» » Мүдделер қақтығысы һәм Ауғанстандағы ахуал

Мүдделер қақтығысы һәм Ауғанстандағы ахуал


ҚАЗІР АУҒАНСТАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАЙТА УШЫҒЫП, ӘЛЕМДІК САЯСИ ДҮРБЕЛЕҢНІҢ ОШАҒЫНА АЙНАЛДЫ. СЕБЕБІ АҚШ БАСТАҒАН НАТО ӘСКЕРІ АУҒАНСТАН ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАН БОЛАТЫН. ӘРІ ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ ӘЛЕУЕТТІ ТАЛИБАН КҮШТЕРІНЕ ТӨТЕП БЕРЕ АЛМАЙ, БІРТІНДЕП ШЕГІНУ АРҚЫЛЫ ТОЛЫҚТАЙ ӨЗ ПОЗИЦИЯСЫНАН АЙРЫЛУЫ СЕП БОЛЫП ОТЫР. БАҚ БЕТТЕРІНДЕ, ТҮРЛІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР, ОНЫҢ ІШІНДЕ ТЕЛЕГРАМ АРНАЛАРДА АУҒАНСТАН ЖЕРІНДЕГІ БЕЙ-БЕРЕКЕТ АҒЫЛҒАН БОСҚЫНДАР, ТӘЛІПТЕРДІҢ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ БАСЫП АЛҒАН ВИДЕОЛАРЫ БІРІНЕН СОҢ БІРІ ТАРАЛЫП ЖАТЫР. СӘЙКЕСІНШЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР МЕН ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ ТАЛҚЫЛАУЫ, МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ ДЕ КӨБЕЙЕ ТҮСТІ.
Ендігі сюжет мынадай. Тәліптер билік басына келді. Ауғанстанның көптеген қалалары қарсылықсыз берілді. Елдің бұрынғы президенті Ашраф Ғани елден қашып кетті. Қашқанда да сол ұшаққа мінген күйі жинаған ақшасы жерге шашылып, үлгергенінше ұша жөнелді. Қазір Тәжікстанда деген дерек бар. Бірақ нақтысы белгісіз. Ауған билігі тәліптердің өтпелі үкіметіне берілді. Билік сарайына келген басында сәлдесі бар сақалдылар Ауғанстан ислам әмірлігінің құрылатынын жария етпекші. Кеше ұлты өзбек генерал Дустымның кең сарайындағы алтын жалатылған орындықта бір топ сәлделінің шай ішіп, беймарал отырғанын көрдік. Тіпті балалар ойын алаңында, аттракционда балаша ойнап, сауық құрып жүр. Бұл сәтте ауғандықтар ұшаққа мінуге таласып, тіпті ұшқалы жатқан ұшаққа жабысқан күйі қашып жатыр. Оның ішінде ұшақ әуеге көтерілген бойы құлап мерт болғандар, дөңгелегіне шайналып қалғандар көп. Құдды шетелдік «боевик» кино «тірілгендей». Айтып, айтпай не керек, бір нәрсені түсінуге болады. Енді әлем ауған тәліптерімен ресми қатынас жасай бастауы мүмкін. Ауғанстанмен Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан территориялық жағынан шектесетінін ескерсек, жағдай қиын секілді. Қауіп те бар. Ал Қазақстан қайтпек?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша осыдан бірнеше күн бұрын күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткізген еді. Онда ол «Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құр­ы­­лымдардың басшыларымен жиын өткіз­дім. Ауғандағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда. Президент әкімшілігі мен сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр» деді ол.
Ал әлемжелідегілер болса «Қа­зақстан тарапы 2000 ауған бос­қынын қабылдайды» немесе «Шымкентте босқындарға орын дайындауда» деген деректер тарады. Министрлік артынан бұл деректі жоққа шығарған болатын.
Қорғаныс министрлігі 18 тамыз күні кешкі сағат 17:00-де әскери ұшақ әуежайға сәтті қонғанын хабарлады. Борттағы 25 адам – Қазақстан азаматы. Олардың 15-і – ересек, қалған 10-ы – бала. Арасында біздің елшілікте жұмыс істеген қызметкерлер де бар. Гуманитарлық операция барысында көрші қырғыз елінің өтініші бойынша олардың 14 азаматы эвакуацияланды. Бұдан бөлек Қазақстан Елшілігінен көмек сұраған, 1 Ресей мен 1 Литва азаматы Ауғанстаннан шығарылды. «Ахуал ушығып тұрған аймақтан бір топ адамды алып шығу оңай болмады» дейді мамандар.
– Қазір Кабул әуежайындағы ахуал өте қиын. Тек Америка құрама штаттары және Нато ұйымына кіретін елдердің ұшақтары ғана қонуға рұқсат алып отыр. Оған қарамастан біздің ұшқыштар ұшағын отырғыза алды. Қазақстан Президенті мен Қорғаныс министрлігіне жәрдемдескені үшін алғыс білдіремін, – дейді ҚР Ауғанстандағы әскери атташесінің көмекшісі Ербол Шәкіров.
Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев 14 қырғыз азаматын Ауғанстанда тастамай, оларды ерте келгені үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Айта кетейік қазіргі таңда Ауғанстанда 15-ке жуық этникалық қазақ отбасы тұрады. Шамамен 200 адам. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадяров мәлімдеді. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдегі этникалық қазақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тарихи Отанына қайтаруға көмек көрсету бо­йынша арнайы тапсырма берген. Қазір Кабулда біздің елдің оншақты дипломаты штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында азаматтардың этникалық қазақ екенін анықтайтын арнайы комиссия бар.
– Кейбір БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақ тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият тексеріп, қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз. Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өзін «қазақпыз» деп таныстыратын түрлі топтар көбейіп кетті. Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Кейбірі қазақ тілін білмейді. Сондай-ақ ата бабаларының Ауғанстан аумағына қоныс аудару тарихы мен ру, тайпалық байланыстары туралы айта алмайды. Біз этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу туралы өтініштеріне мұқият тексеру жүргіземіз, – дейді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадяров.
Қазір интернеттегі видеолар көп нәрсені айқындап тұр. Банктің алды кезек. Ақшасын алуға ұмтылған жұрт. Әуежайлар лық толы. Ең алдымен әскерилер мен жоғары білімді азаматтар елден кетуге тырысуда. Ертең уақыты келгенде әскери қақтығысқа қатысқандарды ұстап, дарға асуы мүмкін.
Ал strategy2050.kz аналитикалық-шолу порталының мәліметінше, Ауғанстанда Талибан қозғалысының билікке келуі Қазақстанның осы ұйымға қатысты ресми ұстанымына өзгерістер енгізуді талап етуі мүмкін.
Өйткені Талибан қозғалысының қызметіне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес ел аумағында тыйым салынған. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, тәліп­терге тыйым салған өзге елдерге де қатысты. Өйткені Ауғанстанды іс жүзінде өз бақылауына алған Талибан қозғалысымен ын­тымақтасу, қарым-қатынас орнату күн тәртібіндегі мәселеге айналуы әбден мүмкін. Ресей Федерациясының Ауғанстандағы елшісі Дмитрий Жирнов Талибанның өкілдерімен кездескен болатын. Сондай-ақ, ол «Кабулдағы жағдай Ауғанстанның экс-президенті Ашраф Ганидің кезіне қарағанда Талибанның кезінде жақсырақ» екенін мәлімдеді. Бұл Ресейдің ресми ұстанымы қай бағытқа ауып бара жатқанын білдірсе керек. Тағы да назар аударарлық жағдай Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуі Өзбекстанның халықаралық аренадағы, Орталық Азиядағы салмағын арттыруы мүмкін. Өйткені Өзбекстанның Ауғанстанмен шекаралас болуы, әскери лидерлердің бірі Абдул-Рашид Дустымның Өзбекстанды паналауы, сондай-ақ АҚШ, Ресей бастаған алпауыт мемлекеттердің Ауғанстандағы жағдайды реттеу, босқындарды паналату, әскери қақтығыс жағдайында осы елдің әскери және территориялық әлеуетін пайдалануға тырысуы сынды мәселелер бұған себеп. Қазірге дейін әлемдік алпауыт елдердің басшылары, құзырлы өкілдері Өзбекстан басшылығымен жиі телефон арқылы байланысуда.
Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының толыққанды мүшесі ретінде болашақта Орталық Азияда орын алуы ықтимал әскери қақтығыстарға араласуын да жоққа шығаруға болмайды. Аталған ұйымның Бас хатшысы Стансилав Зась 2021 жылғы 16 тамызда алдағы жақын айларда Тәжікстанның Ауғанстанмен шекаралас аймақтарында ҰҚШҰ-ның әскери жаттығуы өтетіндігін хабарлады.
Кейбір азаматтар Ауғанстандағы этникалық қазақтарды елге көшіру мәселесін де көтеруде. Өйткені Сирия­да Жусан операциясы арқылы шет мемлекеттен ел азаматтарын алдыру тәжірибесі бар. Алайда бұл жөнінде ресми биліктің ұстанымы әзірге белгісіз.
Ауғанстандағы ахуал өте күрделі. Уақыт өткен сайын күтпеген мә­лімдемелер жариялануда. Ұзақ уақыт тұрақсыз болған Ауғанстан жерінің жағдайы алдағы уақытта не болары белгісіз. Бұл өз кезегінде Орталық Азия өңіріндегі Қазақстанды да алаңдатуда.

Дайындаған Айнұр ӘЛИ
21 тамыз 2021 ж. 660 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031