Жастармен жұмыс жүйелі
«Төретам жастары» жастар қоғамдық бірлестігі 2015-2021 жылдар аралығында ауданымыздың жастар саясатын жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс істеп келеді. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және кәсіпкерлікті дамытуды жүзеге асыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру жобасы бойынша жеңімпаз болып, бірлестіктің түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізгеніне куәміз. Жастардың жетекшісі Гүлжазира Маханованың айтуынша, осы жылдың өзінде 35-ке жуық кездесу, 3 онлайн іс-шара, 5 рет рейд жұмыстары, 13 кеңес беру, 2 байқау, 14 рет ардагердің үйіне адрестік көмек көрсету, 10 спорттық сайыс пен үнпарақтар тарату, 2 дебат, 5 рет пробациямен бірлескен басқосулар өткізілген.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Табысты бол» тақырыбында кәсіпкерлік бағдарламаларды насихаттау мақсатында Жосалы және Төретам кенті, Т.Көмекбаев, Қуандария, Алдашбай ахун, Тұрмағамбет, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Жаңажол, Иіркөл, Төребай би, Қармақшы, Ақай ауылдық округінің жастарын қатыстыра отырып, ZOOM платформасы арқылы онлайн кездесу өткен. Кездесуге аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің өкілдері, белсенді жастар қатысқан. Жастар сыбайлас жемқорлық туралы пікірлерін ортаға салып, өз ойларын жеткізсе, оған қоса жастар саясатында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы да хабарлама талқыланған.
Құқықбұзушылықтың алдын алуда «Құқық бұзу індет – оны жою міндет», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында кездесулер ұйымдастырылса, оған жас мамандар, ауылдық округтің жұмыссыз жастары және 9-11 сынып оқушылары қатысқан. Оларға аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ө.Бижанов, «Ұлт бірлігі – Қармақшы» ҚБ төрағасы Ш.Құндақбаев, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны А.Касимова және «Төретам жастары» ЖҚБ төрайымы Г.Маханова, аудандық Жастар денсаулық орталығының психологі Ә.Кетебаева және Қызылорда облысы дін істер басқармасының аудан бойынша теологі Ж.Ысқақов түсіндірме жасаған. Кездесуде тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасындағы құндылықтар жөнінде әңгімелер қозғалып, жастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалған. Дәл осындай кездесулер 12 ауылдық округтің жастарымен де өткізілген.
– «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры» тақырыбында аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде тоғызқұмалақтан, түрлі спорттық жарыстар пробация есебінде тұрған жастармен өтті. «Төретам Жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауданның тұрмысы төмен, жалғызбасты қарттардың үйіне жас волонтерлармен адрестік көмек көрсеттік. Жалпы аудан жастары белсенді. Қандай да болсын жақсы істердің жаршысы болып жүреді. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Аудан жастарына жағдай жасау, олардың қоғам үшін маңызды деген іс-әрекеттерін қолдау – аудан басшылығының назарынан тыс қалған емес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастыратын жұмыстарымыз әлі алда. Жастармен жұмыс істеу қызық әрі құлшынысты арттырады, – дейді «Төретам жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Бекетқызы.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ