» » Сөздің сәулесі

Сөздің сәулесі


Жастық жалын. Мұқалмас рух. Оптимистік көзқарас. Болашаққа сенім. Бұл кейде қараңғы бөлмеден шырақ іздегендей кез-келген адамға біте бермейтін өмірлік қағидалар ғой. Осыдан үш жыл бұрын редакция есігін қымсына ашқан бойжеткеннің көз-жанарынан осы қасиеттерді анық байқағандай едік. Сыртқа сыр алдыра бермейтін сырбаздық сезіміміз алдамапты. Аз уақыт ішінде университеттің су жаңа дипломын қолына қысқан жас ару Айнұр Айдарқызының "Қармақшы таңындағы" шығармашылық еңбек жолы осылай қарбалас өмірмен қоса қабат басталып кеткен еді.
Жиырма жасында қасиетті топыраққа келін болып түскенінде ол небәрі облыстың бас жоғары оқу орнының 3 курс студенті болатын. Сонда келіндік қызметін атқара жүріп, өзі қалаған мамандығының келешекте білікті маманы болуға теориялық жағынан аянып қалмады. "Адамның адамшылығы – ұстаздан, ата-анадан, жақсы құрбыдан болады" демекші, бойжеткеннің адам ретінде қалыптасу баспалдағында ата-анасының берген тәрбиесінің орны бір төбе. Әкесі – Айдар Ауған соғысының ардагері, Қазалыдағы "Ауған соғысы ардагерлер кеңесі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы болса, ал анасы Ақжүніс ветеринария саласының маманы. Бүгінде ерлі-зайыптылар заман талабымен отбасылық кәсіпті жандандыруда. Балық шаруашылығының тізгінін қолдарына алған. Жанұядағы кенжебала Айнұрды еркелетіп өсіріп, адалдыққа, батылдыққа баулыған. Кейіпкеріміздің Қазан төңкерісі тұсында қамшының сабындай ғана ғұмыр кешіп, артына өшпес ерліктің үлгісін қалдырған Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте білім алғанының өзі бір үлкен мақтаныштай.
Тірлікте тақтайдай жолдың болмасы белгілі. Жалпы Айнұр сіңліміздің бала кезден арманы сурет салуға ауса керек. Бір қызығы, қылқалам шебері болу оның бала шақтан, тіпті 3 сыныпта оқып жүргенінде-ақ мақсатына айналыпты. Соның бір дәлелі – 9 жасында балалар арасындағы республикалық сурет байқауында бас жүлдені жеңіп алып, тәтті қиялы мен бала жүрегінен жарып шыққан қыш құмыралар суреті талайын тәнті еткен. Бертін келе бояулар әлеміне жақын өскен жасөспірімнің суретші болу арманы журналистика саласына ауыса бастайды. Оған себеп, орыстың "Айта берсін" ("Пусть говорят") бағдарламасының жүргізушісі А.Малаховтың тележүргізушілік шеберлігі.
"Суретші боламын деп ойладым. 9 сыныпқа дейін көптеген сурет байқауына қатысып, бақ сынадым. Қоржыным бос қайтпайтын. Бірақ "болғым келді" дегенмен сен ойлағандай бәрі бірден болып кетпейді екен. Ол үшін дизайнер болуың керек. Оған талаптану үшін физика пәнін таңдайсың. Ал менің ол пәнге көңілім оншалықты соқпайтын. Сөйтіп суретші боламын деген арманнан алыстай бастағанымда Малаховтың бағдарламасына көзім түспесі бар ма?! Өзін ұстауы, жүргізу мәнері қатты ұнап қалды. Осы хабардан кейін тілші болуға ниетім кетті. Оған қоса, отбасының кішісі болғасын ата-анам өзім барғым келген Алматыға да қарсылық білдіріп, жақын жерден деп Қызылордаға құжат тапсыртты. Алланың бұйыруымен оқуға түстім. Шығармашылық сынақтан да сүрінбей өтіп, студент атандық. Университет қабырғасында оқып жүргенімде қармақшылық Жандияр атты жігітпен танысып, шаңырақ құрдық. Қазір жанұямызда Данеля есімді өнерлі сәбиіміз өсіп келеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақылшы әжеміз және екінші анамдай болған – кіші енеммен бақытты өмір сүріп жатырмыз. Жақсы көріп істейтін жұмысым бар. Тілшінің тіршілігі кейде уақыттың дегеніне көне бермейді. Ондайда отбасындағы етжақындарым – жанашыр, қолдаушыларыма арқасүйеймін" дейді жас әріптесім.
Жоғарыда "Адамның адам болмағы – ұстазынан" дегенді бекерге айтпадық. А.Айдарқызының жазуға келуінің бас­ты себебі де орта білім ұясындағы сабақ берген ұстаздарының үлесі десек артық айтпаймыз. Олардың арасында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Руслан Қисықовтың есімін екшеп айтсақ болады. Жас шәкірттің мамандық таңдау мен әдебиетке деген ықыласын алғаш болып оятқан да осы ұстазы болатын. Әуеліде мазмұндама, содан соң шығарма жазу жоғары сынып оқушысының сүйікті ісіне айналды. Әрбір сабақты асыға күтетін оның пәнге деген қызығушылығының кереметі сондай, бір сабақтың үстінде бірнеше жазба жұмысын жазып тастайтын.
"Айнұр мектепте оқып жүргенде белсенділер қатарынан саналды. Мектеп қабырғасында әңгіме, эссені көп жазды. Білім шаңырағының мерейін асырып, шығармашылық байқауларға қатысты. Етінің тірілігі мен пысықтығы жастайынан байқалды. Өңіріміздегі "Тұран Қазалы" газетіне жазғандары жарық көріп тұрды" дейді орта мектептегі сынып жетекшісі Берік Әбиев.
Жұмырбасты пенденің жастық шағы еңбір есте қалардай сәті ғой. Менің кейіпкерімнің де ондай сәттері аз болмаған секілді. Соның бірі – студенттік кезіндегі мерзімді басылымға мақала жазуы. Қаладағы "түнгі көбелектердің" өмірін зерттеген бірнеше ізденуші сол "көбелектердің" образына еніп, материал дайындауы – ауыл баласының журналистикаға тәй-тәй басқан қадамының алғашқы сабақтары еді. Ұмтылыс. Талпыныс. Жігер. Ізденушілік. Батыл қыздың жанынан әркез табыла кетті. Жоғары оқу орнынан "Бойжеткен" атты журнал шығарып, құрбыларымен радио ісін ұйымдастыра білуі де сол ізденістің арқасы деп білеміз. 
– Оқуға құжат тапсырып жатқанымда анам мұғалім бол деді. "Мұғалім болып жүріп те журналист бола аласың" деп біраз үгіттеді. Бірақ менің мұғалім болуға ынтам болмады. "Түссем журналистикаға түсемін" деп өз дегенімнен қайтпадым. Ақыры анамның рұқсатын алдым. 2016 жылы тұрмысқа шықтым. Студенттік  тәжірибемді аймақ жастарының "Ақмешіт жастары" газетінде өткіздім. Тілшілік тіршіліктің оңай емесін тұрақты жұмысқа тұрып, мақала жаза бастағанда түсінеді екенсің. Адамдармен араласу, олардың психологиясын зерттеу, өз-өзіңді дұрыс ұстай білу дағдыларын меңгере бастадым. Кейіпкерің нешетүрлі адамдар болады. Мақала алдын ала басылымға жоспарланып қойылады. Сол себепті оны кешіктірмеу, дер уағында өткізуің керек. Алдыңдағы адамнан тыңғылықты дерек, мәлімет алу үшін кімнің болсын тілін табуға тырысасың. Журналистік тәсілдерді іске қосасың. Психологсың. Жылдамдықты, тез жазуды да газеттен үйрендік. "Қармақшы таңы" газетіне келгеннен бері қаламым біршама ұшталды, – дейді Айнұр Айдарқызы.
Журналист қызметінің қиындығымен қатар, қызығы да бірге жүретіні бар. Әріптесімнен сондай сәттерің болды ма? деп сұрағанымда мына ойымен бөліскені.
"Қармақшыға африкалық страустар­дың әкелінгенін естіп, елден естуіміз бойынша солай қарай жүгіре жөнелдік. Десе де мекен-жайын нақты білмейміз. Жұрттың сілтеуімен фототілші ағам Қазбек Тайбағаров, тағы басқа да тілшілер бар бәріміз бірге көше бойлап жүріп келеміз. Әрбір үйдің дарбазасы мен қоршауына ауық-ауық қарап қоямыз. Түйетауықтардың мойыны сырықтай ұзын келеді, бірде болмаса бірде қоршаудың ар жағынан бастары шығып қалар деген ой бәрімізде. Сөйтсек, расымен де анадай жердегі бір үйдің қоршауынан басы қылтиған страустар көрінді. Іздегенімізді тапқанымызға мәз болып, есіктен ішке ендік. Үй иесі құстар баптауға өте бейім екен. Түйетауықтар біздің елде экзотика, сирек кездесетін құс түрі болғасын бейнероликке түсіріп алуды да алдын ала жоспарлағанбыз. Бір айтарлығы, әлгі кісі ауласында асыл тұқымды тауықтың бірнеше түрін ұстайды екен. Ролик түсіру үшін түйетауыққа жақындайын десем, шұқып алатын секілді. Сол қорқынышпен екі страусты алыстан тұрып бірер минут бейнетаспаға алдым. Түсіріп жатқанымда бір күркетауық аяқ астыма келіп тұрып алды. Үркітсем кетпейді. Әрбір секунд санаулы. Амалсыздан үндіктің аяғын басып тұрып, видео түсірдім. Кетерде байқасам, байғұс тауықтың аяғы сәл-пәл ақсаңдап қалыпты. Сол оқиға менің есімнен кетпейді".
Жалпы тындырымды адамдар барлық жерде үлгереді деп жатады үлкендеріміз. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатқандай-ақ. Шыныменде тіршілігі қайнаған тілшілік қызметте бос уақытты тиімді пайдалана білу де екінің біріне бұйырмайтын бақ. Оның үстіне әйел затының ұшы-қиыры көрінбейтін үй шаруасының өзі жеткілікті де. Соның арасынан бос уақыт табатын тілші халыққа көрнекілік, жарнамалық негіздегі фотосуреттер жасап, еңбек қылады. Ара-кідік қаламақысына келісіп, кітап жинақтап беретін де өнері бар. Келешекте өзінің мистикалық бағыттағы, яғни жазушылардың қаламына түсе бермейтін тылсым күш, ғажайыптар жайындағы жеке кітабын баспалауды да күн тәртібіне қойып отыр.  
Жас та болса Айнұр Әлидің көпшілік біле бермейтін қырлары бар. Соның бірі – қоғамдық жұмыстарға атсалысуы. Қайырымдылық қорына қолынан келгенше қаржылай көмегін береді. Редакция жастарының бастамасымен құрылған "Қармақшы қайырымды жандар" еріктілер тобының мүшесі ретінде де өз үлесін қосуда. Мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешекпен жәрдем беруге атсалысуда.
Қазіргідей ақпарат ағынының толассыз алмасып, құйылып жатқан кезеңінде кімге болса да зор ізденіс керек. Жалғаны қайсы, шыны қайсы – оны таразыға тартып, електен өткізетін әлеуметтік желі емес, мерзімді басылымдар. Сол үшін де тілшілерге үздіксіз ізденіс пен білім жетілдіру ауадай қажет. Ізденіп жұмыс істейтін, аттаған қадамына жауапкершілікпен қарайтын журналистер санатында Айнұр да бар.
– Мамандығын құлай жақсы көрген Бейсен Құранбекті үлгі тұтамын. Жерлесіміз Жайна Сламбекке тәнтімін. Қазалылық Нәзия Жоямергеннен үйренерім көп. Оның түркі тілдес журналистер қоры бар. Сол қорға белсене атсалысып жүрмін. Қашықтан өтетін жиналыс, конференция­ларына қатысып тұрамын. "Кітап жанашырлары" деген республикалық топ бар. Соның ұйымдастырушысының көмекшісі етіп алған мені. Оның ішінде елімізге танымал ақын-жазушылар отырады. Сол кісілерден біздер, жас буын ретінде ақыл-кеңестер сұраймыз. Осы топта жас ақындардың байқауы ұйымдастырылған болатын. Мен де қатысып көруге бекінгенмін. Байқаудың нәтижесімен жақында жүлделі ІІІ орынды иелендім. Енді өзімізге келетін болсам, студент шақта тәжірибеден өткенде Аманжол Сақыпұлына барып, Айжан Абдуллаева апайымыздың алдынан өткенбіз. Біздерді жылы шыраймен қабылдаған. Жүрегімізге жақын болып көрінеді. "Сыр медиа" ЖШС басшылығына алғысымды айтамын. Мен сияқты әлі қаламы қалыптаса қоймаған жас тілшілерге әдістемелік оқу семинарларын өткізіп, мамандығымыздың қыр-сырына машықтануға баулыды. "Сыр медиа академиясының" ашылуы да  жастардың шығармашылығын шыңдай түсуге, рухани өсуге жарқын жол деп есептеймін. Бүгінгі таңда басшылық тарапынан сараптама жазуға үлкен мән берілуде. Бұл – дұрыс талап. Өйткені республикалық газеттерде сараптама жанры жаңалық емес. Әрине, сараптама жазу – ауыр. Ауқымы кең. Тақырыпты қаузаған сайын, сайдан түлкі қуғандай, жан-жаққа түрлене түседі. Мақаланың басын біріктіріп, жинақтау, зерттеу, қорыту, түйінін түю – журналистің шеберлігіне байланысты. Дегенмен ескеретін бір жайт бар – ол журналист шығармасына, жазғанына көңілі толмауы керек. Менің өз-өзіме көңілім ешқашан толған емес. Соны толтыру үшін тәжірибе жинақтап, шығармашылығымды дамытуға еңбектеніп келемін және еңбектене беремін, – дейді Айнұр Әли.
Алдымызда журналистердің төл мерекесі. Осындай қуанышты сәтте Марк Твеннің: "Дүниеге жарық беріп, сәуле шашатын екі-ақ күш бар. Оның бірі – аспандағы күн, екіншісі – жердегі журналист" деген сөзі еске түседі. Біз де журналистік мамандыққа келе қойғанына көп уақыт өтпесе де өзіндік ой-пікірін қалыптастырып үлгірген жас әріптесімізге күннің нұрындай, сөздің сәулесіндей болып, халқыңа адал қызметіңді әрі қарайда мінсіз атқара бер деген тілегімізді білдірмекпіз!  
              Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК                               
26 маусым 2021 ж. 529 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031