» » Үміт. Күдік. Арпалыс...

Үміт. Күдік. Арпалыс...

КҮН ӘДЕТТЕГІДЕЙ ЕМЕС, ЖЕЛ СОҒЫП, САЛҚЫН ЛЕП ЕСУДЕ. КҮН САЛҚЫНДАЙ ТҮССЕ ӘДЕТІМІЗ ЕМЕС ПЕ, «ОСЫ АПТА ЫСЫМАЙДЫ ЕКЕНГЕ» БАСАМЫЗ. КҮН ШАҚЫРАЙЫП, ТАС ТӨБЕҢНЕН ТҮСКЕНДЕ КӨЛЕҢКЕ ІЗДЕП КЕТЕТІНІМІЗ ТАҒЫ БАР. АЛ СУЫСА СӘЛ ДЕ БОЛСА КӨҢІЛДЕНІП, МАҚАЛА ІЗДЕП КҮНІ БОЙЫ МӘЛІМЕТ ЖИНАУҒА ӘЗІРМІЗ. БҮГІН ДЕ СОЛ. ҚОЛҒА ІЛІНГЕН ЫҢҒАЙЛЫ КИІМДІ СЫРҒЫТЫП АЛДЫҚ ТА ЖҰМЫСҚА БЕТТЕДІК. ЖҰМЫС БАРЫСЫ ӘДЕТТЕГІДЕН БАСҚАША БАСТАЛДЫ.

Түскі үзілістен соң. Енді ғана 14.30 болған сағат тілі жүріп болмайды. 15.00-де орындар миссиямыз бар. Соған асықтық па, әйтеуір ауық-ауық қойын дәптеріміз мен фотоаппаратымызды саймандап қоямыз.
– Дайынсың ба, кеттік, – деді әріптесім шалт қимылдай.
Ә деместен ізінен ере жеңіл көлікке отырдым.
– Қорқыныш басым болып тұрғанын қарашы, – дедім сол баяғы еркелігіммен бұртия.
– Шынымен дайынсың ба? – деп тағы сұрады ол.
– Әрине, әр мақаланы жазарда оны сезініп, түйсініп, бастан өткеру керек екенін білесіз ғой. Тәуекел, бастысы моральды сынбау, – дедім өзімше үлкен адамдай сөйлеп.
– Оның рас. Бағыт қайда? – деді ол еш тосылмастан.
– Аудандық ауруханаға. Қазіргі ахуалды біліп, өзім де «қайнап жатқан» ортаға түсіп, індетпен күресіп жатқандарды көзбен көремін, сөйлесемін, қалың оқырманға әлі де босаңсуға болмайтынын жеткіземін, – дедім өзімше батырсынып.
– Әп бәрекелді. Қазір әлемжелідегі қауесетті оқып алып, талайы бұл індетіңе сенбей жүр ғой. Қанша шектеу жасаса да, тоқтам жоқ. Дүркіреген той, құдалық. Одан қалды антиваксерлердің кесірінен көбі жапа шегіп отыр. Вакцина алмай, ауырса емделмей уақытын босқа өткізіп алып жатыр. Тіпті бұл фәниден аттанғаны қаншама, – деді әріптесім терең күрсініп.
Үнсіздік. Арада көп уақыт өтпей діттеген жерге де келіп қалыппыз. Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Алтынай Жүсіповамен жо­лығып, біздегі мән-жайды айттық. Ал ауданның ахуалы маусым айының аяғы мен шілденің басында күрделе түскен. Қазір ол уақыттағыдай емес. Дегенмен босаңсуға болмайды.
– Қазір 120 төсек орын бар. Оның 10-ы жансақтау бөлімінде. 3 постта дәрігерлер, 20 медбике мен 20 аяжан жұмыс істеуде. Жыл басынынан бері індет жұқтырғандардың саны 256-ға жетті. 12 тамыз күнгі көрсеткіш бойынша 70 адам вируспен күресуде. Оның 56-сында COVID-19, 14-і пневмония, 6 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. 2 адам ауыр халде, аппаратта жатса, 4-еуі кислородта. Науқастар арасында 6 жүкті әйел бар. Жас шамалары 73 бен 38 арасында. Ал сол емделіп жатқан 70 науқастың тек 2-еуі ғана вакцина алған. Қалғанында жоқ, – деді ол.
– Көбі сырттан жұқтырып әкелген бе? – дедік жалма-жан.
– Алматы, Нұр-Сұлтанға барып-қайтқандар бар. Той-томалақ, құдалық, қайтқан жерде болғандар көп. Қазір көбі отбасымен түскен. Бір үйден 2-3 адамнан. Шілденің басында індет өршігенде күніне 12 адамға дейін тіркелетін. 11 тамыз 7 адам түссе, 12 тамыз қазіргі сағат 16.00-ге дейін 3 адам түсті, – деді дәрігер.
– Былтырғыға қарағанда қазіргі аурудың симптомдары өзгерген бе? – дедік біз тағы сұрақты төпелей.
– Иә, қазіргі пневмонияда жөтел, дем жетпеу деген жоқ. Мәселен, адамда әлсіздік болады. Тамаққа деген тәбеті болмайды. Ал өкпесін рентгенге түсірсең жағдайы мәз емес. Біздің көбіне қосымша ауруы бар адамдарға вакцина ал дейтініміз, вирус жұқтырғанда жағдайы мүшкіл болмауы үшін. Егер індет жұқтырса әлгі қосымша ауруы қозып, организмі індетке төтеп бере алмайды. Жыл басынан бері 7 адам көз жұмды. Оның 5-еуі COVID-19 болса, 2-еуі пневмония диагнозымен, – деді Алтынай Жүсіпова сабырлы дауыспен.
– Вирус жұқтырған жүкті әйелдердің жағдайы қалай болмақ? – деп сұрадық.
– Қазір 6 жүкті әйел емделуде. Олар вакцина алмаған соң жұқтырып жатады. Ал осы кезге дейін вирус жұқтырған 3 жүкті әйелді емдедік. Қазір олар босанып үйлеріне шығарылған. Өздерінің де, балаларының да жағдайы жақсы. Ауырып жатқандардың барлығы дерлік вакцина алмағандар. Неге алмағанын, сақтанбағанын сұрасақ, көбі сенбейді. «Вирус жоқ» дейді не «вацина зиян, өтірік» деп жатады. Қазір әлеуметтік желінің дәуірі келіп тұрған заман болды. Біреу бірдеңе десе соған сенгіштігіміз басым. Антиваксерлер де қауесет таратып, оның зардабын халық көріп отыр. Денсаулық өзгеге емес, өзімізге керек. Осымен жылдан асты. Түйсінетін, тойларды доғаратын кезге жеттік қой, – деді дәрігер.
– Оныңыз рас. Вакцина десе, чип салып жатыр деген тағы шықты. Айтатыны жоқ, ми уланып жүргенде жағдайымызды нашарлатып аламыз, – дедік біз де ашына.
– Біздегі ахуал осы. Ендігі үстімізге арнайы киімдерді киіп, емделушілердің арасына кірейік, – деді ол.
– Әрине, дайынбыз, – дегенімізбен төбеден біреу суық суды құйып жі­бергендей. Түсінесіз бе? Вирус жұқтырып, емделіп жатқан ошаққа кірмекпіз. Қы­зығы мен шыжығы мол біздің мамандық, кейде бізді отқа да, суға да түсіретіні бар. Жұмыстан қашып құтыла алмайсың. Сол баяғы серігің – қойын дәптеріңді қолға қысып, ағысқа қарсы тұрасың. Содан не керек, медбикелер әріптесім екеуімізге аппақ арнайы кәстөм әкелді. Оны киюдің өзі бір қызық. Олай да бұлай қиналып жатқан бізге ақ халаттылар келіп көмектесті. Алдымен үстіңгі киімін кидік. Аяғымызда бахила. Одан соң басымызға тағатынын тағып, бетпердеміздің сыртынан респиратор кигізді. Арнайы көзілдірігі тағы бар. Қолға перчатка киіп болған соң ғана «болды» деді олар. Қап кигендей мелшиіп тұрып қалдық.
– Мәссаған, көзілдірігім буланып жатыр, – дедім бұлдырлаған дәрігерлерге қарап. Олар не десін, «енді өзі солай болады» дейді ауық-ауық.
– Кеттік, – деген Алтынай дәрігердің ізіне ілесіп біз де кірдік.
Қорқынышты кинодағыдай үзінді осы сәтте басталды...
Жарық онша түспей тұр. Ұзын коридор. Қадам басып жүрген сайын жүрек шіркін дүрсілін күшейтіп жатыр, күшейтіп жатыр. Бастысы психологиялық тұрғыда мықты болу деп қоямыз іштей. Дәлізге кіре берісте қаз-қатар тізілген кислород баллондар тұр.
– Қазір бізде 70 баллон бар. Күніне 20-25 баллон қолданылады. Ал Қызылордадан жеткізу уақытылы, күн­де келіп тұр. Тапшылық жоқ, – деді дәрігерлер.Жүріп келе жатырмыз. Бұл сәтте жүрек тоқтап қалуға сәл қалған. Қанша батырсынғаныңмен, індетпен бетпе-бет келгенде дәрменсіз күй кешеді екенсің. Әлгі ұзын дәліз. Ілінген пленкалардан өтіп, жансақтау бөлімінің алдына тоқтадық. Сырттан-ақ аппараттың дауысы естіліп тұр. Ал өмір мен өлімнің ортасында арпалысқан науқастардың дыбысы одан қатты еді. Көзін ашпайды, қозғалмайды, сөйлемейді... Тек ауыр деммен демалғаны құлақты жарып барады. Ұзақ кідіруге жүрек те шыдамайды екен. Келесі бөлмеге өтіп, осындағы емделушілермен аз-кем әңгімелестік.
– Амансыздар ма? – деп есіктен ене бергеніміз сол еді «Шүкір ғой» деп бастаған әңгіме ақхалаттыларға алғыс айтумен аяқталды.
– Қазір мына телефон деген бәле болды. Осымен-ақ миымыз әбден уланып қалған. Вирус жұқтырып, қатты ауырдым. Шырылдап жылаған бала, ыңырсыған науқастар. Көңілсіз, сұм көріністер. Ал бірер минутқа техникалық ақау орын алғанда өмір мен өлім арасын жалғап тұрған аппаратта жатқандар арғы өмірге барып келгендей күй кешеді. Сол екі минут екі жылға татыған болар. «Қызда-а-р» деген дауысы әзер шыққан жандарды көргенде жанымызды шүберекке түйдік. Көз алдыңда бұл өмірмен мәңгілікке қоштасып, шыбын жаны үзілгенде, үйіңе аман-есен оралғың келеді. Алайда білікті мамандар біздің дертті жеңуіміз үшін қолдан келгенін аянып қалмады. Демалып немесе ұйықтап отырған ақ халаттыны көрмедік. Қашан көрсең, ем-дом жасап, хал сұрап зыр жүгіріп жүргені. Ал түнімен кислород баллонын таситын жігіттерді айтсаңшы. Ұйқы жоқ. Әрі-бері шапқылап жүр бәрі. Қауашақтай қыздардың өзі әлгі үлкен баллондарды әкеліп, жалғап жатады. Аман болсын! Әуелі Алла, екінші осы ақ халатты абзал жандардың арқасында бетім бері қарады. Сақтанып жүріңдер, – деген Алмаш Боранбаева көз жасына ерік берді.
«Бұйырса жазылып шыққан соң жасыма қарамай вакцинаны міндетті түрде аламын. Тіпті бірнеше рет ал десе де аламын» дейді апа сөз арасында. Кислородта отырған емделушімен сөйлесіп, көңіліміз де құлазып қалды. Соны байқаған болуы керек. Алтынай дәрігер:
– Бұл кісі 12 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Осы жақында ғана жағдайы қалыпқа түсіп, палатаға ауысты. Апамыз солай бір өлімнен қалды, – деді күрсініп.Палатадағы апалармен қоштасып, келесі палатаға кірдік. Мұнда ерлі-зайыптылар ем алып жатыр екен. Бізді көрген ол ә деместен халықты қорғануға шақырды.
– Қиын. Өте қиын. Өмір мен өлімнің арасында арпалысасың. Көпшілікке айтқым келеді. Сақтанып жүріңіздер, вакцина алыңыздар, бетпердені тастамаңыздар. Денсаулық өзімізге керек. Аман-есен жазылып шықсақ, міндетті түрде вакцина аламыз. Өйткені вакцинасы бар адамдар қанша жұқтырса да олардікі жеңіл өтеді екен. Қазір жағдайымыз жақсарып келеді. Күні-түні қарап, қадағалап, ем-домын аямаған аурухана ұжымына алғысымды айтамын, – деді отағасы.
Иә, еміне шипа тапқандардың алғысын арқалаған ақ халаттыларды жерден алып, жерге салу да қоғамда дендеп барады. 24 сағат бойы әлгі біз 10 минутқа шыдамаған «қапты» киіп, тапжылмастан қызмет еткен олар қандай болмасын құрметке лайық. Біз келген сәтте КВИ жансақтау бөлімінің меңгерушісі, реаниматолог Жандос Мейірманов пен дәрігерлер Әсел Хайдарова, Сақып Кенжебаева, Мұхтар Пазыловтар қауіпке қарсы қарекет етіп жүр екен.
– Біздің мақсат – науқасты қалай да болса емдеп, шығару. Гиппократ антына адал болу. Бастысы – күн-түн демей, талмай-тынбай халыққа қызмет ету, – дейді олар сөз арасында.
Қош. Әлгі қорқынышты дәлізден кейін жүріп, тысқа беттедік. Үстіміздегі кәстөмді шешіп тастауға, таза ауамен еркін тыныстауға асықпыз. Шыдамдылық әлдеқашан өз шекарасынан шығып кеткен. Сондағы небәрі 20 минут. Сол уақыт құдды бірнеше күнге созылғандай. Тез-тез жүріп әлгіні шешуге асығып келеміз. Ізімізден ерген ақхалаттылар «олай емес, қолғапты ең соңынан шешіңіз» деп шыр көбелек айналып жүр. Айтқандары бойынша шешініп, көздегі көзілдірікті шешкен бойымыз сол еді. Бұрқ етіп парша-парша тер бетімізді шайып өтті.
– Мәссаған, мына киіммен қалай жүрсіздер? Мүмкін емес қой, – дедік жалма-жан.
– Біз үйреніп кеткенбіз ғой. Амал жоқ, вирус жұқтырмаудың төте жолы осы, – деді медбике.
Рақметімізді айтып, жұмыстарына сәттілік тілеп кете бардық...
...«Болды ма?» деген әріптесімнің сұрағына «Бітті» деп жауап беруге аузым ашылар емес. Жәй ғана басымды изеп, сүйретіле ізінен ердім.
– Неткен қиын. Бір күн толмай мына отырысымды қараңыз. Түкке «желанием» қалмады. Көңілім құлазып барады. Қашан... Қашан бұрынғы бетпердесіз, емін-еркін жүретін күнге жетеміз? Қашан адамдар ауырмайтын, індеттен көз жұмбайтын уақыт болады? – дедім бұртия.
Біз көрген, асылында ауыр жүк арқалаған ақ халаттылардың бейнесі, жағдайы мүшкіл науқастар келбеті өңмеңімнен өтіп кетсе керек, көзден ыстық жас ытқып шықты. Қанша білдірмеуге тырыссаң да діріл қаққан дауысың бәрін аңғартып-ақ тұр.Түйін
Біз қашан, қашан той-томалақты, жиынды доғарамыз? Біле тұра, індеттің барын көре тұра неліктен бізде тоқтау жоқ? Неге әлемжелідегі түрлі қыңқуға сеніп, мамандар кеңесіне құлақ аспаймыз? Қашанғы жақындарымызды қауіпке қия береміз?
Біз көрген құбылысты тек дәрігерлер мен науқастар, басынан өткергендер ғана көріп жүр. Оларда тек күдік бар. Оған ақ халаттылар үміт сыйлауда. Солай арпалысқан уақыт өз дегенін жасатып жатыр. Ал сіз вакцина тұрмақ, әлі де бетпердесіз жүруді дұрыс санайсыз...

Айнұр ӘЛИ
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)


14 тамыз 2021 ж. 806 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031