» » Сарымсақ – сан аурудың емі

Сарымсақ – сан аурудың емі


Сарымсақ дегенді естісек, оның өзін елестетуден бұрын, иісі мұрнымызға келіп үлгереді. Жағымсыз иісіне бола оны тұтынудан бас тартып та жатамыз. Алайда, мұнымыз мүлде қате. Өйткені оның біз білмейтін кереметі көп-ақ.
Көпшілік тұмау мен суық тиюді емдеуден басқа сарымсақтың тағы қандай қасиеттері бар екенін біле бермейді. Дәлірек айтсақ, сарымсақ демікпе, көз аурулары, гипертония, құлақ ауруы, безеу, бөртпе және басқа да түрлі ауруды емдеуге көмектеседі.
Сарымсақтың құрамында селен, германий, магний және тағы басқа көптеген микроэлементтер, амин қышқылдары, А, В, С дәрумендері, калий, фосфор, кальций элементтері, темір, хлор, ақуыз бар. Осылардың барлығы қосылып келіп, сарымсаққа емдік қасиет береді.
Жұқпалы аурулардың алдын алу мен емдеуде сарымсаққа тең келетін ештеңе жоқ десе де болады. Ол ағзаның түрлі микробтарға қарсы әсерін күшейтіп, оның ауруға оңай берілмеуін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге адамға салқын тиіп ауырғанда, тұмауда пайдалы болып, жөтелді жұмсартып, қақырықтың бөлінуін жақсартады.
Сарымсақтың бойында тұнып жатқан керемет қасиеттердің көпшілігі бағзы замандардан бері белгілі болған.  Мәселен, Мысырда атақты пирамидалар салынып жатқан қиын кезеңде сарымсақты көп пайдаланған. Яғни сарымсақты көптеп пайдалану арқылы жан-жақтан әкелінген құлдардың арасында болатын жұқпалы індеттердің өршуіне тосқауыл қойылған. Ежелгі Грекия мен Римде де оның емдік қасиеттері жоғары бағаланған көрінеді. Ежелгі Қытай иероглифтерінде де «сарымсақ» дегенді білдіретін таңбалар да кездескен. Бұдан біз сарымсақтың ерте кезден емдік мақсатта қолданылғанын аңғарамыз.
Шипалы өсімдік тек науқас адамдарға ғана емес, дені сау адамдарға да керек. Ол ағзадан сынапты, қорғасынды, кадмийді және басқа да уытты металдарды шығарады. Эритроциттердің бұзылуына жол бермейді, темекінің түтінінде, қақталған етте және ластанған ауада болатын химиялық канцерогендерден бауырдың зақымдануын болдырмайды. Сондай-ақ ол асқазан-ішек жолының қызметіне жағымды әсер етеді. Ас қорытуды жақсартып, қимыл-қозғалыс белсенділігін қалыпқа келтіреді. Бауырыңызды қорғап, өтті айдайды. Асқазан-ішек жолында кездесетін ауру тудырғыш бактериялардың өсуін тежеп, жағымды ішек флорасының дамуын ретке келтіреді. Оның ішек паразиттеріне, майда саңырауқұлақтарға әсері де зор. Сарымсақты жиі пайдаланып отыру асқазан мен ішек қатерлі ісігінің алдын алады деп есептеледі.
Осы секілді сарымсақтың пайдалы тұстарын тоқтамай тізе беруге болады. Алайда әрбір заттың пайдасымен қатар, зияны да болатыны белгілі. Мұны да ескерген жөн. Егер сарымсақты мөлшерден тыс пайдаланса, ас қорыту жолдарының қабығы тітіркенуі мүмкін. Сондықтан сарымсақты кімге жеуге болмайтынын білу керек. Тағы бір кемшілігі – оны жеп болғаннан кейінгі ауызда қалатын жағымсыз иіс. Оны бірден кетіру мүмкін емес, осы себептен адамдар сарымсақ қосылған тағамдарды сирек тұтынады.
Өткен жылдан бері әлем халқын әбігерге салған коронавирус пандемиясы кезінде әлемжеліде сарымсақпен емделу туралы түрлі қауесет тарады. Бұл жөнінде инфекционист мамандардан сұрап білдік. 
– Тұмау, коронавирус – тыныс алу жолдарының жұқпалы вирустық аурулар тобына жатады. Алайда, аталған ауруларды «сарымсақпен емдеуге болады» деген қате түсінік. Сарымсақ – табиғи таза өнім. Оның құрамында адам ағзасына пайдалы өте көп заттар, түрлі дәрумен бар. Оған қоса, қазіргі таңда дәріханаларда, жекелеген фирмаларда сарымсақтың құрамындағы пайдалы ферменттері сығып алынған арнайы ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) сатылады. Оны күнделікті тағамдарға қосу, шикідей өзін жеу, одан салаттар дайындау сол организмдегі дәрумендерді арттырып, иммунитетті нығайтады. Ал иммунитеті жоғары жандарға көп ауру жоламайды, сонымен қатар, ауырса да тез жазылып кететіні белгілі. Сондықтан сарымсақ, ең алдымен, иммунитетті көтеруші көкөніс екенін есте сақтауға тиіспіз. Ол ешқандай ауруды өздігінен емдемейді. Бір сөзбен айтқанда, тек түрлі аурудың алдын алуға көмектеседі деген жөн, – дейді маман.
Жоғарыдағыларды сараптай келе сарымсақтың пайдасы ұшан-теңіз екеніне, әр үйде әрқашан кем дегенде тұтас бір сарымсақ болуы керектігіне көз жеткіздік. Ендеше, сарымсақтың баға жетпес пайдасын көру үшін күнделікті тұтынуды ұмытпаңыз. Оны аспаздық жолмен өңдеген кезде пайдалы заттары жоғалып қалып жатады. Сондықтан, шипаны шын іздесеңіз, табиғи сарымсақты пайдаланғаныңыз жөн.
                                                                                      Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
21 қыркүйек 2021 ж. 1 262 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031