерінің өзі бүгінде алпысты алқымдады. Бірақ ұстазының алдында әлі де өзін шәкірт сезінетін қаншама жан жарты ғасырлық өмірін бала оқытуға арнаған ұлағатты ұстазынан үйренгендерін бір сәт те ұмытпақ емес. Л.Толстой: «Іске деген сүйіспеншілігі бар мұғалім жақсы мұғалім болады. Егер мұғалім шәкіртін әкесіндей, шешесіндей сүйетін болса, ол барлық кітаптарды оқыған, бірақ іске де, шәкірттеріне де сүйіспеншілігі жоқ мұғалімнен тәуір болмақ. Егер мұғалім өз бойында іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз» деген емес пе! Ендеше, әр шәкіртіне анасындай болған менің Рәзия апайым нағыз кемел ұстаз.
Ш.БИТЕН,
журналист
журналист