» » Пернеайымның пейілі-ай!

Пернеайымның пейілі-ай!


«Жақсылық көрсем – өзімнен...» демекші, өмірде адамның қандай, кім болмағы алдымен өзіне байланыстыдай. Таза пейілмен басқан әрбір қадамның алдыңнан жақсылық болып қайта шығып отырғанының талай куәсі болып жүрміз. Сондай жанның бірі – Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты қонақ үй меңгерушісі әрі тойхананың аға аспазы Пернеайым Көшербаева.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылға қонақтар жиі атбасын тірейді. Сондай сәттерде келген қонақтардың П.Амантайқызының қолынан дәм татпай кететіні кемде-кем. Жамбыл облысы, Амангелді ауылында дүниеге келген ол небәрі жиырма жасында Сыр еліне келін болып босаға аттайды.
– Бастапқыда үйренісуім қиын болды. Содан мені Болат Сүлейменов ағамыз аспаздық жұмысына алды. Есепші деген дипломым бола тұра мамандық бойынша қызмет қылуға жүрегім дауаламады. Не де болса қарапайым жұмыс істеп көрейін деп шештім. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолым қырман басында тамақ даярлаудан басталды. Тәжірибе жинай келе кафе, тойханаға ауысып, түрлі тағам түрін пісіруді меңгердім. Маған шаруашылық басшылығы сенім артқаны болар, қонақ үйге меңгеруші және тойханаға аға аспаз етіп сайлады. Міне, оған да биыл 33 жыл болады екен.
«Жақсыда жаттық жоқ» деген. Ауыл халқының жайдары көңілі, жайсаңдығы менің тосырқаған, қиналған сәттерімді тез ұмыттырды. Соның арқасында қазір туған ауылымды іздемейтіндей деңгейдемін, – дейді ойын бүкпесіз жеткізген аға аспаз.
Салтымызда ұзатылып бара жатқан қызға «барған жеріңде судай сіңіп, тұздай бат» деген тілек айтылады. Пернеайыммен бір дастарқан басында әңгіме-дүкен құра отырып, оның ақжарма лебізінен қазақ келініне тән ибалықты, имандылықты аңғарғандай болдық. Бәлки, судай сіңіп, тұздай бату деген осы болар, деген ой келді бізге. «Ауыл ұнайды. Ауызбіршілігі, адамгершілігі мол. Осының бәрі ауыл жұрты мен ұжымымның, жора-жолдастарымыздың жақсылығы. Елдің бірлігін мығым ұстап отырған басшыларымыздың, ел ағаларының арқасы. Мысалы, бір отбасы материалдық немесе моральдық жағынан көмекке мұқтаж бола қалса, барлығы жұмылып дереу жәрдем беріседі» дейді ол марқая сөйлеп.
Құт қонған өңіріміздің қайсыбір ауылы болмасын бөліп жарары жоқ. Олардың әрбірінің өзіне тән ерекшелігі бар. Оның ішінде Дүр Оңғар ауылында көптен бері қалыптасқан игі дәстүр мен темірдей тәртіп елдің бірлігіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға септігін тигізуде. Сөзіміздің дәлелі үшін айтайық, мысалы ішімдікке жол бермейді. Жаман әдетке бой алдырған адамды ақылға келмейінше еңбекке қоспайды. Одан бөлек, әрбір тұрғын үй-жайына ағаш, тал отырғызуы тиіс. Елді мекенді жасыл желекке орау – дүроңғарлықтардың көптен келе жатқан мақсат-мұраты. Тағы бір талап – егін науқанында таңмен таласа басталатын жұмысқа уақытында барып, еңбек үлгісін көрсету.
Жалпы ауыл халқын еңбекке, ауызбірлікке қалыптастыруда мемлекет және қоғам қайраткері, Сырдың нары атанған Қылышбек Әбішов ағамыздың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Нарық алқымнан алған тоқырау кезеңінде нардың жүгін көтеріп, парасат-пайымымен ауылын алға бастаған тұлғаның есімі ешқашан өшпек емес. Ол кісінің елге жасаған әрбір өнегесі бүгінде өркен жая түсуде. Ауылда ардагерлер кеңесіне ардақты азамат Бақытбек Тәуекелов төрағалық етсе, «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне облыстық мәслихаттың депутаты Орынбасар Төлепов басшылық жасауда. Сондай-ақ ауылдық округті білікті маман Әбимүсілім Қоқанов басқаруда. Бұл үш азамат та Қылышбек Қуанышбайұлының тәлімін алған, елді мекеннің экономикасы мен әлеуетінің дамуына аянбай тер төгіп келе жатқан өз ісінің шеберлері.
Жарты сағаттың көлемінде шүйіркелесе сөйлескенімізде байқағанымыз – Пернеайымның асхана мәзірінен гөрі, елдің бірлігі мен татулығына көп мән беретіні тәнті етті. Мұны біз қоғам мүддесіне атсалысу немесе қызмет ету деп ұқтық.
–«Бірлік бар жерде – тірлік бар». Ауылдың барлық тіршілігін басшыларымыз електен өткізіп, жай-жапсарын бағамдап отырады. Тасаттық деген дәстүр бар бізде. Оны бастаған Қылышбек ағамыз болатын. Сыртқа кеткен ауылдың тумалары дүниеден өткен әке-шешесін, ата-бабасын ұмытпасын, бастарын қоссын деп мақсатпен аруақтарға Құран бағыштап, бейіттің басына тазалық жүргізеді. Осындай сауабы мол іске жан-жақтан жерлестеріміз жиналады. Бүгінгі таңда серіктестік төрағасы Орынбасар Өтепұлы да сол кісінің бастаған ісін лайықты жалғастырып келеді. Былтыр карантинге байланысты кейінге қалдырылған. Қылышбек ағаның тағы бір басты ұстанымы – келген қонақтың жайы болуы керек деген қағида. Ағай сырттан тамақ алғызбайтын. Бәрін қолдан істететін. Бұжы, қуырдақ, әсіп міндетті түрде қойғызады. Шұбат, қымыз, құрт-ірімшіксіз дастарқан жайылмайды. Қонақтың келетіні алдын ала ескертіледі. Бір-екі тамақ түрі деген болмайды. Кемінде бес тамақ дайындалады. Оның үшеуін ұлттық тағам түрінен таңдалады. Қуырдақты да, әсіп пен бұжыны да жас малдың еті мен қабырғасынан пісіртетін. Осы кезде өзім де шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Қасымдағы Гүлмира есімді сіңіліме асхананың қыр-сырын үйретуге тырысудамын, – дейді көпбалалы ана.
П.Амантайқызы – майталман күрішші, Ұлы Отан соғысының ардагері Есберген Байбөкеновтің келіні. Осы әулеттегі жеті перзенттің кенжесі әрі серіктестікте қырық жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан механик маман Парахат?? Есбергенұлының өмірлік қосағы. Ерлі-зайыптылар балаларының қызық-қуанышына бөленген бақытты отбасы иелері. «Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Әлемге төнген індет қауіптен аман-есен шығып, бұрынғы қалыпты өмірімізге оралайық. Еккен егісіміз қырманымызға мол астық болып кірсін. Өзімнен кейінгі қыздар мен келіндерге айтарым – қонақжайлы, дастарқанды болсын. Ауылда отырған келіндердің құлағына «алтын сырға» – мал тұрған жерде ағарған мол болады. Сол ағарғаннан көп нәрсе шығады. Өз басым соның бәрін үлгертіп отырамын. Жақын-жуығымыз келсе, құрт пен қатық, ірімшік пен сары май, айран-ашытпамды ұсынамын. Соның арқасында дастарқаным да, көңілім де бай» дейді ақ пейілді Пернеайым.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

17 шілде 2021 ж. 1 398 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 035

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031