Тағылым


   Былтыр елімізде ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Осы мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді.
Абай күніҚазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген және жыл сайын елімізде Абай атамыздың туған күнінде аталып өтіледі. Абайды біз көбіне лирик ақын, философ, аудармашы ретінде ғана танимыз. Әрине тұлғаның табиғатқа жан бітіретін, жинаған өмірлік тәжірибесімен бөлісіп қарасөзге дес бермейтін шешендігі, сырттан аударған дүниелерінің қолмен қойғандай ақындығы өзінше бір бөлек дүние. Бірақ тарих беттеріндегі көптеген деректерді оқи отыра ол кісінің басқаша қырларын да біле түсудеміз. Жалпы, Абайды елге кеңінен танытуға, зерттеуге, Абайтануды алғаш бастаған алаштықтар еді. Олай дейтін себебім 1913 жылы «Қазақ» газетінің №39-41 сандарына, сол газеттің редакторы болған Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді мақала жариялаған екен. Тіпті, бұл мақала қазақтың бас ақыны туралы жазылған алғашқы кең көлемді мақала еді. Осы мақала арқылы ақынның ғылым-білімге барынша ұмтылғаны, балаларын оқу-жазуға үйретіп, кітап, газет-журналдарды жаздырып ауқатты тұрмыс құрғанын байқаймыз. Әкесі Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулыды. Оны оқудан ерте шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді. Зеректігінің, алғырлығының арқасында 16 жасында билікке араласып 9 жыл бойы Шыңғыс болысын және 3 жыл бойы Мұқыр болысын басқарып, 6 жыл би болып сайланған. Билікте болған жылдарда қазақ даласындағы әлеуметтік өмір қайшылықтарды тани түседі. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты, жергілікті кейбір жағымпаз болыстар әрекеттерінің халық тағдырына кеселін, зияндылығын түсініп, соған карсы батыл қимылдар жасаған. Алайда оның тамыры тереңде жатқанын, отарлау жүйесінің бел алып, елдің кұрсауда қалғанын сезіп күйзелген. Патша үкіметінің отаршылдық саясатын түсінбейтін танымы таяз болыстар мен билеушілерге қарсы күрескен. Оның жетекшілігімен 96 баптан тұратын «Қарамола заңдары» деген атпен белгілі, сол заманға сәйкес әдет-ғұрып заңдары қабылданады.
«Жеті жарғыдан» кейін қазақ даласында әдет-ғұрып құқық нормаларының жүйеленген нұсқасы – «Қарамола заңдары». Бұл – қазақ билерінің ең ауқымды және соңғы қабылдаған әдет-ғұрып заңдары. Заңды қабылдауға 40 болыстың беделді билері қатысқан. «Қарамола заңдары» Қазан қаласында қазақ және өзбек тілдерінде жарық көрген және Кеңес төңкерістеріне дейін кең көлемде қолданылған. Ел баскару қызметінде «тура биде туған жоқ» принципті ұстанған. Әрине тұлғаның бұл қылықтары кейбіреулерге ұнамай дұшпандық жанжалға әкеліп, қастандық та жасалған екен. Яғни Абай тек қана өлең жазумен емес елдің өміріне де белсене араласқан. Сонымен бірге ақынның ғылыммен шұғылдануға өзінен кейінгі жастарды үгіттегенін де көреміз. Оның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп аталатын 1885 жылы жазған өлеңі осының дәлелі болып саналады. Кештеу болса да орыс, Еуропа ақын-жазушылары мен ғалымдарының ойлары мен пікірлеріне ден қоя білгендігі таң қалдырады. Оны өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына барынша тереңірек бойлап, өзін мазалаған «Мен кіммін? Жан иесі өмірінің түпкі мәні неде?» сияқты  сауалдарға жауап табуға тырысқан. Абай рухани жетілуді  атап көрсетеді.
Оның айтуы бойынша жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді Абай. Жалпы біздің ұғатынымыз Абай ұлтын сүйе білгендігін, қамын жегендігін өз ісімен дәлелдеген тұлға.
 Сөзімнің соңында ойымды шығыстанушы-тарихшы Сергей Кляшторныйдың мына жазбасымен аяқтағым келеді: «Қазақ ағартушыларының қатарында Абай несімен ерекше? Ең алдымен – адамгершілік, рухани тазару және тәрбие міндеттерін маңдай орынға қойғандығымен. Оны «қазақтың бас ақыны» еткен ақындық дарынның бар күші, ағартушылығының бар қуаты тікелей осы міндетті орындауға бағышталды. Абай өз айналасынан надандықты, рухани мешелдікті, адам табиғатына тән жиіркенішті қылықтарды көп көрді. Рухани азғындықты ауыздықтаудың жолын, жақсылық пен ақыл-сезімнің салтанатын Абай еңбек пен оқудан көрді.»


Ермек ЖЫЛҚЫБАЕВ,
С.Есқараев атындағы №27 мектептің мұғалімі
10 тамыз 2021 ж. 417 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031