» » Қас-қабағын бағып ұдай науқастың

Қас-қабағын бағып ұдай науқастың


Жол апаты. Аяқастынан болған жүрек талмасы. Миға қан кету. Туа бітті сал ауруы... Айта беретін болсақ, аурудың түріне де, түбіне де жете алатындай емеспіз. Бірақ осындай қиын да күрделі жұмыстың бел ортасында медицина қызметкерлері жүреді. Алғашқы ем-домнан кейін емделуге жататын ауыр санаттағы науқастарды тағы бірнеше ем күтіп тұрады. Ол емді қарапайым тілмен айтқанда – оңалту дейміз. Осы бағытта ем-дом шарасын көрсететін аудандық аурухананың «Оңалту бөлімшесі» өңір халқына 2018 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Ал бөлімшеге 2019 жылдан бастап жоғары санатты дәрігер, өз ісінің нағыз шебері, медицина саласында қырық жылға жуық еңбек өтілі бар білікті терапевт Сақып Нұржауқызы басшылық етеді. 
Әдепкіде 10 төсек орнымен ашылған бөлімшеде былтыр 10 керуеттік тәуліктік стационарға көбейсе, биыл тағы да балаларға арналған 3 төсек орны қосымша қосылып отыр. Сөйтіп айтулы орталық қазір 23 төсек орынмен жұмыс істеуде. Мұнда негізінен инсульт алғандар, жүрек инфарктісіне шалдыққандар, жүрек-қан тамыр жүйесіне ота жасаған науқастар, сондай-ақ ортопедиялық отадан шыққандар мен әртүрлі дене жарақатын алғандар оңалтылады. Балаларға келетін болсақ, туа бітті ақаулары бар, орталық жүйке жүйесі зақымдалған және отадан кейінгі жағдайлардың бәрі де осы жерден ем қабылдайды. 
– Қазір 15 науқас ем қабылдауда. Бөлімшеде арнайы мамандарымыз бар. Мәселен инсульт алған аурулардың тілі күрмеліп, көмекті қажет етеді. Болмаса жүйке жүйесінің зақымдалуынан балаларда тілінің тұтығуы пайда болуы мүмкін. Осындай ситуацияларда логопедтің қызметі ауадай қажет болады. Осы ретте тіл мүкістігін қайта қалпына келтіруде жас маманымыз, логопед Айгерім Қалжанқызының орны бір бөлек. Ол әрбір науқаспен жұмыс істеп, тіпті кейбірінің жақсы сөйлеп кетуіне септігін тигізіп жүрген кәсіби маман. Жалпы электрофарез, физиоем қабылдау, массаж, бәрі де өзімізде жасалады. Тағы бір білікті маманымыз – Изат Смағұлов науқастарға шипалы қолымен уқалау арқылы ем жүргізеді. Сал ауруына ұшыраған, жүріп-тұруы қиын науқастарға арнайы дене жаттығуларын жасайды. Бұл науқастарымыздың сауы­ғып кетуіне бірден-бір ем десек қателеспейміз. Одан бөлек, Жаңагүл Ибраева, Мая Жұмалиева, Камшат Ержа­нова секілді медбикелеріміздің де ем қабылдаушыларға жасап жатқан еңбектері ерен. Төрт мезгіл тамақ беріледі. Емделушілеріміз біздің қыз­метке дән риза. Бір жарым, екі ай дегенде пациенттеріміз қайта сұранып келіп емін алып жатады, – дейді бөлімше меңгерушісі бізбен әңгімесінде.
Дертіне шипа іздегендердің жү­зіне қарап оңалту бөлімшесінің  қызмет­кер­леріне деген ілтипатын аңғару қиын болмады. Олардың кейбірі бізді көр­геннен-ақ жүрекжарды лебіздерін ақтарып жатты.  
– Осы орталыққа келгенде жағ­дайым өте ауыр болды. Өткен жылы желтоқсанда  қан қысымым жоғары болып, инсульт алған болатынмын. Қаңтар айында бірінші рет осында ем қабылдадым. Алты айда осымен үшінші мәрте келіп емделуім. Алғашында таяққа сүйеніп келгенмін. Үйде екі күн бойы мұрнымнан қан тоқтамады. Бір жағым жансызданып қалған еді. Осы бөлімшенің мамандарына көптен-көп рақмет. Қазір шүкір денсаулығым біршама оңалып қалды. Жағдайым жақсы. Таяқты  тастадым, – дейді Жосалы кентінің тұрғыны Зинабдин Дүйсенбаев.
Келесі бөлмеге бас сұққанымызда керует үстінде немересін ойнатып отырған әже де ағынан жарылып, сөйлей жөнелді.
– Оңалту бөлімшесіне түскенімізге төрт күн болды. Немеремді емдетіп жатырмын. Мұндағы медицина қыз­меткерлерінің барлығы да балаға мейіріммен қарайды. Қызметіне ризамын. Осыған дейін қаладағы «Талсуат» атты оңалту орталығында да болғанбыз. Сол жерде де дәл осындай ем жүргізілді. Айтарлықтай айырмасын көріп тұрғаным жоқ. Біріншіден, дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Баланың тілін тауып, жағдайын жасап, еркелетіп, өз анасындай қарағаны – әрине жүрегіңе жылы әсер қалдырады. Соның өзі бізге ем емес пе? Екіншіден, кәсіби тұрғыда мамандардың жұмыс істеуі ауыз толтырып айтарлықтай, – дейді кішкентай бүлдіршіннің әжесі Мәдина Жүргенова алғысын жаудырып.
«Адамдарды мүгедектікке жеткізбей, тез сауықтырып қатарға қосу». Бұл – осындағылардың басты ұстанымы.
– Бүгінгі таңда науқастардың денсаулығын оңалтуға көп көңіл бөлінуде. Келешекте оңалту емдері бұдан да жоғары деңгейде дамитынына сенемін. Мысалы 10 төсек орынмен басталған жұмысымыз қазір 23-ке жетіп отыр. Алда мұнан да көбейе түсеміз деген ойдамыз. Болашақта коронавирус­пен ауырған адамдарға да оңалтуды қолға алсақ деген жоспарымыз бар. Бұл індетпен ауырған жандардың алдымен тыныс жүйесі зақымданады. Вирустық пневмония болғаннан кейін өкпеге зияны тиеді. Ол кейбір кісілерде 60 процент, ал кейбірінде өкпенің 70-80 процент зақымданатын кездері болады. Ауруханадан емделіп шыққаннан кейін де ұзақ уақыт өз қалпына келе алмайды. Сәл жүрсе ентігу, ауа жетпеу, әлсіздік сезімі орын алады. Сондай науқастарды қолға алсақ деп отырмыз.
Әлі де адам денсаулығын оңалтуға керекті көптеген құрал-жабдық алсақ деген мақсатымыз бар. Сумен емделудің түрлерін де жандандырсақ, одан ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Дегенмен осындай игі істердің басы-қасында жүретін бас дәрігеріміз Бақытжан Сағилатұлының жанашырлығына бөлімше атынан ризашылығымызды білдіреміз. Қандай бастаманы айтсақ та дереу соны қолдап, іске асыруға аянып қалмайды.
Келе жатқан медицина қызмет­керлерінің төл мерекесі құтты болсын. Халқымызға аманшылық тілеймін. Ешқашан ауырмасын. Дәрігерлердің елге көрсетіп жатқан қызметі қайтарым беріп, науқастардың денсаулығы күшейсін. Мүгедектік азайсын. Қал­пына келтірген еміміз сәтті болсын. Әріптестірімнің абырой биігінде болуына тілектестігімді білдіремін, – дейді бөлімшенің меңгерушісі Сақып Нұржауқызы.   
Сәрсенкүл АҚКІСІ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
21 маусым 2021 ж. 469 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031