Қармақшының Қаратаевасы
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАНЫНДА ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫ БАР. ОНДА ӘР АУДАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚАЗАҚ, ОРЫС, АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ОҚЫТАТЫН АРНАЙЫ МАМАНДАР ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ. КӘНІГІ ҚАРБАЛАС ТІРШІЛІК ҚОЙ. ЕРТЕҢ ГАЗЕТ ШЫҒАДЫ ДЕП КОМПЬЮТЕРДЕН БАС АЛМАЙ ОТЫРҒАН ТҰСТА КАБИНЕТКЕ ЖАРҚЫРАП РАЙКҮЛ ҚАРАТАЕВА КІРІП КЕЛДІ. ЖАН-ЖАҒЫНА ЖЫЛУЛЫҚ ПЕН ЖАҚСЫ ЭНЕРГИЯ ШАШЫП ЖҮРЕТІН ЖАНДЫ КӨРІП ЖҮЗІМІЗ ЖАДЫРАП САЛА БЕРДІ. БОС КЕЛМЕЙ БІР ҚОРЖЫН ЖАҢА КІТАПТАР АРҚАЛАЙ КЕЛГЕН АҚЖАРҚЫН АПАЙ АМАНДЫҚ-САУЛЫҚ СҰРАСЫП, КЕЛГЕН ЖӨНІН АЙТТЫ. АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА БҰЛ АЗАМАТШАНЫ ТАНЫСТЫРЫП ЖАТУДЫҢ ӨЗІ АРТЫҚ. РАЙКҮЛ ҚАРАТАЕВА ДЕСЕ АУДАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ МАМАНДАРЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ, МЫҚТЫ ПЕДАГОГ ДЕП ТАНИДЫ. ӘЛГІНДЕ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫ ДЕУІМНІҢ СЕБЕБІ Р.ҚОҢЫРБАЙҚЫЗЫ ЗЕЙНЕТТІК ДЕМАЛЫСТА БОЛҒАНЫМЕН ЖҰМЫСТАН ҚОЛ ҮЗГЕН ЕМЕС. 4 ЖЫЛДАН БЕРІ АТАЛҒАН ОРТАЛЫҚТА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ОҚЫТУШЫСЫ БОЛЫП ЕҢБЕК ЕТЕДІ. РЕДАКЦИЯҒА 5 ҚЫРКҮЙЕК – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ ҚАРСЫ ТІЛШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСІП, СҰРАҚ-САУАЛ ҚОЙЫП, СЫЙЛЫҚТАРЫН ҰСЫНБАҚҚА КЕЛІПТІ. БІЗ ДЕ МҰНДАЙ СӘТТІ БЕКЕР ЖІБЕРЕМІЗ БЕ?! АПАЙМЕН СҰҚБАТТАСЫП ҚАЛУҒА АСЫҚТЫҚ.
Ол – 1957 жылы Тұрмағамбет ауылында Қоңырбай Мүсіркегенов есімді республикаға танымал ұстаз бен бала тәрбиесіне айрықша мән беретін ибалы ана Алтынша Садақбаеваның отбасындағы 6 баланың екіншісі болып өмірге келген. Бауырларының бәрі жоғары мамандық алып, өмірден өз орнын тауыпты. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген бар. Халықтың баласын оқытып-тәрбиелеуде тәжірибесі мол, білімге бай, мектеп директоры болған үлгілі Қоңырбай ұстаздың қызы болу Райкүл апайдың маңдайына жазылған бақ шығар.
Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітірген ол 1980 жылы №26 мектепте алғашқы еңбек жолын бастапты. Небәрі 7 жыл ғана жұмыс істеген мұғалім 1987 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалымен марапатталған. Сол жылдары жаңа бағдарламалар шығып, таңдаулы ұстаздар біліктілігіне қарай «әдіскер мұғалім», «аға мұғалім» деген атаққа ие болатын. Ол ауданда әдіскер мұғалім болған алғашқылардың бірі. Кейін С.Есқараев атындағы №27 дарынды балалар мектебіне мұғалім болып қабылданса, №183 орта мектептегі дарын сыныбында дәріс берген. №250 мектеп-лицейі ашылғанда сонда шақырылып, зейнеттік демалысқа аталған лицейден шықты.
40 жылдық ұстаздық еңбек жолында ол оқушылардың бірнеше буынына қазақ тілі мен әдебиетінің негіздерін үйретіп, пәнге деген құштарлығын арттыра білген шебер мұғалім. Райкүл апайдан тәлім алған мың сан шәкірт бүгінде мемлекеттік тіл, журналистика, әдебиет салаларында табысты қызмет етуде.
«Арқа сүйер әкем 1981 жылы 53 жасында қайтыс болды. Оны бүкіл облыс сыйлайтын. «Қоңырбайдың қызы» деп көзін көргендер маған қамқор болды. Сенім артты. Әке атына кір келтірмеймін деген мақсатпен тек жұмысты ойладым. Оқушыларым – туған балаларымдай болды. Әрбіреуінің мінез-құлқын, бейімділігін, қызығушылығын жақсы білемін. Әкем марқұм әдебиетке өте жақын кісі еді. Үйде бір бөлме кітапхана болды. Сатып әкелген кітапты оқып тауыспай сөреге қоймаңдар дейтін. Қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түскенде сынақтардан сүрінбей өткенмін. Жасымнан тек кітаптан бас алмағаннан болар қандай шығарма, қандай кейіпкер болсын адаспай табатынмын. Мен әкеме деген құрмет пен балаларға деген сүйіспеншіліктен мұғалімдік жолды таңдадым деп ойлаймын» дейді ардагер ұстаз. Облыстық, республикалық олимпиададан, ғылыми жоба, қандай байқау болсын шәкірттері жүлдесіз қайтқан емес. Оның жетістігін жазуға бір кітап та аздық етер.
«Мен мейірімдімін. «Қаратаеваның қалтасы толған бес» дейтін әріптестерім. Бірақ, «қандай мұғалім болдың» деген қиын сұраққа оқушыларымның алдында ұялмай, «шәкірттерім білуге тиіс барлық нәрсені үйреттім» деп айта алатын ұстаз болдым деп ойлаймын. Тарихта болған барлық тұлғалардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін үйретуге, адамгершілік қасиеттерін әдебиет кейіпкерлері арқылы бойына сіңіруге тырыстым. Оқыған кітабымның мазмұнын айтудан жалықпайтынмын. Филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев ұстазымыз болды. Ол әкеме де сабақ берген. Өте білімді бола тұра тым қарапайым адам еді. Балаларға сондай жақын, мейірімді болатын. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген бар. Мектепке кіргенде сол кісінің болмысын ойыма оралтам да, сондай ұстаз болуға тырыстым.
Кітапсыз үй жансыз тәнмен бірдей. Кітап оқымаған адам ой ойлаудан да тыйылады. Иә, бұл сөздер Райкүл Қоңырбайқызының жадында жасынан жатталған. Абай жолын 7 - сыныптан бастап оқыған жан осы кезге дейін жылына бір рет қайталап шықпаса көңілі көншімейді. Қай бетінде не тұрғанын бірден біледі. Студенттік жылдарда әдебиеттен емтиханға кірмей-ақ бестік баға алатын көрінеді. Себебі қазақтың классикалары мен қазақ тілінің методикаларын оқып өскен бойжеткен қалай сауатты болмасын.
– Қазір адамдардың әдебиетке, өнерге деген көзқарасы біркелкі емес. Тіпті, кейбірінің түсініктері адасып та жүргендей көрінеді. Адамның жан дүниесін тәрбиелейтін, азып-тозудан сақтайтын әдебиет десек, оның қоғамдағы орны бұрынғыдан да жоғары болуға тиіс секілді. Әдебиеттің оқытылуы математиканы үйретуден де маңызды. Қанша жерден ғылым-білімді меңгергеніңмен бойыңда ұлттық қасиет, адамгершілік сезімі болмаса – бәрі бекер. Оны ғұлама ғалым әл-Фараби де кезінде айтып кеткен болатын. Сондықтан тіл-әдебиетке жете көңіл бөліп, оны алдыңғы қатарға шығаруға тиіспіз, – дейді әңгіме арасында.
Ұстаздың болмысы ұяң. Үнемі жақсы нәрсе ойлайды. Өзін өмірде жолы болған жан санайды. Ата-анасының да, туған-туыстың да, жардың да махаббатына бөленген. Құрметті, абыройлы. Ауданның жасы мен кәрісінің бәрі танып сыйлап жатады.
Құдай қосқан азаматы Сталбек Әбдірахмановпен Айбек, Алтынай, Нұрбек есімді үш бала өсіріп, олардың да жоғары білім алуына жағдай жасаған. Сталбек ағамыз су шаруашылығының инженері болып зейнетке шыққан. Ұстаздың алаңсыз еңбек етуі жарының қамқорлығынан екені айтпаса да ұғынықты.
Рухани ортада рухы бай тұлғалармен тілдесу қандай ғанибет. Жүріп өткен жолынан үлгілі тұсын іліп аламыз. Кеше ғана Президенттің Жолдауын тыңдап, жігерленіп қалдым деген ардагер ұстаздың әңгімесінен кейін қалайша «Ұстаз ұлт болашағының айнасы» демессің.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)