Қалдықты қажетке жаратқан
Біз жарамсыз деп қоқыс жәшігіне лақыратын тұрмыстық қалдықтарды шетелдіктер әлдеқашан кәдеге жаратуды қолға алған. Тіпті олар қоқысты «байлық» деп санайды. Сенесіз бе? Мысал қажет десеңіз айтайын. Сингапурда қоқыс қалдықтарынан күніне 2500 МВт-сағат электр қуатын өндіреді екен. Ал бізде ше? Бізде де жарамсыз қалдықты кәдеге жаратып жүрген қолөнер шебері бар. Ол Алдашбай ахун ауылының тұрғыны – Қайрат Карбозов.

– Арғы аталарымда ұсталық өнер болған. Қолдан шелек жасап, елге пайдасын тигізген. Маған да сол кісілердің өнері қонғандай. Қолым қалт етсе тасталған дүниелерден ерекше зат шығарғым келіп тұрады. Кейде түрлі-түсті жұқа сымдардан ойымдағыны тоқып шығарамын. Балалар ойнайтын зырылдауыққа дейін бар. Ауылдың жүгірмектері келіп заттарымды сұрап тұрады. Арасында үйретуіме де қолқа салады. Менің мақсатым осындай жарамсыз заттарды екінші рет пайдаға асыру. Қазір айналамыз осындай керексіз дүниелермен қоқыс болып бүлініп жатыр ғой. Солардың алдын алып кәдеге жарату, – дейді ол.
2016 жылы зағип жандар арасында өткен аудандық жарыста Қайрат осы өнерімен талайды таңғалдырыпты. Жеңімпаздардың қатарынан көрініп, алғыс хатпен марапатталған.
«Жігітке жеті өнер де аз» демей ме қазекем. Өнер иесінің бұдан да бөлек ақындықта қасиеті бар. Арасында домбыра тартып, ән саламын дейді ол. Біздей мейманның келгеніне қуанған Қайрекең домбырасын қолына алып, арнауын айтты. Мұндай қошеметке бөленген біздер дарынды да талант иесіне бәрекелді десіп, биіктен көрінуіне сәттілік тілеп қайттық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ