» » Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

Індет іргемізге келгелі бері білім беру саласына айтарлықтай жүк түсті. Мүлде қолданыста болмаған қашықтан оқыту форматы қолданылды. Кейіннен кезекші сыныптар қосылып, эпидахуалға орай оқушылар бірде қашықтан, енді бірде дәстүрлі форматта білім алуға мәжбүр болды. Індеттің ауылы әлі де алыстай қоймады, сондықтан да көптің көкейінде «биыл оқушылар мектепте бара ма екен?» деген сауал бар. Ата-аналарды толғандырған сұраққа біз де жауап іздедік.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылар мен студенттерді дәстүрлі форматта оқытуға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған орай министрлік жаңа оқу жылына қатысты ұсынымдарды әзірлеуде.
Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев дәстүрлі оқытудағы басты ережелерді былайша түсіндірді.
­­­– Әрбір әкімдіктің білім басқармасы мен білім беру ұйымдарының пандемия кезінде санитарлық талаптарды сақтай отырып кезекші сыныптар мен мектептердің жұмысын ұйымдастыру­да тәжірибесі бар. Дегенмен күндізгі оқу процесін ұйымдастыру мәселесі­не үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бастысы – балалардың денсау­лы­ғы. Сондықтан әр сынып басқа каби­нетке ауыспай, өз кабинетінде оқи­ды. Оқушылар да мұғалімдер сияқ­ты бетперде киеді. Үзілістер әртүрлі уақытта болады, қажет болған жағдай­да қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте температураны өлшейтін және дезинфекциялық құралдардың болуы міндетті. Сондай-ақ оқушылардың білім олқылықтарын толтыру бойынша педагогтердің көлемді жұмыс жүргізуі маңызды, ­– деді ол.
Оқушыларға арналған сабақ кестесі санитарлық талаптарды ескере отырып жасалынуы тиіс. Яғни үзіліс уақыты әртүрлі болып, дәлізде оқушылардың топталып жиналмауы қажет. Сонымен қатар білім беру ұйымдары бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуден шектеледі. Тағы бір ескеретін жайт, санитарлық қызметтің талабы бойынша алдағы оқу жылында мектептерді ашудағы шарттардың  бірі – мұғалімдер мен қызметкерлерді вакциналау. Аймақ ұстаздары бұл талапты толықтай орындаған деуге негіз бар. Себебі облыс көлемінде
29 843 педагог  болса, қазіргі таңда вакцина қабылдау 95,7 процентке орындалып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан.
Көптің ойында жүрген тағы бір мәселенің бірі – мектеп формасы. Былтыр ка­рантин кезінде ми­нис­трлік оқу­шы­ларға мектеп фор­­масымен қатар клас­сикалық стильдегі киім­де де сабаққа қа­ты­суға рұқсат берген болатын. Ал жаңа оқу жылында қалай болмақ?
Бұл сұраққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз сұқбатында:
– Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Педагогтер мектеп формасының балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге ықпал ететінін, сол мектепке баратын ба­ла­лармен бірлікті сезінуге мүм­­­кіндік беретінін және ең бас­­тысы оқушылар арасындағы әлеу­меттік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Бірақ мектеп формасын қол­да­ған­дар мен қар­сы­лық біл­дір­гендердің пікірлерін сара­лап, бар­лық жағдайды ескеріп, біз оқу­шыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар клас­си­калық стильдегі киім­де де келуге мүм­к­індік бере­тін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек келесі оқу жылы үшін қабылданды, ­– деп жауап берді.
Мұндай шешімді қабылдауға ең алдымен эпи­демиялық жағдай негіз болған. Өйткені қазір еліміздің көптеген аймағы қызыл аймақта болғандықтан, ка­рантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қала­лар­да жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар ба­ла­ларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай барса, ұзын-сонар кезек болып, вирус жұқтыру қаупін тудырады. Сонымен қатар, кейбір отбасы­лар­дағы уақытша эконо­микалық қиындықтарға байланысты мек­теп формасын сатып алу отба­сы­лық бюджетке қосымша жүк­­теме болуы мүмкін. Осындай себеппен ата-ана баласына мектеп формасын ала алмаса, оқушы мектепке классикалық стильдегі киіммен баруына рұқсат етіледі.
Аудан мектептеріндегі санитарлық жағдайды, оқу жылын бастауға дайындықты тексеру үшін облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова біздің өлкеге де атбасын бұрды. Бірнеше білім ошағын аралап, дайындықты көзбен көрді.
­­– Балалардың қалыпты тіршілікке қайта оралып, дәстүрлі форматта оқуды сағынғаны рас. Дегенмен, індеттің өңірдегі ахуалына қарай оқу процесіне қажетті негізгі шараларды іске асыратын боламыз. Бұл ретте әрбір білім ұяларының дайындығы мен оқу ісіне қажетті талаптардың орындалуы жеке бақылауымда. Қысқа мерзімді еңбек демалысымнан келген күннен бастап мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын саралап, бірқатар аудандардағы білім ошақтарын аралап шықтым. Ал басқарма қызметкерлері мониторингтік кестеге сай барлық қала, аудан деңгейіндегі білім беру ұйымдарының оқу процесіне әзірлігін бақылады. Қауіпсіздікті сақтау үшін облыстағы барлық білім ошақтары Ashyg қосымшасына қосылды, – дейді басқарма басшысы өз жазбасында.  
Қазіргі таңда мектептегі кітаптар ата-аналарға түгелдей таратылған. Сонымен қатар, биыл облыс көлемінде 17 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Осы жылдың айтулы жаңалығының бірі – 1 сынып оқушылары үшін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығы қайта оралды. Бұл оқулықтар 1 қыркүйек күні балаларға салтанатты түрде табысталады. Айта кеткен жөн, алғашқы қоңырау салтанатына тек бірінші сынып оқушылары ғана қатысады. Жағымды жаңалықтарымен мол жаңа оқу жылы жетістіктерге толы болғай.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 тамыз 2021 ж. 502 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031