» » Бақ пен бап: Грант иелену қандай маңызға ие?

Бақ пен бап: Грант иелену қандай маңызға ие?

Жаз айлары біреу үшін демалыс болса, мектеп түлектері мен олардың ата-аналары үшін уайымға толы кезең. Алдымен жыл бойы қорқа күткен ҰБТ-ға қатысады, одан кейін мамандық таңдап, құжат тапсырады, соңынан конкурс нәтижесін тағатсыздана күтеді. Оқуға түсу оңай емес, әрине. Оған биыл да бой көтерген грант бөлінісіндегі даулы оқиғалар мысал бола алады. Тамыз айының орта тұсында мемлекеттік білім грантының қорытындысы жарияланды.Одан соң әлеуметтік желілерде жинаған балы жетіп тұрса да, таңдаған оқуына іліне алмай қалған талапкерлер мен «Алтын белгі» иегерлерінің грантқа түспей қалғаны туралы мәселелер көтеріле бастады. Олар ҰБТ-дан аз балл алғандар мемлекеттік грантқа ие болып жатқанда жоғары баллға қол жеткізгендердің тізімнен табылмағанына наразылығын білдірді. Осы ретте грант төңірегіндегі біршама мәселені біз де саралап шықтық.



Мемлекеттік білім гранты – үлкен мүмкіндік
Мемлекеттік грант – әлеуеті әлжуаз отбасыдан шыққан жастар үшін үлкен мүмкіндік. Мәселен, тек зейнетақыға қарап отырған жанұя баласын ақылы оқытуға шамасы келе қоймайды. Себебі үлкен қалада оқу ақысын төлегеннен бөлек, жататын жерің мен күнделікті тамағыңды табуың қажет. Ал мемлекеттік гранттың арқасында қаншама ауыл баласы қала көріп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрдастарымен араласып, жаңа өмір бастайды. Біреуі оқуды сәтті аяқтап, білікті маман атанса, енді бірі кәсіп ашып, біреуі ғылым жолына түсуде. Рас,  «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға қайтып жатқаны да бар. Десе де мұның жақсы жақтары жоқ емес. Төрт жыл қалада жүріп, білім жинап, өмірге көзқарасы өзгерген, технологияны меңгерген жас туған жеріне барса, ауыл өңіріне оң өзгеріс әкеледі. Сондықтан, егер таңдау грант немесе ауылда қалу болса грантты таңдағаны жөн-ақ. Бірақ осы жерде ескере кетер бір мәселе бар. Қайтсем де грант иеленем деп жүрген жастар көп. Алайда «Грант үшін кез келген мамандықты таңдаймын» деген ұстаным дұрыс шешім емес. Мектеп оқушыларымен сөйлесе қалсаң, физиканы немесе биологияны таңдадым, себебі ол бойынша грант көп дегенді жиі айтады. Бұл пәндер өзіңе қызық па дегенде, «жоқ» деп жауап береді. Қарап отырсақ, балалардың ниеті дұрыс, ата-анаға салмақ салмайын дейді. Алайда, таңдаған мамандығыңа қызықпасаң, түсінбесең, болашағыңды көрмесең, мемлекеттік грант мәселені тек төрт жыл кейінге қалдырады. Диплом алған соң, ары қарай не істеймін деген сұрақ қайта туады. Сөйтіп, төрт жыл оқығаным бекер кетпесін деп, ұнатпаса да дипломы бойынша жұмысқа кіріп, көңілсіз жүреді. Өз мамандығын сүйіп жасамаса одан білікті маманның шықпайтыны айдан анық қой.
Білім гранты жеткіліксіз бе?
Жыл сайын тамызда конкурс нәтижесі шыққан соң, осы мәселе алға шығады. Расымен де грант жеткіліксіз бе, әлде таңдау жасарда қателік жібереміз бе? Мәселен, АҚШ-та мүлде грант бермейді. Ал Қытайда бір жылда 2 млн 800 мың бала бітірсе де, бөлінетін грант саны – 6 мың. Бәсеке қандай боларын бағамдай беріңіз. Олармен салыстырғанда Қазақстан грантты үйіп-төгіп береді. Бұлай деуімізге дәлел де бар. Мәселен осы жылы Президенттің тапсырмасымен гранттардың жалпы саны 5 мыңға артты. Яғни, былтыр білім гранттарының саны 51 мың болса, биыл 56 мыңды құрады. Биыл гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат тапсырғандар 75 мыңнан астам. Енді қараңыз, үміткерлердің 80 пайызына грант бар. Демек, мүмкіндік көп. Неге пайдаланбасқа?

Грантқа түсудің қандай амалдары бар?

Жинаған ұпайдың орташа не төмен болуы бірінші кезекте таңдау пәніне байланысты. Себебі кей таңдау пәнінде мамандық саны аз болады. Айталық география және ағылшын тілі, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінде 4-5 мамандық қана бар. Ал енді физика және математикада болса – 25. Сондықтан мамандық саны аз болса, демек грант та аз болады деген сөз. Мысалы физика, математика таңдаған баланың 90 балл жинағаны норма болғанымен, география, ағылшын пәнін таңдағандар  үшін олай емес.
Тағы бір ескерер жайт,  грант университет, облысқа емес, мамандыққа бөлінеді. Сондықтан құжат тапсырғанда бір мамандықты төрт оқу орнынан белгілеудің қажеті жоқ. Бір мамандықты бір университеттен жазсаңыз жеткілікті. Өткен жылғы статистикамен таныс болу да грантқа түсуге жол ашады. Ол үшін әр мамандық бойынша былтыр қанша баллмен түскенін қарау қажет. Әрине, әр жылдағы жағдай әртүрлі. Десе де, шамалауға болады.
– Грант көп бөлінген мамандыққа жүгірмеген дұрыс. Бұл жерде мәселе грант санында емес. Бастысы – сол мамандықты қанша адам таңдағанында. Ұлттық тестілеу орталығы жылда әр мамандық бойынша қанша адам тапсырғаны туралы ақпарат беріп отырады. Одан бөлек, арнайы сайттар мен қосымшалар да бар. Сол жерден қарап, сараптауға болады. Гранты көп мамандықты – көп адам, аз грантты аз адам таңдауы мүмкін, – дейді мамандар.

Мамандық таңдауда нені ескеру керек?
Біз мамандық таңдағанда көбіне танымал түріне құмартамыз. Ал атын естімеген мамандық түріне жолай қоймаймыз. Негізі жоғары оқу орындарында оқытылатын мамандықтың 100-ден аса түрі бар. Ал көпшіліктің білетіні 20-ға жуығы ғана. Көз көріп, құлақ естіген мамандыққа жүгіретініміз де сондықтан. Осы ретте, біле бермейтін мамандықты жоғары деңгейде оқып шығып, сирек кездесетін білікті маман болуға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ таңдау жасағанда балдың шамасын да ескеру керек. Мысалы «Стоматология» мамандығына  30 грант қана бөлінді делік. 110-115 ұпаймен оған тапсырып қажет емес. Өйткені одан да жоғары балл иелері санаулы грантты иеленіп кетеді.
– Біздің қоғамда мынадай жағдай да жиі кездеседі. Барлығы болмаса да, кейбір ата-аналар кезінде өзінің қолы жетпеген дүниеге баласын жібергісі келіп тұрады. Бірақ бұл – баланы шектеу. Ата-анасының көңілін қимай келіскенімен, кейін «кезінде ана мамандықты оқығанда керемет маман болар едім, ата-анам таңдатпай қойған» деген өкініш орын алуы мүмкін. Ұнатпаған оқуын оқып, кейін ол салаға мүлде жоламағандар айналамызда толып жүр. Сондықтан да, бала болашағын өзі таңдауы қажет. Әрине, кеңесіп, бағыт-бағдар беруге болады. Бірақ «осы мамандықты таңдайсың» деп міндеттеуге болмайды. Мұны ұрпақ тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана ескерген жөн, – дейді ардагер ұстаз.




Тегін білім – артық маман

Елімізде жоғары оқу орындарында таңдау көп. Алайда жас түлектердің көпшілігі тегін оқу деп жаны қалайтын мамандық бойынша түспейді. Қалаған мамандығын меңгермеген соң, қолында дипломы болғанымен жұмыс істеуге құлқы болмайды. Статистикалық дерекке сүйенсек, мектеп бітірушілердің 20-30 пайызы ғана мамандықты дұрыс таңдайды екен. Бұл ретте мектеп түлектерінің мамандыққа емес, грантқа баса назар аударатыны анық. Грант көп бөлінетіндіктен, олар техникалық мамандықты таңдайды. Бірақ алып кете алмайды. Сөйтіп оқуын аяқтамай тастап кететіндері қанша. Кейбіреулер үшін түскен білім ордасының беделі аса маңызды. Ал өздерінің қабілеті мен қарымы соның көлеңкесінде қалып қоятындығына мән бермейді. Грант иегерлерінің кейбірі оқи алмай шығып кетіп жататыны жасырын емес. Олар өз кезегінде оқуға талапты, гранттан үмітті бір жанның жолын байлайтыны да рас. Сонымен қатар бұл жерде тағы бір үлкен мәселе бар. Грантта оқып, қолына диплом алғанымен, өз мамандығына сай жұмыс таба алмайды. Соның бірі – Айғаным Көпбосынова (аты-жөні өзгертілді). Қолында «биология пәнінің мұғалімі» деген дипломы бар. Мамандығына сай жұмыс іздегеніне екі жылға жуықтаса да, әлі нәтиже жоқ.
– Бұл саланы өзім таңдадым. Мамандығымды жақсы көремін. Бірақ болашақта сұранысқа ие бола ма, жоқ па, оны ойламаппын. Ауыл мектебін бітіргендіктен шығар, көп мамандық түрлері барын білмеппін.Оқуды бітірген кезде мамандығыма сай тез жұмыс табамын деп ойлағанмын. Бірақ, міне, екі жыл болды, әлі жұмыссызбын. Түйіндемемді арқалап, қанша жерге бардым. Мектептерде бұл пән бойынша орын толық, сағат жоқ деп шығарып салады. Енді басқа саладан жұмыс іздестіруді ойлап отырмын, – дейді ол.
Осындайда дұрыс таңдау жасаудың маңызы зор. Балаға тек ата-ана ғана емес, ұстаздардың да бағыт-бағдар бергендері жөн. Мамандықтың түрі  көп. Таңдап қана қоймай, онымен нан таба алатыныңа сенімді болуың керек.
Грантқа ілінбеген түлектерге нендей көмек бар?
Ал аз балл жинағандар ендігі жылға дейін дайындалып, грантқа түсуге ниетті болса, кешенді тестілеуден өтуге болады. Әлеуметтік жағдайы жақсы болып, білім алу отбасы мүшелеріне қиындық тудырмаса, уақыт жоғалтпай ақылы бөлімде оқи алады. Үкімет ақылы оқуға шамасы келмей тарығып отырған талапкерлерге несиеге оқуға кеңес береді. Білім несиесінің өзге несие түрлерінен бір ғана артықшылығы бар. Ол – болашағыңа жол ашады, білім алуыңа мүмкіндік береді. Тұрмыстың қажеттілігіне деп миллиондап алған несиеден білімге деп алынған несиенің орны бөлек. Білім беру кредиттерін кепілдендірудің мемлекеттік бағдарламасы аясында талапкер өз атына студенттік несие ала алады. Бұл несиенің жылдық пайызы 10 пайыздан басталады. Кепілді қажет етпейді. Несие 12 жылға беріледі. Студент оқып жүріп немесе оқуды аяқтаған соң алты ай ішінде несиенің пайыздарын төлейді. Әрі қарай несиенің негізгі сомасы өтеледі. Бұл несиені алудың мынадай маңызды шарты да бар.  Студенттік несие алу үшін төлем қабілеті бар қоса қарыз алушысы болуы керек. Бұл дегеніңіз ата-анасы тұрақты жұмыс істемейтін, зейнетақысынан  ай сайын аударым жасай алмайтын, үкіметтің есебінде өзін-өзі қамсыздандырушы болып тіркеліп тұрған отбасылардан шыққан оқуға ынталы баланың несие шарттарын орындай алмайтынын көрсетеді. Яғни білім несиесіне де кез келген адам қол жеткізе алмайды.
Ойланып қарасақ, әрбір студент қиындығының артында оның отбасының әлеуметтік жағдайының күйі жатыр. Сондықтан да мектеп бітіріп оқуға түсе алмаған жастар әрдайым мемлекет назарында. Жыл сайын барлық білім беру ошақтары түлектердің қай оқу орнына немесе әскерге, жұмысқа орналасқаны жөнінде ақпар дайындап, тиісті жерге өткізеді.
              
Түйін

«Адам екі нәрседен қателеспеуі керек: Ол мамандық және жар таңдауда» деген бар. Әрбір түлек «Қай мамандықты таңдасам, болашақта жақсы маман бола аламын?» деген сұраққа жауап беріп барып таңдау қажет. Қандай мамандықты тегін немесе ақылы оқысаңыз да, түптің түбінде тұлға болып шығу ғана маңызды. Ал бабы мен бағы жарасып, грант иеленгендер үшін білімді тегін игеру нұр үстіне нұр  болмақ.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 тамыз 2021 ж. 984 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031