«Кальмар ойынының» құдіреті қандай?
БІРДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ «ИГРА В КАЛЬМАРА» СЕРИАЛЫНЫҢ ТРЕЙЛЕРІН КӨЗІМ ШАЛДЫ. ЖАСЫРМАЙМЫН, ЖАРНАМАСЫ КӨЗГЕ ҰРДЫ. ШЫҚҚАНЫН КҮТІП, ҒАЛАМТОРДА ПАЙДА БОЛҒАНЫНАН БАСТАП БАРЛЫҚ СЕРИАЛЫН БІР ДЕММЕН КӨРІП ШЫҚТЫМ. ТІПТІ БІР КҮНДЕ КӨЗ МАЙЫМДЫ ТАУЫСЫП, ҮЗІЛІССІЗ АЯҚТАДЫМ. БІРАҚ ОНЫҢ ӘЛЕМДІ ЖАЙЛАП, БАЛАЛАРҒА ҚАУІП ТӨНДІРЕТІНІН КЕШ ҰҚТЫМ...
Оңтүстіккореялық «Кальмар ойыны» (Squid game) сериалының Netflix-тегі қаралымы 90-ға жуық елде көш бастап тұр. Қаралым бойынша бұған дейін әлемде хит болған «Бриджертоны» және «Ведьмак» сериалдарын да басып озған. Жоба АҚШ-тағы ең танымал 18 шоудың тізіміне кіріп, Metacritic, Rotten Tomatoes және IMDb порталдарында жақсы баға алған. Оңтүстік Кореяның Netflix-те хит болған алғашқы шоуы туралы қандай ақпарат белгілі?
«Кальмар ойыны» сериалының сценарийі 2008 жылы басталып, 2009 жылы жазылып біткен. Сол кезде сценаристің өзінің де қаржы жағдайы қиын болған. Алғашқы екі эпизодты жазуға алты айға жуық уақыт кеткен. Режиссер Хван Дон Хектің The Korea Times газетіне берген сұқбатында бастапқыда фильмнің мазмұны адамдарға таңсық және қатал көрінгендіктен оған ешкім қызықпаған екен. «12 жылдан кейін дәл осы қатыгез сценарийді қоғам қабылдай алатын жағдайға жетті» дейді ол. 10 жыл ішінде Netflix-ке дейін ешкім оны қаржыландыруға ниет білдірмеген. «Кальмар ойыны» бастапқыда фильм болуы керек болған және атауы басында «Алты» деп аталған. Шоуға 456 адам қатысқан, бәрі шынайы кейіпкерлер және массовка пайдаланбаған, ешқандай компьютер графикасы қолданылмаған. Ондағы реквизит, декорацияның бәрі дәл сол қалпында қойылғаны. Тағы бір дерек – бірінші эпизодтағы қорқынышты, алып қуыршақ музейде сақталған. Музей Сеулдің солтүстігінде шамамен үш сағаттық жерде орналасқан Жинчхон округінде орналасқан. Қуыршақты түсірілім тобы жалға алған. Сериалдағы кейіпкерлердің бірі – модель Хо Ен Чон. Ол «Кальмар ойынында» алғаш рет актерлық қырынан танылып, Instagram-дағы жазылушы саны 10 күнде 11 миллионға жеткен. Қазір 16,1 млн жазылушысы бар. Сериал қалай өрбиді, жұрт неге сонша қызығып, барлық әлемжеліде вирусқа айналды?
Сериал желісі қарызға батып, қиындыққа тап болған адамдар туралы. Сюжет бойынша олар тірі қалуы үшін аралға жиналып, балалар ойынын ойнайды, соңында жеңген адам 40 млн долларға ие болады. Күз айында ауыздан түспеген дорама 9 сериядан тұрады. Басты нысаны – берілген тапсырманы орындау арқылы қомақты қаржыны жеңіп алу. Ал жеңімпаз біреу ғана.
Фильмдегі 9 серия 9 тапсырмадан тұрады. Қарызға белшесінен батқан 456 адам бақ сынасады. Финалға дейін 3 қатысушы аман қалып, «кальмар ойынына» қатысады. Тапсырма барысында қатысушылар «азайған» сайын, құтыдағы ақша көбейіп отырады. Мұны білген қатысушылар жауыздыққа дейін барды. Соңында Ки Хун есімді кейіпкер жеңіске жетіп, қалыпты өмірге оралады. Бірақ үйіне барса, анасының қайтыс болғанын біледі. Өмірін ойынға тіккен ол қатігездікпен қол жеткізген ақшасына мүлде тиіспейді. Ал бақандай 455 адам ажал құшты. Бәрінің де арманы ақша болатын. Жеңіл жолмен келген ақшаның құны жоғы – фильмнің түйіні. Бірақ фильм соңы нағыз «апгрейд». Өйткені ойын жеңімпазы сырт жаққа ұшқалы тұрғанында кейін қайтпақшы болады. Оның көз жанарынан-ақ ойынның бітпегенін, қайта «шаршы алаңға» барып барлығын басынан бастайтынын аңғаруға болады. Демек сериалда жаңа өзгеріс болады деген болжам бар.
Айтпақшы, сериалда ойынға неге 456 ойыншы қатысады. Ондайда неге бірден 460 не 500 емес деген сұрақ туындайды. Алдымен, нумерологияда 456 нөмірі қаржы саласына қатысты болып шықты. Төрт – бақытқа жетудің оңай жолын іздеу. Ал бестік ескертуді білдіреді. 4 пен 5-тің комбинациясы жақын арада өмірді түбегейлі өзгертетінін болжайды. Бес пен алты тез арада отбасын құру яки некені сақтап қалуды міндеттейді. Басты кейіпкердің де өмірі сол, қаржының жоқтығынан, қарыздың көптігінен әйелімен ажырасып, қызын көріп, қыдыртуы мұң еді.
Бірде бір танысымның қызы сурет салып отыр екен. Жақындап барып қарап едім, дөңгелек, төртбұрыш пен үшбұрышты бірінен соң бірін бейнелепті. Жүрегім зырқ етті. Өйткені 4 жастағы баланың сериалды көрмейтіні анық. Бірақ әлгі ютубтағы видеолардың біразы осы сериалдың желісімен өзгеріп отыр. Балалар каналы, мультфильмдер, тіпті TikTok-та осы сериалмен уланды. Пішіндер демекші, сериалдағы геометриялық таңбалардың да психологиялық мағынасы бар екен. Психологтардың айтуынша, үшбұрыш – жігерлі, қайратты тұлғалар. Олар үшін көпшіліктің назарында болу, үнемі біреуден жоғары тұру маңызды. Ал төртбұрыш салқынқандылығымен мақтана алады. Табиғатынан ережеге бағынышты консерваторлар. Жанжалдан аулақ. Нақты ұстанымы жоқ әрі үнемі тікелей сұрақтардан қашуға тырысатындар. Сериалда сол, басшылыққа қызмет етіп, ойыншыларды жайратып салатындардың маңдайында осы пішіндер бейнеленген. Ал ойынға шақыру билетінде дәл осы үш пішінді аңғаруға болады.
Психологтар фильмнің қоғам һәм балалар үшін қауіптілігін айтып дабыл қағуда. Қаққанмен не пайда? Күннен-күнге осы сериалды қараушылар саны көбеймесе, азаймай тұр. Жұртты баурап алған дораманың құдіреті де сол, қарызданған қоғамды сипаттауы. Тіпті ақша үшін адам жанын қиып, бір-бірін өлтіретін сериалда «алтын көрсе, періште жолдан таятынын» көрсеткендей.
Қош. Кино киносымен. Бірақ бала санасын улайтын мұндай жауыздық нағыз табыс көзі болса да, болашақ ұрпақ үшін қасірет екенін естен шығармаған абзал. Мамандар мұндай қатыгездікке толы кино, сериалдар адам психикасына әсер етпей қоймайды дейді. Сондықтан қазірден бастап оған тосқауыл қою керек деп дабыл қағуда. Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова фильмде шектеу барын және ол 18 жастан асқан көрермендерге ғана арналғанын еске салды. Мектептегі тәрбиелік шаралар аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйретуді, сериалға қатысты шектеулерге назар аударуды қатаң тапсырды. Дегенмен, YouTube-ты жаулаған вирус сериалдың видеоларына шектеу болмай тұр. Бала оны ашып көрген сайын, сұрау бойынша ұқсас видеолар бірінен соң бірі айналып шыға береді. Не істемек керек?
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ