» » Көпті қуантқан көгілдір отын

Көпті қуантқан көгілдір отын



2017 жылы 3 аудан орталығына – Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа көгілдір отын жеткізіліп, кентішілік газ желісінің құрылысы қарқынды жүрген болатын. Тіпті «Газ» десе елең ететін күйге жеттік. Енді міне көмір іздеп әбігерге түскен жұрттың үміті ақталды. Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауданға жұмыс сапарымен келіп, Жосалы кентін газға қосу салтанатты шарасына қатысты.
Салтанатты кеште аймақ басшысы тұрғындарды көгілдір отынға қосылу қуанышымен құттықтады.
– Баршаңызды келе жатқан 6 шілде – Елорда күнімен құттықтаймын! Мерейлі мереке қарсаңында бүгін екі аудан орталығы Жосалы мен Жалағаш кенттеріне көгілдір отын берілгелі тұр. Осы тарихи сәтпен аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Шымкент» магистралды құбыры Сыр елін газдандыруға зор мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысына жол ашты. Аймақта Арал, Қазалы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталықтары мен Байқоңыр қаласы және 9 ауылдық елді мекен көгілдір отынға қосылды. Жалпы жыл соңына дейін Қазалы қаласын, Шиелі ауданының Бекежанов және Қодаманов ауылдарын толықтай газбен қамтамасыз етіп, тұрғындардың газ тұтыну үлесін 67,4 процентке жеткізетін боламыз, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. 
Одан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде Тәуелсіздік жылдарында еліміз елеулі жетістіктерге жеткенін айтып, алдағы мерекеге арналған ақжарма тілегін жеткізді. Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапарында Тәуелсіздік ықшам ауданындағы көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер құрылысының жұмысымен танысып, құрылыс зат­тарының сапасына мән беруді және құрылысты уақытылы аяқтауды тапсырды. Аталмыш үйлер ағымдағы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы әр үйдің көлемі 68,7 шаршы метрді құрайды.
Бүгінде кентке 6 дана газ тарату пункті салынса, 120 көшеге газ құбыры жүргізіліп, 2657 дана ШРП орнатылған. Атаулы шарада Тоғанас батыр көшесіндегі 5 газ тарату пункті іске қосылып, тұрғындарға көгілдір отын берілді. Мұнан соң аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы үйіне көгілдір отын кіргізіп, алғашқы болып игілігін көрген кент тұрғыны Жылқыбаевтар отбасын құттықтады. Мерейлі сәтті көптен күткен кент тұрғыны игі іске мұрындық болған барша жандарға рақметін айтып, жылы лебізін жеткізді.
Одан кейін Гүлшара Әбдіқалықова Иіркөл мен Ақжар ауылдық округтеріне барды. Иіркөл ауылында тұрғындармен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігіндегі маңызды мәселелерді бағамдады. Мұнда ауыл ақсақалдары аяқ су мәселесін алға тартты. Өз кезегінде облыс әкімі аяқ су мәселесін түбегейлі шешу жолын қарап, ол кезең-кезеңімен реттелетінін алға тартты. Әрі  егін алқабына суды жеткізудің мөлшерін үнемдеу қажеттігін еске салды. Індеттің де өршіп тұрғанын айтып, ерікті түрде екпе қабылдауға шақырды. Сонымен қатар Ақжар ауылында «Ақжар» шаруа қожалығының егіс алқабындағы шаруашылық жұмысын көріп, мұндағы мамандармен тілдесті. Бірқатар нысандарды аралаған аймақ басшысы аудан әкімі Мұса Қалдарбековке құрылыс, су тапшылығына байланысты егін шаруашылығына қажетті шараларды уақытылы әрі судың бөлінісін үнемдеп пайдалану бағытында жұмысты үйлестіруді тапсырды. Ал тұрғындар болса, көптен күткен көгілдір отынның іске қосылғанына алғаусыз алғысын айтуда.
– Көптен күтіп жүр едік. Газ құбыры жүргізіле бастағанда отбасымызбен қуандық. Игілігін көрер күн келді. Халықтың жайын ойлаған мемлекетіміздің саясатына мың да бір алғыс. Батыс өңірге қонаққа барғанда қызығатынбыз. Онда елді мекенге дейін көгілдір отынмен қамтамасыз етілген деп. Енді міне, мұндай жаңалық біздің де табалдырықтан аттағалы тұр, – дейді кент тұрғыны Жылқыбаевтар отбасы.
Жалпы елді мекендерді газға қосу Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген. Жосалы кентіндегі кварталішілік газдандыру жұмыстарын бас мердігер – «Энергоресурс» ЖШС мамандары атқарып, республикалық және облыстық бюджеттен 2,69 млрд теңге қаржыға жұмыстарды аяқтады.  Айта кеткен жөн, өткен жылы Арал ауданындағы Жақсықылыш, Қазалы ауданындағы Мұратбаев және Шиелі ауданындағы Байсын елді мекендері газге қосылды. Нәтижесінде 8 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды. Ал, биылғы жылдың ақпан айында 11 мың тұрғын бар Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті табиғи газ тұтынуға мүмкіндік алды. Алдағы кезеңде Төретам кенті мен Ақай ауылын газдандыру жоспарлануда.
Айнұр ӘЛИ
03 шілде 2021 ж. 587 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930