Егде жастағылар екпе алды
Екпеден жұрт неге қашады? Алдымен сенімсіздік, одан соң желіде желдей ескен қауесет. Иә, әркімнің өз еркі. Дегенмен айналаңдағы жақыныңның саулығы үшін екпенің берер пайдасы мол.
Жақында аудандық аурухана жанынан құрылған медициналық топ ерікті түрде індетке қарсы екпе салды. Заманауи үлгіде жабдықталған автобус осылайша өз қызметін атқарған болатын. Бұл қызметті еңбек ардагері Мектепбай Мұсабеков, Въетнам соғысының ардагері Иса Бисенов пен ардагер-ұстаз Талмаш Жұмабаева қабылдап, ерікті түрде Спутник-V екпесін салдырды.
– Бұл індеттің қарасы жаман. «Сақтансаң – сақтайды» дейді. Әсіресе біз секілді егде жастағыларға қаупі көп. Көбі шошып жатыр ғой, жасыңыз үлкен, көтере аласыз ба деп. Денсаулықты ойлаған адам ерте қамданады. Қорқып, салдырудан бас тартып жүргенде уақыт өтіп жатыр. Оданда ойланбастан осында келіп, өзің үшін, жақының үшін қорғануды ойлану керек. Екпе саларда алдымен тексерді. Салып болған соң да бақылауда отырдым. Қазір жағдайым жақсы, бірқалыпты. Әзірге сыр беретіндей жағдай болмады, – дейді 83 жастағы Мектепбай ата.
Рас, бір үміт, бір күдігі басым адам әзірге нақты шешімге келе алмай жүр. Бірі – сенеді, ендігісінің сенгісі жоқ. Осылай жүргенде дерттің дендеп кетуі артпаса игі. Въетнам соғысының ардагері Иса Бисеновтің айтуынша, екпеден жұрт қашпауы керек. Керісінше, ауырмаудың жолын іздеп, өмірмен күресе білуі қажет.
– Екпе қабылдадым. Ойланатын ештеңе болмады. Жақындарымның саулығы, амандығымыз маңызды. Індетті жеңу өз қолымызда. Барынша сақтық шарасын жасап, бетпердені киіп, той-томалақты азайтып, ерікті түрде екпе қабылдаған жөн. Ауырып жан қиналғанда бәрі кеш болмауы керек. Сол үшін аурудың алдын алған дұрыс, – дейді ол.
Ардагер-ұстаз Талмаш Жұмабаева да ерікті түрде вакцина қабылдағандардың бірі. Оның айтуынша, сескенетін түгі де жоқ. «Біз секілді үлкендер екпе алып жатқанда орта буын, жастардың қашатынына таңым бар. Бастысы деннің саулығын ойлау керек қой» дейді ол сөз арасында.
Айта кеткен жөн, базардағы бір топ кәсіпкерлер де ерікті түрде ресейлік Спутник-V вакцинасын салдырды.
Айнұр ӘЛИ