Депутат міндеті – халық үніне құлақ асу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауын жариялағаны баршаға мәлім. Осы жолдауда Президент ең әуелі Тәуелсіздігіміз біздің ең басты қастерлі құндылығымыз дей келе «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда» деп ерекше атап көрсетеді.
Осы орайда өңір депутаттары халықтың игілігі жолында жұмыс істеп келеді. Қоғамдық қабылдауларда халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, шешімін таппаған мәселелерге қал-қадірінше көмектесіп те жатқан жайы бар.
Осындай халық қалаулысының бірі – Шолпан Дәуленбаева. Ол қоғамның өзекті мәселелерін шешуде алдыңғы қатардан көрініп жүрген белсенді депутат. Көптің арасынан депутат болып сайланғаннан кейін сол өңірдің тыныс-тіршілігімен етене танысып, хабардар болумен қатар, сол өлкенің түйінді мәселелерін халықпен бірлесе отырып талқылап, оны жоғары жаққа жеткізу – әрбір халық қалаулысының мақсаты мен міндеті. Бұл ретте өңірдің дамуына септігін тигізіп жүрген жас өзіне жүктелген міндетті бар ынтасымен атқарып келеді. Депутат болып сайланғаннан бері тиісті орындарға сауалдар жолдап, халық үніне құлақ асқан Шолпан Әнуарқызы аудандық мәслихат депутаттары ішінде рейтингі жағынан бірқатар алда тұр десек қателеспейміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын басшылыққа ала отырып, депутаттық қызметін бастаған Шолпан Әнуарқызы Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде туындаған көптеген мәселені сайлаушылары тарапынан тыңдап, халық үніне құлақ асуы – жас депутаттың елге жанашырлығын көрсетсе керек.
Халық қалаулысы болып сайланғаннан бері ол өңірдегі өзекті деген проблемаларға ыждағатпен қарап, олардың шешілу жолын қарастыруда. Тиісті мекемелерге сауал жолдап, анық-қанығына көзі жеткенше дамыл таппауды әдетке айналдырған.
Олардың бірқатарына тоқталып өтсек, Ақай ауылдық округі мен Төретам кентіндегі электр энергиясын таратуға арналған құрылғылардың (трансформатор) орнатылуының заңдылыққа сай келмейтіні туралы тиісті орындарға жеткізіп, нәтижесінде көшедегі трансформаторлар қоршалып, депутат жұмысы өз жемісін берді. Сондай-ақ Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіне қатынайтын автобустардың жүру уақытын халыққа қолайлы етіп сағат 20.00-ге дейін қатынатуға жолдаған жұмысы да нәтижесін бере бастады.
Депутаттың әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, сайлаушыларының мазалаған сұрақтарына дер кезінде жауап беруі, тікелей халықпен қабылдаулар өткізуі де өңірдегі сайлаушыларына бей-жай қарамайтындығын байқатады.
Байқоңыр өңірінен сайланған аудандық мәслихат депутаты Шолпан Дәуленбаеваның ілкімді істері әлеуметтік желіде тұрақты жарияланып тұрады. Көпбалалы отбасы балаларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созуы, тыл ардагерлерімен, алтын құрсақты аналарымызбен кездесуі – көңіл көншітеді. «Халық – құдайдың бір аты» демекші, халық сайлағаннан кейін оның сөзін тыңдап, жан-айқайына құлақ түру – өз міндетін, абыройын ойлаған саналы адамның қарекеті деп білеміз.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА