» » Тазалыққа баулысақ...

Тазалыққа баулысақ...


БІРНЕШЕ АПТАДАН БЕРІ МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БІР КІСІДЕЙ АТСАЛЫСЫП, СЕНБІЛІККЕ ШЫҒЫП ЖҮР. ЖӨН-АҚ, АУДАННЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ОНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫНАН БАЙҚАЛАДЫ. ДЕГЕНМЕН БҮГІН ҒАНА ТАЗАЛАП, ҚОҚЫСЫН ЖИНАП КЕТКЕН КӨШЕДЕ КЕЛЕСІ АПТА ТАҒЫ БІР ҚОҚЫСТЫҢ МҮЙІШІ ШЫҒЫП ТҰРАДЫ. ШАШАТЫН ТҰРҒЫН, ЖИНАЙТЫН КІМ?
Осы күнге дейін «үйіңіздің айналасын таза ұстаңыз» деп жар салып жүргенімізге біршама жыл болды. Жауыр болған тақырыптан ауытқып, бұ жолы бағытты балаларға ауайық. Өткен сенбі редакция ұжымы Көбеев пен Әлібай ахун көшесіне сенбілікке шықтық. Әдеттегіше құлағыма құлаққап тағып, қолыма қолғап киіп, қабымды алып көше бойын аралай бас­тадым. «Апыр-ау, алдында ғана жинап кетіп едік, не үшін тастай береді» деп іштей ашынып келемін. Арық бойы толған бөтелке, шөлмек, бос құтылар. Мұндайда бетке таққан маскаң көмекке келеді. Бірақ оның да «құдіреті» қашып, өткір иіс өңменіңе кеп тіреледі. Әуен ырғағымен тербеле келе жатқанда бір дауыс еміс-еміс естілгендей көрінді. Құлаққапты шешіп, айналама қарасам, 4-5 жас шамасындағы кішкентай қыз «тәтелеп» ізімнен жүгіріп келе жатыр. Екі қолында бөтелке.
– Тәте, тәте, қабыңызға салайын? – деді ол сұраулы жүзбен.
– Әрине, ой жарайсың! – дей бергенім сол еді мына жақтан тағы бір бала қолына жиып ұстаған қоқысын әкеліп, қабыма салып жатты. Есік алдында ойнап жүрген жерінен мені көрсе керек. Бірінен соң бірі жүгіре келген көше балалары бір қызықтап, бір мақтанып жердегі қоқысты жинап жатты, жинап жатты. Қуанғанымыз да сол, кішкентай балақайлардың ойынның соңынан кетпей, тазалыққа атсалысқаны. Қош. Бұдан не түйдік?
Бала айтқанды емес, көргенін іс­тейді. Бұл соның дәлелі демей немене? Ал әр ата-ана өз ауласын өзі тазалап, өзінен кейінгіге үлгі болса, балалары соның істеген ісін қайталайды. Табиғат, Жер Ананы қалай қастерлеу қажет екенін бойына сіңіргенде ғана жас шыбық соған иіле өседі. Иә, мамандардың да айтатыны осы.
– Әрбір ата-ана өзінің баласының жақсы азамат болып өскенін қалайды. Балаға жақсы тәрбие берудің ең оңай әрі тиімді жолы – өзіңізді үлгілі ұстау. Бала үлкендерден көргенін істейді. Барлығын өзіңізден бастаңыз. Баланы тәртіпке, тазалыққа үйрету жолында жинау жұмысын жаза ретінде қолданбауыңызға кеңес береміз. Бала бұл процесті жаза ретінде қабылдайтын болса, ол іске деген көзқарасы нашар болып қалыптасады. Мұндай жағдайда баланың санасынан ол ойды арылту қиын болады. Балалар өздеріне қуаныш сыйлайтын іспен айналысқанды жақсы көреді. Сондықтан, "жинастыру" процесін қаншалықты көңілді өткізсеңіздер, соншалықты балаңыз тәртіпке жақын болады. Ең соңғы кеңесіміз – балаңызды ойыншықтарын, бөлмесін жинағаны үшін мақтауды ұмытпаңыз. Бала үшін ата-ананың мақтауынан артық сөз жоқ, – дейді аудандық аурухананың психологі Жұлдызай Исаханова.
Кез келген тазалық адамның өз бойынан көрініс тапсын. Өйткені, өзін таза ұстай білген адам, өзгеге де сол тазалығын көрсете алады. Сол себепті қазақта «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» деген. «Жақсы әйел ұлтты тәрбиелейді» деген тағы бір тәмсіл бар. Дәстүрлі санамызда қазан-ошақ иесі – әйелге қатысты керемет түсініктер қалыптасқан. Үйінің таза болуына мән берген әйел – берекені кіргізеді. Сырт көз сыншы емес пе? Үй шаруасын дөңгелетіп, балалардың тәрбиесіне қарап отырған әйелдің үйіне келген қонақ та үйдің тазалығына қарап отырып, әйелдің қандай екенін білетін болған. Ал ауласы, есік алды бірінші көзге түсетін тазалықтың айнасы. «Жұғын бар жерде – шыбын бар, Шыбын бар жерде – шығын бар» дейді. Берекенің келетін жолы тазалықпен де байланысты.
Тазалық, көркемдік, жайлылық. Бұл әрбір адамға керек. Күнделікті көңіл-күйіңнің қандай болмағына да осы жағдайлар әсер етеді. Шынында да, жаздың аптап ыстығында жасыл-желекті көрсең жаның жай тауып, тынысың кеңіп қалатыны рас. Ал қоңыр күз көңіл құлазытып, қыс айлары қыспаққа алғанда мұндай әсерден тек тазалық қана құтқара алады. Ендеше тазалықты өзіңізден бастап, ізіңізден ерген балаңызды да соған баули біліңіз.

Айнұр ӘЛИ
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)
05 қазан 2021 ж. 344 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031