Көңілі жарасқан көршілер
Халқымыздың терең мәндi, келiстi, әдемі ғұрпының бірі – көршiлер арасындағы туыстық, жақындыққа бергiсiз қарым-қатынас. Соңғы кезде көршіге көңіл бөлу кенже қалып, бір-біріне бас сұқпайтын қоңсылар бар десе таң қалмаймыз. Десе де халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, сыйластықтарына сын түспеген, бір-біріне тумаларынан да артық қызмет көрсететін көршілер жоқ емес. Оған кенттегі Әбзәли Егізбаев көшесінің тұрғындары дәлел болмақ.
Бұл көшеге 1997 жылы жауынгер ақынның есімі берілген. Оған дейін «Садовая» аталып келген көшеде түрлі сала мамандары, Боханбай Медешов, Тұлғабай Жәкеев, Мақсұт Көкеев секілді ел ағалары, Сүлеймен Мұхамедияров, Күлжахан Кенжебаева сынды білікті ұстаздар тұрған. Бүгінде олардың ұрпақтары ата қонысты тастап кетпей, сол үйде өсіп-өнуде.
– Біздің көшеміз – тұрғындарға құтты, отбасылары балалы-шағалы, қоғамда тәртіпті, ер мінезді азаматтарға толы көше. Келін болып түскен уақыттан бері осы үйде тұрамыз. Жолдасым екеуміз қазіргі обаға қарсы күрес бөлімінде еңбек еттік, сол жерден зейнетке шықтық. Ұл-қыз тәрбиеледік. Көршілерімізбен шәй деспедік. Бірлігі жарасқан көршілеріміздің болғанына тәубе дейміз, – дейді Батыр ана Ира Жәкеева.
Бұл көшенің аналары алтын, күміс алқа тағынған батыр аналар. Көшеге Егізбаев атауы берілген уақытта көше комитеті болған Несібелі апа «Осы көшенің лентасын өзім қиғанмын. Бұл көшеде талай жақсы-жайсаңдар тұрған. Қазір олардың ұрпақтары сол қалыптан айнымай бірлікте өмір сүріп келеді. Өзім де жеті бала тәрбиеледім. Ұрыс-керіс дегенді білмейміз. Жасы кішілері сыйлап, айтқанымызды қоштап отырады» деп ағынан жарылды. Келін болып түскелі бері осы көшенің тұрғыны ретінде 60 жылды артқа тастаған Сағираш апа қазіргі келіндердің ауызбіршілігіне көңілі толатынын жеткізді. «Жолдасым екеуміз темір жол саласында қызмет еттік. Мен 35 жыл телефонист болсам, отағасым түрлі басшылық қызметтер атқарды. Осыннан зейнетке шықтық. Көшеміздің келіндерінің ауызбіршілігі зор. Көршi мен көршiнiң тату болуы, әдетте, шаңырақтың отанасына тікелей байланысты. Мұның себебі қазан-ошақ билігі әйел затының қолында болуында» дейді ол.
– Бұл көшеде өзгермейтін бір қағида бар. Мұндағы әрбір үйде үлкен әулеттің, белді тұлғаның ұрпағы отыр. Ешқайсысы ата қонысын тастап кетпеген. Қазақ қоғамында көршінің орны бөлек қой. Қандай жағдай болмасын, туысқаныңнан бұрын көршілер көмекке келеді. Немерелер де бірге ойнап, туған күні болса бірге тойлап, ортада әжелеріміз ақ батасын береді. Наурыз тойлау, тасаттық беруден де кенде қалған емеспіз, – дейді көше тұрғыны, қоғам белсендісі Гүлжауһар Раева.
Расында да, шынайы өмірде біз туыс-тумаларда оқта-текте көрсек, көрші-қолаңмен күнде жүздесеміз. Ауырып қалсаң, жедел-жәрдемнен бұрын, сенің неге мұқтаж екенiңдi, үйіңе кiм келiп жатыр, кiм кетiп жатыр, оны да бiлiп отыратын – көршiң. Алыстан ағайын, кұда-жекжат, қонақ келе қалса немесе үй иелерінің бірі сапардан оралғанда сәлем беріп кіріп-шығатын да, үйіңе келген қонақ пен құдаңды қабаттаса қонаққа шақыратын да – көршің. Ауырып-сырқап қалғанда көңіл сұрау, той-томалақ, өлім-жітімде атқарысу өз алдына жолаушылап кеткеніңде отбасыңа, мал-жанын түгендеп, шаруаңа қарайласатын – көршің. Сондықтан да халық арасындағы «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық», «Ағайынның аты озғанша, көршіңнің тайы озсын», «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың ешкімнен» деген тәмсілдер өмір сынағынан алынған болса керек.
Бiр-бiрiмен көңiлдерi жарасып, тiлегi де, тiрлiгi де біте қайнасқан Егізбаев көшесінің тұрғындары үлгі алуға тұрарлық. Текті әулеттің ізін жалғаған ағаларды, әзілі мен әңгімесі жарасқан әжелеріміз бен көңілі кең келіндерді көріп қуанып қалдық. Әңгімеміздің соңында әр сөзін шүкірмен бастап, тәубемен тоқтайтын ақ самайлы Батыр аналардың батасын алдық.
Асыл дiнiмiз де көршi хақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешiрiмдi болып, ішер асымен бөлiсу қажет екенін уағыздайды. Ендеше, көршiмiзге көңiл бөлуді ұмытпайық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
Айнұр ӘЛИ (суреттер)