» » Қоғамдық жұмыс немесе көшедегі бір күн

Қоғамдық жұмыс немесе көшедегі бір күн


Күн кешегідей емес, жылы лебін ызғар басқан. Күн сына түссе әдетіміз емес пе, жеңіл киініп, қорбаланған киімді дорбаға тастаймыз. Мен де сол, күн райының құбылатынын ескермей, сұрғылт пальтомды сырғытып алдым да жұмысқа беттедім. Жұмыс барысы әдеттегіден басқаша басталды. Ал әлгі жұқа пальто өзіме жау болғандай.
Сағат тілі таңғы 9-дан енді кетті. Өтіп болмайды. Өзі бүгінгі орындар миссия да ерекше еді. Соған асықтық па, әйтеуір ауық-ауық қойын дәптеріміз мен фотоаппаратымызды саймандап қоямыз.
– Дайынсың ба, кеттік, – деді әріптесім шалт қимылдай.
Дым деместен ізінен ере жеңіл көлікке отырдым. Бұл машинаң талай ауылдың ойыс-қуысына түсіп, талай жолдың шаңын шығарған. Кейде таныстардың «Легендарный Ауди» деп атайтыны бар. Ондайда бір марқайып алып, кезекті саяхатымызға аттанып кетеміз. Бұ жолы кенттен алыстамадық. Ақ ұлпа қар жапалақтап жауып жатыр.
– Бүгін күннің де суытып кеткенін қарашы, – дедім сол баяғы еркелігіммен бұртия.
– Шынымен дайынсың ба? – деп тағы сұрады әріптесім.
– Әрине, әр мақаланы жазарда оны сезініп, түйсініп, бастан өткеру керек. Сонда ғана сол мәселенің өзегін көресің, оны жеткізе білесің, – дедім өзімше үлкен адамдай сөйлеп.
– Оның рас. Бағыт қайда? – деді ол еш тосылмастан.
– Жосалы кентінің әкімшілігіне. Қоғамдық қызметкерлердің жай-күйін біліп, өзім де солармен бірге жұмыс істеуге рұқсат аламын, – дедім батырсынып.
– Әп бәрекелді...

Үнсіздік. Арада көп уақыт өтпей діттеген жерге де келіп қалыппыз. Кент әкімі Шыңғыс Сыдықовпен жолығып, мән-жайды айттық. Келісімін беріп, қоғамдық жұмыс істейтін қызметкерге арналған ашық сары түсті жакет ұсынды. Алыстан менмұндалайтын бұл киім өз қызметтестеріңді тез табуға таптырмас дүние. Күтетін уақыт жоқ. Ширақ қимылдап, тапсырылған жұмысқа кірісу керек. Әдетте 15 шақты қызметкерден топтасып жүретін олар бүгінгі ауа райына байланысты екі адамнан әр көшеге бөлініп кетіпті.
– Әне жүр, – дедім сары жакет киген келіншектерді көргенде балаша қуанып.
Жанына жақындап, ендігі қызметтес болатынымызды айттық. Бастан-аяқ бізді сканерден бір өткізді де «кеттік» деді. Бетте маска, үстімде жакет, қолымда резеңке қолғап. «Жұмыс істеуге мұндай суық күн де кедергі емес» деп қолыма қап алдым.
– Осы Қорқыт көшесінің бойындағы қоқыстың барлығын қапқа жинау керек. Қоқыс жәшіктеріндегі қалдықтарды да сала жүр, – деді орта жастағы келіншек.
Басымды изеп, айтқанын орындай бастадым. Төртінші жәшікке жетпей қолым талып барады. Әлгі қап дегенің толып қалыпты. Бос бөтелкемен-ақ салмағы еселенуде. Ойды бөліп, үнсіздікті жойып, жұмысты еркін жүргізу үшін қасымдағы апайды әңгімеге тарттым.
– Есіміңіз кім? – дедім көп кідірместен.
– Айсұлу, – деді ол онша-мұнша ашыла қоймай.
– Бұрыннан бері осында жұмыс істейсіз бе? – дедім тағы сұрағымды қойып.
– Маусым айынан бері осындамын. Күн ыстықта да, суықта да осы жұмыс. Қандай тапсырма беріледі, сол бойынша бөлінген көшеміздің тазалығын ұстаймыз, – деді ол ендігі ашыла сөйлеп.
– Адал еңбекпен нан тапқанға не жетсін, – деп қоямын арасында.
Әлсін шыққан дауысынан шаршаңқылық байқалады. Әрине, таңын қара жұмыспен атырған ол кешке дейін осылай батырады. Қанша ауырсынғанымен шүкіршілік етуді аузынан тастамады. Мен де есімін білген соң тегін сұрауға жүрексіндім. Жәй ғана «Айсұлу әпке» деп жақындай түстім.

Ол – Жалағаш ауданының тумасы. Осында тұрмысқа шығып, қарапайым отбасының түтінін түтетіп отыр. 44 жастағы келіншектің 3 батыры бар. Олардың болашағына, оқуына, қатардан қалмауына, бастысы күнделікті ішер асын табуға алаңдайды. Ал отағасы – жұмыссыз. Тек жаздыгүні табыла қалса әртүрлі қара жұмыс істеп күнелтеді. 3 бала болған соң жәрдемақы алмайды. Тек жалғыз асыраушысы осы анасы. Айсұлудың мамандығы, білімі бар. Жастайынан есепші болуды арман еткен ол училищеде бухгалтерлік білімін шыңдайды. Алайда алдына кездескен қиындық пен сынақ әйтеуір арманына жеткізбейді. Қазір міне, екі қолына бір күрек алып, қара күшпен еңбек етіп жүр.
– Күн суықта қатты тоңып, бүрсең қағамыз. Кешке дейінгі жүрістен аяғымыз қақсайды. Отбасын бір адам асыраған соң ауыртпалық та күшейеді екен. Тапқан табысым айға жетпейді. Өмірге налып қайтеміз? Осы күнімізге шүкірлік етемін, – деді ол сөз арасында.
Жайдары жүзі, сөйлегені жағып барады. Сондай майда. Әңгіменің қызығына кіргенімізде қолымыздағы қаптың тез толып қалғанын аңғармай қалыппыз.
– Аузын жауып, мына жерге қой. Тиеп алып кетеді, – деді көшенің арғы бетінде тұрған келіншек.
«Жарайды» дегенімше болмады, қолындағы қабын сүйрей біз жаққа жақындап қалыпты.
– Қабың толыпты ғой. Енді аузын осылай мықтап байла, – деді ол аңқылдаған күйі. Сірә, мұнда бұрыннан қызмет істеп жүрген болуы керек. Интуициямыз алдамапты.
34 жастағы Ғалия 5 баланың анасы. Жосалы кеңшарында дүниеге келген ол осы жаққа тұрмысқа шығады. Әлгіде көпбалалы отбасыға берілетін әлеуметтік көмек бар еді ғой? Соның ережесі бойынша отбасындағы бір адамға жұмыс ұсынылады. Міне жұмысқа осылай кіріскен оның осында жүргеніне де 2 жыл болыпты. Барлық ауыр жұмысқа еті үйренген. Суығына төзіп, ауырына көніп келеді.
– Біздің бағыт осы көшенің бойымен тура кете береді. Сенімен осы жерде қоштасайық, – деді ол жайдары сөйлей.
Расымен, ұзын көшенің шегі көрінер емес, дария жаққа дейін барады екен. Жұмыстарына сәттілік тілеп, келесі көшеге беттедік.
Көшербаев көшесі. Жол жиегіндегі арық ішін батпақтан тазалаған ағалар. Барлығы да осы қоғамдық жұмыс қызметкері. Әңгімеден алшақ болғаны бізге тіпті мән де бермеді. Қызу тіршіліктің қамына кірісіп кеткен. Әйтеуір арасынан Талғат есімді орта жастағы аға қасымызға келді. Жұмыстары да әжептәуір ауыр екен. Нәзікжанды болған соң әрі-бері бұл жұмысты істемеуімді айтты. Дегенмен басталған іс соңына жетуі керек. Жерге сүйенген ұзын күректі алдым да еш қымсынбастан арық ішіне түстім. Мұз боп қатқан топырақ, батпақты ломмен жарған ол жұмыс арасында әңгімесін жалғастырды.
– Үш балам бар. Келіншегім мектепте еден жуушы. Осылай бұйырған жұмысты істеп, нан тауып жүрміз. Күнделікті шаруа осы, кент ішін тазартып отырамыз, – деді ол.
Тастай қатқан топырақ ауыр күштен үгітіліп жатыр. Сол бойда күреп алып, сыртқа атып-ұрып әлекпін. Бала күннен ауылда жер аударып, бақша еккен біз бұл тапсырманы жеңілсіндік. Алайда қиындығын айтып қиыстыру мүмкін еместей еді. Үстіме киген жеңіл пальтомда түк жылу қалмаған. Соққан суық желден қалш-құлш етемін. Аяқтан ыза өтіп, қолым жансызданып барады. «Мұз боп қатқан» бұл түрім алғаш рет. Тығылар тесік, жылынар жер таппай әлекпін. Тек мені аман алып тұрған былай да былайғы қозғалысым еді. Солай жүріп берілген миссиямызды тәмамдадық.
Кеш манағыдан суытып кетті. Дене де сол ызғарға үйренгендей. Екі аяқ пен екі қол жансызданған, талып барады. Басыма оралған орамалдан ұйпа-тұйпасы шығып шашым тұр. Әлсін-әлсін көзге жаққан бояу ағып кеткен. Су жаңа сары жакет қап-қара. Жылуы жоқ пальтомның да өңі кетіп қалыпты. Аяқ батпаққа белшеден батқан. Тіпті шалбарымның балағы сөгілген. Апыр-ау, сонша не істегенмін, жер қазғанмын ба деп қоямын іштей.
– Жұмыс бітті ма? – деді әріптесім қолымнан сүйей.
«Бітті» деуге аузым ашылар емес. Жәй ғана басымды изеп, сүйретіле орнымнан тұрдым. Машинаның пешіне біраз жылынып алып, тіліме сөз келе бастады.
– Неткен қиын. Бір күн толмай мына отырысымды қараңыз. Түкке «желанием» қалмады. Тек жылы төсекке жатып, ұйықтағым келіп тұр, – дедім бұртия.
Сол арқалаған жүк өңмеңімнен өтіп кетсе керек, көзден ыстық жас ытқып шықты. Бала күнімізде анамыз біз үшін талмай, тынбай базарда сауда сатты. Ауылдардан келген балықты қап-қабымен олай да бұлай тасып, тазалап, өткен-кеткенге өткізетін. Сол кезде «неге кеш келесіз?» деп біраз өкпелейтінім бар еді. Айналайын, ата-анамыз біз үшін осылай қара жұмысқа жегілген екен ғой. Тоңса да, шаршаса да білдірмей, бар мейірімін төгіп, тамағымызды алдымызға қоятын. Осы кадрлар бірінен соң бірі көз алдымнан сырғып өте берді, өте берді...
...Қарбаласқан тіршілікте барлығы да жұмысбасты. Кім не істеп жүр бірінде-бірі шаруасы жоқ. Әрине, жұмыстың оңайы болмайды. Дегенмен сау деніңді айға жетпейтін айлық үшін қию деген... Бәрі күнкөрістің қамы ғой. Бірақ бір күн қызметтес болған жандардың тілегі бір еді. Ол – еңбек бағаланып, аз да болса табысының еселенуі. Соған сенеді де, кенттің көркеюіне адал қызмет етеді.

Түйін
Кент әкімдігінің мәліметінше, 18 ер, 45 әйел қоғамдық жұмыс атқарады. Жалақылары өткен жылғыдан көбейіп, қазір елдегі ең төменгі күнкөріс 42 500 теңге алады. Дегенмен анау-мынау ұстайтыны бар, сондағы қолға тиетіні 37 мыңға әрең жетеді. Қош.
Айнұр ӘЛИ


13 наурыз 2021 ж. 887 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 427

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 502

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930