» » Ақылы бөлімде оқу үшін білім кредитін қалай алуға болады?

Ақылы бөлімде оқу үшін білім кредитін қалай алуға болады?



Елде мемлекеттік грант саны жыл сайын артқанымен, тегін оқу мүмкіндігі барлық студентке бұйырмайды. Гранттан қағылғаны жоғары білім алу үшін ақылы бөлімге түсуге мәжбүр. Ал оқу ақысын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Мұндай кезде тығырықтан шығар жолдың бірі – білім беру кредиті.Ол кімге және қалай беріледі? Білім кредитінің өзге несиелерден артықшылығы қандай? Қазақстанда кредиттің бұл түрі қаншалықты танымал? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Sputnik Қазақстан дайындаған материалдан таба аласыз.

Білім беру кредиті деген не?

Қазақстанда оқу ақысын төлеуге шамасы жоқ студенттерге кредит беру жобасы 2013 жылдары басталды. Банктен алған кредитке білім министрлігіне қарасты "Қаржы орталығы" АҚ кепілдік береді. Бұл дегеніміз, кредит төленбей қалған жағдайда, банктің алдындағы міндеттемелерді Қаржы орталығы өз мойнына алады.

"Бүгінде мемлекеттік білім гранттарының саны жылдан жылға артып жатыр. Дегенмен жоғары оқу орнына түссем деген талапкерлер де көбейіп келеді. Өмірде түрлі жағдай болады ғой. Кейбіреулері грантқа ілікпей қалады немесе ақылы бөлімде оқып жүрген студенттің отбасы асыраушысынан айырылуы мүмкін, ата-анасының біреуі жұмыссыз қалады, сол сәтте оқудан шығып қалу қаупі туындайды. Осындай қиындықтарды ескеріп, біз проблеманы шешу жолы ретінде білім беру кредиттерін ұсындық. Яғни, біз барлық студентті кредит алуға шақырмаймыз", - деп түсіндірді Қаржы орталығының өкілі Ақжол Құрмансейіт Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Білім кредиттерінің басқалардан айырмашылығы – несиені қайтару мерзімі бойынша жеңілдік бар. Студент кредитті төрт жарым жылдан соң қайтарады. Университетте білім алып жүрген жылдары тек пайыздық мөлшерлемесін төлейді. Ал оқу бітіргеннен кейін алты айдан соң, негізгі соманы қайтара бастайды.

Кредитті қай банк береді?

Ақжол Құрмансейіттің айтуынша, қазір білім беру кредитін тек бір ғана банк – Нұрбанк береді. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 20%.

Орталық өкілі өзге екінші деңгейлі банктер неге жобаға қатысуға құлықсыз екенін айтты.

"Мысалы, кез келген банкке барып, кепілсіз кредит алсаңыз, сізге несиені келесі айдан бастап төлетіп қояды. Ал бұл жерде сіз кредитті бірінші курста алсаңыз, сол соманы төрт жарым жылдан кейін, яғни оқу бітірген соң қайтарасыз. Сондықтан бұл банктерге тиімсіз. Олардың өз жеке саясаты болғаннан кейін, біз оларды қинай алмаймыз. Бірақ, банк өкілдерімен кездесу барысында жобаның әлеуметтік маңызына назар аудартып, түсіндіруге тырысамыз. Қазіргі таңда білім кредитін жалғыз банк беретіндіктен, пайыздық ставка да жоғары болып тұр", - деді ол.

Әйтсе де, Қаржы орталығы жобаға банктерді көптеп тарту үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Пайыздық мөлшерлемені төмендету бағытында да шаралар қабылдануда.

Білім беру кредиті он жылға дейінгі мерзімге рәсімделеді. Қаржыны жоғары оқу орнының шотына банктің өзі аударады.

Несиені Нұрбанктің филиалы бар кез келген өңірден алуға болады. Сондай-ақ студент білім кредитімен Қазақстанның кез келген жоғары оқу орнында оқу ақысын төлей алады.

Айта кетері, білім беру несиесі магистранттарға да беріледі.

Құжаттар тізімі

Білім беру кредиті студенттің атына рәсімделеді. Бірақ оған несие алу үшін қосалқы қарыз алушы (созаемщик) қажет. Ол ата-анасы немесе жақын туысы болуы мүмкін.

Студенттен сұралатын құжаттар:

жеке куәлік немесе төлқұжат;
ҰБТ тапсырғаны жөніндегі сертификат немесе соңғы оқу семестрінің транскрипты;
жоғары оқу орны мен оқу құны жазылған келісімшарттың көшірмесі.
Ал қосалқы қарыз алушы жұмыс орнынан табысын растайтын құжат пен соңғы 6 айда түскен зейнетақы жарналары туралы қағазды көрсетуге тиіс.

Құрмансейіттің сөзінше, бұл қаржы мекемесі талап ететін негізгі құжаттар. Алайда банк өз тарапынан басқа да қағаздарды сұратуы мүмкін.

"Несиені беру кезінде студенттің әлеуметтік жағдайы назарға алынбайды. Бай ма, кедей ме, маңызды емес. Ең бастысы – оның оқу үлгерімі. Білім беру кредиті ұсынылғаннан кейін, банк те, біз де студенттің жоғары оқу орнын лайықты аяқтап, қолына диплом алғанын қалаймыз. Сондықтан студенттің барлық сабағы "үш" болып, оқудан шығып қалу қаупі байқалса, әрине, банк тарапынан қосымша сұрақтар туындайды. Сол себепті оқу үлгерімінің жақсы болғаны, баланың өзіне де тиімді. Ал қосалқы қарыз алушының ай сайынғы кірісі қанша болуы керек екенін банк өзі анықтайды", - деді орталық өкілі.

Төрт жылдың оқу ақысын бірден төлеуге бола ма?

"Ондай мүмкіндік қарастырылған. Бірақ, көбіне, банктен бір жылдық оқу ақысы үшін кредит алады. Өйткені ақылы бөлімде оқитын студенттер кейін грантқа ауысып жатады. Сондықтан бірден төрт жылға ақша алатындар өте аз. Мәселен, екінші курста несие алған студенттер төртінші курста қайта жүгінеді. Яғни, банктен бір емес, бірнеше рет білім кредитін алғандар бар", -деді Ақжол Құрмансейіт.

Ол жоба басталғалы "Қаржы орталығы" жалпы сомасы 1 миллиард 981 миллион 936 мың теңгеге кепіл болғанын атап өтті. Ал жобаға қатысқан студенттердің саны – 3 546 адам. Банкке екінші рет жүгінген азаматтар, яғни кепілдендіру саны 7 287 құраған.

"Жоба басталғалы бері екі миллиард теңгеге жуық кепілдендіру беріліпті. Мұны аз деп те, көп деп те айтуға болмайды. Студенттер саны – үш мың. Қазақстанда білім алып жатқан студенттер санымен салыстырсақ, әрине, едәуір аз. Бірақ бұл, ең алдымен, білім гранттарының артуымен байланысты", - деді маман.

Білім алуға ақша жинау

Қазақстанда білім беру кредитімен қоса, білім алуға ақша жинау бағдарламасы да жұмыс істейді. Ол "Aqyl" депозиті деп аталады. Әр ата-ана ержетіп келе жатқан баласының атына депозит ашып, болашақта колледж немесе университеттің оқу ақысын төлеуге қаржы жинай алады. Депозитті ересектер өз атына да аша алады.

"Өсіп келе жатқан бала кейін мемлекеттік грант ала ма, жоқ па, оны ешкім білмейді. Сондықтан ата-аналар осы бастан қамдануы керек деп ойлаймыз. Депозитті кез келген жастан аша береді. Бакалавр, магистратура, докторантура, шетелде білім алу үшін де жинауға болады. Салымшы депозитке қанша ақша, қай уақытта салатынын өзі шешеді. Тек 3 АЕК-ке жетсе болғаны. Жиналған ақшаны баланың туған күніне сыйға да тартуға болады. Он миллион теңгеге дейін кепілі бар. Яғни мемлекеттен түсетін сыйақыға, жылдық өсімге ешқандай салық салынбайды және үшінші тараптардан заңмен қорғалады. Бұғатталмайды. Әке-шешенің басқа кредиттері төленбей жатса да, баланың білім алуға деп жиналып жатқан депозитіне ешкім қол сұға алмайды", -деп түсіндірді Құрмансейіт.

Айтуынша, бала 18 жасқа толғаннан кейін ақшаны алуға құқылы. Егер грантқа түссе, өз бауырының атына жазып бере алады. Қазіргі таңда республика бойынша 16 мың салымшы депозит ашқан.

Орталық өкілі білім депозиттеріне екінші деңгейлі банктер тарапынан қызығушылық жоғары екенін айтты. Бүгінде бағдарламаға төрт банк қосылған. Депозиттер бойынша жылдық өсімі 9 пайыз шамасында.

Halyk Bank –  9%;
Jusan Bank – 8,3%;
Нұрбанк – 9%;
ВТБ банк –  8,8%.
Бұған қоса депозитке мемлекеттің сыйақысы беріледі.

Жалпы санаттағы азаматтар үшін 5% болса, әлеуметтік жағынан осал топтағы, мысалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін 7% сыйақы қосылады.

Грантқа құжат қабылдау
Қазақстанда білім гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау 16 шілде басталды. Құжаттар электронды форматта қабылдануда.

Жоғары оқу орындарында құрылған виртуалды қабылдау комиссиялары балаларға бейнебайланыс арқылы кеңес береді.

Түлектер конкурсқа 6 мамыр мен 1 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін ұсына алады. Сонымен қатар аттестат, аттестатқа қосымшаның электронды көшірмелері және электронды құжат нысанындағы көлемі 3×4 сандық фотосурет қажет.

Құжат қабылдау 25 шілдеге дейін жалғасады.

ҰБТ-дан кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық университеттерге түсе алады.

"Педагогикалық ғылымдар" – кемінде 75 балл;
"Денсаулық сақтау" − кемінде 70 балл;
"Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кемінде 60 балл;
 басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл.
Биыл грант саны 5 мыңға артып, бакалавриатқа 56 мың грант бөлінді.

26 шілде 2021 ж. 371 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 295

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 392

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930