Жалпыұлттық халық санағы басталды
10 жылда бір рет өткізілетін ұлттық халық санағы басталды. 1-ші кезең бойынша маусым айының 1-нен 30-на дейін мамандар барлық үйді аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал қыркүйектің 1-і мен қазанның 15-і аралығында өтетін 2-ші кезең онлайн форматта жүзеге асырылып жатыр.
1 қыркүйек – елімізде жалпыұлттық халық санағы басталды. Бұл – тәуелсіздік алғаннан бергі үшінші науқан. Оның өткізілуіне әр кезеңде өзіндік өзгерістер енгізіледі. Мәселен, осы жолы цифрлық технологияларды қолдануға басымдық берілген. Науқанның өткізілуіне тікелей жауапты Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов өзгелерге үлгі ретінде алғашқылардың бірі болып онлайн режимде халық санағынан өтті. Мамандардың айтуынша, оған арналған sanaq.gov.kz сайты тәулік бойы жұмыс істейді.
– 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін 45 күн бойы азаматтар санақ сауалдарына онлайн жауап бере алады. Ол сайтқа сондай-ақ eGov.kz порталы арқылы да, мобильді телефон арқылы да өтуге болады. Әр азаматқа телефон не поштасына санақтан өткені туралы хабарлама келеді. Ол хабарламаны азаматтарға 30 қазанға дейін сақтау керек болады. Себебі 1 мен 30 қазан аралығында Интервьюерлер санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін үйлерді аралауға шығады. Хабарлама сол кезде керек, – деді ҚР Ұлттық санақ 2021 ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы.
Ол кезде есігіңізді қаққанда, хабарламаны көрсетсеңіз, ол қайтадан сізден санақ сауалдарын сұрамайды. Келесі мекен-жайға жүре беретін болады. Бұл жолы қағаз мүлдем қолданылмайды. Планшеттер арқылы санақ жүргізеді. Биылғы халық санағында 91 сұрақ қарастырылған. Алайда азаматтар оның барлығына жауап береді дегенді білдірмейді. Науқанды өткізуге 32 мың адам жұмылдырылуда. Олардың жалақысы, техникамен қамту өзге де ұйымдастыру жұмыстары үшін 9 млрд теңге бөлінген.
Санаққа қалай қатысамыз? Алдымен 1-ші кезеңде интервьюер өзіне бекітілген учаскені аралап, үйлердің тізімін құрастырып, әрбірінде тұрақты тұратын халық санын нақтылайды. Картографиялық материалға қажетті өзгерістер енгізеді. Бұл кезең өз мәресіне жетті. Ендігі 2-ші кезеңде базаға енгізілген адамдар арнайы жүйеге өз мәліметтерін енгізеді. Жалпы, биылғы ұлттық халық санағының басты ерекшелігі оның онлайн форматта өтуі. Сұрақ-жауапқа қатысушылар телефон немесе компьютерді қолдана алады. Санақтың 2-ші кезеңінде әрбір тұрғын sanaq.gov.kz сайтына кіріп өзі, сондай-ақ отбасының барлық мүшелері үшін сауалнамадан өте алады. Сауалдарға жауап берген соң әрбір отбасы мүшесіне СМС-хабарлама келеді, оларды міндетті түрде сақтау қажет. Одан әрі 2021 жылғы қазан айының 1 мен 30 аралығында барлық қажетті санитарлық нормалар сақталуымен халықты жаппай аралау ұйымдастырылады.
Өткен аптадан бастап аудан тұрғындары да санаққа белсенді араласуда. Солардың бірі – тұрғын Арай Иманалиева. Оның айтуынша, біз әлі цифрлық сауаттылыққа бейімделе алмай жатырмыз.
– Кеше арнайы сілтемеге кіріп тіркелдім. Отбасымды да бірінен соң бірін тіркеп, кемі 2 сағаттай уақыт кетті. Қарап отырсам, біз әлі цифрлық сауаттылыққа бейімделе алмай жатқан секілдіміз. Мәселен, орта жастағы көршім үйге келіп, маған жөн сілтеуді сұрады. Ол кісімен де отырып барлық отбасын тіркедік. Аса қиындығы жоқ. Сұрақтардан өтіп, барынша жауап бердік. Ендігі туған-туыстарыма қалай өту керек екенін айтып жатырмын. Үйінде смартфон, компьютерді білетін жас баласы жоқтарға қиындау секілді. Қазір оқудың уақыты, студенттер қалаға кетті. Дегенмен, мұны да үйреніп алып, санаққа белсенді қатысады деген ойдамын, – дейді ол.
Айта кеткен жөн, соңғы рет елімізде халық санағы осыдан 12 жыл бұрын яғни 2009 жылы өткізілді.
Айнұр ӘЛИ