» » Есірткі: У сату екпіндеп тұр

Есірткі: У сату екпіндеп тұр

Біз қозғағалы отырған мәселе әлемдік деңгейдегі ауқымды трансұлттық қылмыс түріне жатады. Сырт мемлекетте бұл үйреншікті жағдайға айналса, біздің елде де саудасын қыздырғандардың қатары артпаса, кемімей тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі мен қылмыс басқармасы жариялайтын баяндамасына сүйенсек, 2018 жылы әлемде 269 миллионға жуық адам есірткі тұтынатыны анықталған. Бұл 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 процентке көп. Ал әлемде 35 миллионнан астам адам есірткі пайдаланудың кесірінен денсаулығын құртып, зардабын көруде. Қош. Мақаламызда есірткі саудасымен күрестегі әлемдегі тенденциялар және қазақстандық, оның ішінде аудандағы жағдай туралы сараптаймыз.
ЖАҺАНДЫҚ ЖАҒДАЙ
Есірткі саудасы әлемде тауар айналымы бойынша қару-жарақ саудасы секілді заңсыз, мұнай саудасы сияқты ірі сауда түрлерінен кем түспейді. Есірткі саудасы көлеңкелі бизнес түріне жататындықтан, оның тауар айналымы жайлы нақты, анық дерек жоқ. Кейбір деректерде әлемдік есірткі саудасының көлемі 800 миллиард АҚШ доллары екендігі айтылса, тағы бір деректерде бір триллион АҚШ долларына дейін жететіндігі жазылады.
Астыртын жүргізілетін есірткі сау­дасы тарихта ашық түрде, әрі алпа­уыт мемлекеттердің сыртқы саясаты ретінде жүргізілген. Мәселен, «күн батпайтын империя» болған Англия ХІХ ғасырда Үндістанға есірткі ектіріп, қытайлықтарға оны шектіру арқылы қыруар табысқа кенеліп отырды. Отар елдерді қанаған Англияның бұл әрекеті Қытайдағы атақты «Апиын соғысын» туғызды. Әлемде географиялық орналасу, атмосфералық ерекшеліктеріне байланысты есірткі түрлерін өндіретін, экспорттайтын негізгі бірнеше өңір бар. Мысалы есірткі саудасындағы кокаинды дайындаушы және экспорттаушы елдердің негізгілері Оңтүстік Америкадағы Перу, Колумбия, Венесуэла мен Боливия сияқты елдер болса, апиын мен героинды өсіріп, таратушы мемлекеттер қатарында Ауғанстан, Иран, Пәкістан мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Лаос, Мьянма бар. Ал марихуананы Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Батыс Азияның кейбір мемлекеттері өндіріп, экспортқа шығарады. Бұлардан бөлек синтетикалық есірткі заттарын өндіретін Нидерланды, Қытай Халық Республикасы және Морокко сынды елдер де бар. Strategy2050.kz аналитикалық порталының мәліметінше, Қазақстанның Жамбыл облысы, Шу ауданындағы 150 мың шаршы метрлік есірткі алқабында өсетін қарасора да еліміздің өңірлеріне ғана емес әлемнің өзге аймақтарына тасымалданатын есірткі түріне жатады. Жалпы есірткі қалай тарайды?
Есірткінің әлем елдеріне таралу жолдары бірнеше. Оның Еуразия құрлығындағы негізгі транзит жолдарын төменде келтірілген картадан байқауларыңызға болады. Картада 2020 жылғы шілде-желтоқсан айлары аралығындағы жағдай сипатталғанымен, есірткінің осы транзит жолдары арқылы таратылуы ұзақ жылдардан бері сақталып келеді. Портал зерттеуінше, Ауғанстан мен Пәкістаннан шығарылған есірткіні Еуропа мен Ресейге тасымалдаудың құрлықтағы негізгі ірі үш жолы бар екен. Олардың бірі «Иран және Кавказ елдері арқылы Ресейге», ал екіншісі «Иран, Түркия арқылы Еуропаға» бағытталған дәліз. Үшінші ірі жол «Қырғызстан, Қазақстан арқылы Ресейге, одан әрі Еуропа елдеріне» таратылатын транзиттік бағыт. Бұл бағыт Қазақстан үшін аса маңызды, яки үнемі күрес жүргізуге тура келетін, қырағы бақылауды талап ететін фактор.
Әрі оның мұхит және теңіз арқылы да тасымалданатын жолдары бар. Бұдан бөлек есірткі саудасының солтүстік америкалық бағытына «Оңтүстік Америка елдері – Мексика – АҚШ» бағыты, ал африкалық бағытына «Африка – Оңтүстік Америка – Мексика – АҚШ – Еуропа – Балтық жағалауы елдері» жолы жатады. Осы ретте, мемлекеттік органдар есірткімен күресті тек ел ішінде ғана емес мемлекетаралық құрылымдар аясында және ортақ әріптестік шеңберінде халықаралық деңгейде жүзеге асыруға назар аударады. Себебі есірткінің таралымы тек бір-екі ел арасында ғана емес бірнеше мемлекеттерді кесіп өту арқылы арнайы жолға қойылған транзиттік дәліздер арқылы іске асырылуда. Егер Орталық Азия елдері есірткі саудасына қарсы бірлескен операциялар ұйымдастырса, есірткінің теңіз жолдары арқылы, әрі Иран, Түркия немесе Иран және Кавказ елдері арқылы діттеген жеріне жеткізілу мүмкіндігі бар. Сондықтан барлық дәлізді бірдей уақытта қымтап ұстап отыру мүмкін болмағандықтан, әлемдік есірткі саудасы өз қарқынын бәсеңдеткен емес. Мәселен, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық оқиғадан кейін АҚШ бастаған НАТО күштері Ауғанстан аумағына басып кіріп, үлкен әскери операциялар жасап, есірткі саудасын тоқтату немесе азайту әрекеттері туралы жарияланғанымен, Ауғанстанда өндірілген және экспортқа шығарылған есірткі өнімдерінің көлемі алдыңғы жылдардағы көрсет­кіштерден бірнеше есе асып түскен.
ЕСІРТКІ ЖӘНЕ ПАНДЕМИЯ
Өткен жылдың басында коронавирус инфекциясына байланыс­ты әлемде басталған шектеу шаралары, физикалық, яки оффлайн коммуникацияның азаюы есірткі саудасының да айтарлықтай кедергіге тап болуына алып келіпті. Пандемия кезінде есірткі саудасының қанша процентке азайғаны не қандай статистикалық өзгерістер болғанын дәл қазір айту қиын. Себебі бұл жөнінде қорытынды мәліметтер жарияланбаған. Дегенмен кейбір сарапшылар шекаралардың жабылуы, коммуникацияның азаюы есірткі тапшылығының пайда болуына алып келіп, есірткінің бағасын арттырып жібергенін айтады. Қазақ­станда есірткімен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Халықаралық шарттар және елдің ішкі қолданыстағы заңнамалары аясында есірткі саудасымен айналысушылармен күрес ымырасыз жүргізілуде. Елдегі www.polisia.kz сайтында әр өңірде күнделікті есірткі сатумен, оны тасымалдаумен, тұтынумен айналысқан тұлғалардың құрықталып жатқанын, онымен күрес жұмыстары туралы мол ақпарат бар. Мәселен Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәліметте 2020 жылы жарияланған Есірткі жарнамасы мен насихаттау деректері бойынша 56 қылмыстық іс қозғалғаны жазылады. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті хабарлайды. ІІМ қызметкерлері «Кибернадзор» ақпараттық жүйесінің көмегімен интернет жүйесінің ұлттық сегментінде есірткі жарнамасы мен өткізу деректерін, сондай-ақ құқыққа қайшы басқа да контенттерді анықтайды. Жыл басынан бері есірткі құралдары мен психотропты заттардың таратылуы туралы ақпараты бар 700-ден астам сайт, аккаунт және басқа да ресурстар анықталып, бұғатталған. Қылмыспен күрес қалай болмақ?
Есірткімен күрес жолында ат­қарыл­ған оңды істер жайлы ақпарат жыл сайын жариялануда. Мәселен 2018 жылы Қазақстанда құқық қорғау органдары тыйым салынған есірткілік заттарды саудалаумен айналысатын үлкенді-кішілі 4 700 веб-сайтты анықтап, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі тарапынан бұғатталған (Дереккөз: Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Есірткіні бақылау комитетінің 2019 жылғы баяндамасы, 111 бет, (E/INCB/2019/1).
Strategy2050.kz аналитикалық порталының дерегінше, Қазақстан есірткі саудасымен күресте көршілес Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей секілді мемлекеттермен және халықаралық қауымдастықпен тізе қосып әрекет етуде. Себебі есірткі сау­дасын тоқтату немесе азайтуға бір ғана мемлекеттің әлеуеті жетпейді. Бүкіл әлемдік деңгейде тұрақты күрес жүргізгеніне қарамастан әлемдегі есірткі саудасы қарқынын бәсеңдетпей отыр. Өйткені сұраныс пен ұсыныс барда оны іске асырудың түрлі құйтұрқы әдістері де шығуда. Оны тоқтату кешенді түрдегі ымырасыз күрес пен өркениетті қоғам қалыптастыру арқылы ғана мүмкін болмақ. Бірақ мұның қашан болатыны әзірге беймәлім. «Біздің міндет осы жолдағы күресті үнемі жаңартып, қарқынды амал-әрекеттерді тоқтатпау болса керек» дейді олар.

БІЗДЕГІ ЖАЙ ҚАЛАЙ?
Жақында ғана Қызылорда қаласындағы мөлтек аудандардың бірінде көпқабатты үйлердің қабырғаларында есірткі заттарын жарнамалайтын электронды мекен-жайы көрсетілген граффити-жазбалар анықталғанын көзіміз шалды. Дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қылмыс орын алған аумақта сұрастыру барысында осы мөлтек ауданның тұрғындары бұл жазбалардың 8 мамыр күні таңғы сағат 4-5 шамасында пайда болғандығын мәлімдеген. Тексеру жұмыстарын жүргізу барысында бұл үйлерден бөлек, қала көлеміндегі басқа да мөлтек аудандардағы көпқабатты үйлердің қабырғаларына жазылғандығы анық­талды.
Полиция қызметкерлерімен анықталған барлығы 110 дана ­«граффити» жазбалары бояу жолымен жойылған. Ал жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қызылорда қаласының 20 жастағы азаматшасының аталған қылмысқа қатыстылығы анықталды. Аталған азаматша өз жауабында әлеуметтік желілер арқылы тапқан курьерлік жұмысы үшін 70 000 теңге көлемінде сыйақы алғанын мойындады. Облыстық Полиция департаменті ескертеді, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі заттарды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал аудандық сотта ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен көзделген қылмыстық теріс қылық нысанындағы құқық бұзушылықты жасаған сотталушы Б-ға қатысты қылмыстық іс қаралған болатын. Іс-құжаттарына сәйкес, сотталушы Б. киіп жүрген шалбарының оң жақ артқы қалтасында қағазға оралған салмағы 2,65 гр кептірілген марихуананы өткізу мақсатынсыз заңсыз иемденіп, оны сақтаған. Сот үкімімен сотталушы Б. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 296-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 27 780 теңге айыппұл салынды. Айғақты зат кептірілген марихуана жойылды. Сонымен қатар, қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған азамат З-ға қатысты да қылмыстық іс қаралған болатын. Сотта анықталғандай, азамат З. 2021 жылдың 15 сәуірінде сағат 03.30 шамасында басқаруындағы «TOYOTA CAMRY» автокөлігімен Қармақшы ауданында «Самара-Шымкент» тас жолында полиция қызметкерімен тоқтатылып, тексеру барысында автокөліктің жүк салғышында тұрған сөмкесі ішінен пакетке салынған 0,55 грамм кептірілген марихуана есірткі затын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтап, тасымалдағаны анықталған. Сот үкімімен сотталушы З. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 29 170 (жиырма тоғыз мың бір жүз жетпіс) теңге айыппұл салынды. Үкім заңды күшіне енген.
Бұл ашық дереккөздегі мәлімет­тердің бірі ғана. Ал жарияланбағаны, айтылмағаны тағы бар. Аудандық прокуратураның мәліметінше, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстар 30 процентке (13/17) артқан екен.
Есірткімен күресу – адамзат ұрпа­ғының бүгінгі таңдағы көкейтесті басты мәселелерінің бірі. Сондықтан онымен күресу, сақтану, бойды есірткіден аулақ ұстау, саламатты өмір салтын ұстану – адамзат ұрпағының келешекке жетелейтін ұстанымы. Есірткі саудасы – ел үшін де үлкен қатер. Мұның зардабын көбіне қарапайым халық тартуда. Осы күнге дейін есірткімен күрес мақсатында көптеген әскери операциялар өткізіліп келеді. Тәркіленген есірткі көлемі алып айсбергтің тек бізге көрінетін бөлігі ғана. Шын мәнісінде мұның артында есірткі саудасын өмірлік кәсіп қылушы алпауыт қылмыстық топ тұр. Айтып, айтпай не керек, есірткі саудасымен күрестің тағы бір кемшін тұсы – операцияларды жекелеген елдер немесе белгілі бір ұйымдар ғана өткізіп отырады. Бұл есірткі транзитінің операция өткізуші аймақты айналып өтуіне негіз болуда. Сондықтан Ауғанстанды айнала жүйелі түрде есірткі саудасымен күресетін арнайы ұйым құру қажеті байқалады. Әрине, егер бұған ықпалды тұлғалар ниетті болса.

Дайындаған Айнұр ӘЛИ

29 маусым 2021 ж. 662 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031