Микрожасылды жылыжай
ЖЫЛЫЖАЙДЫ БІЛЕМІЗ. АЛ СОҢҒЫ ЕУРОПАЛЫҚ ТРЕНДТЕРДІҢ БІРІ – МИКРОЖАСЫЛ ӨСІРУДІ ЕСТІДІК ПЕ? БҰЛ КӘСІППЕН ІРІ ӨНДІРУШІЛЕР ДЕ, ШАҒЫН ФЕРМАЛАР ДА АЙНАЛЫСА АЛАДЫ. БІРАҚ КӨПТІҢ ОЙЫНА КЕЛЕ БЕРМЕЙТІН ДҮНИЕ. ОЛАЙ ДЕЙТІНІМІЗ, АЙМАҚТА МҰНДАЙ ІСТІ КӘСІП ҚЫЛЫП ОТЫРҒАН ЖАНДАР САНАУЛЫ ДЕСЕК, МИКРОЖАСЫЛ ЖАЙЫНДА ЕЛДЕГІ ДЕРЕК ТЕ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ.
Небәрі аз уақытта өсіп-өнетін түрлі шөп өсіруді қолға алған – ақайлық Ерлан Жаппасбаев бұл жолы да ерекше кәсібімен таң қалдырды. Кәсіпкермен жыл он екі ай жем-шөптен қиналмай шығуға болады. Гидропоникалық қондырғыда өсірілетін жасыл шөп. Шөп болғанда да салатқа арналған шөптер. Жалпы гидропоника дегеніміз – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды қоректендіргіш ортада өсіру. Бұны ғарыштық технология десек те болады. Яки, индустрия саласындағы инновациялық тың жобалардың бірі.
– Микрожасыл (микрозелень) – бұл құрамында қоректік заттардың рекордтық саны бар, жеуге пайдалы өсімдіктердің жас өскіні. Қазір салат лолло роса, айсберг, изумруд өсіріп жатырмын. Жалпы 50 күн өседі. Жылына толық 8 мәрте өнім аласың. Бір түбі 300 теңгеден сатылып жатыр. Кішкентай 18 квадраттық теплицаның ішінде орналасқан. Онда 2000 түп шықпақ. Осының өзінде 750 түп өсіп тұр. 1200-ге орын дайындаймыз. Енді 2000 түпті 300-ге көбейте беріңіз. Алдағы уақытта жылыжайдың көлемін әлдеқайда ұлғайтпақпын, – дейді жеке кәсіпкер.
Жасыл қорек топырақсыз өседі. Бұған ешқандай қоспа қосылмайды, яғни, экологиялық таза. Кәсіпкердің технологиясы бойынша мұнда салаттың түр-түрін өсіре алады. Көбіне сұраныс мейрамханалардан түседі. Бір қызығы мұнда адам жұмыс істемейді. Барлығы автоматикада. Күн сәулесінен жылу, жарық алады. Ешқандай тоқ көзін қолданбайды. Ал кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта кезекті жобасын балық шаруашылығымен байланыстырмақ.
Айнұр ӘЛИ