» » Тірлігі қыр асқан Тұрмағамбет

Тірлігі қыр асқан Тұрмағамбет


"Ауыл" десе ерекше күйге бөленеміз. Бір ауық ауылға барып, таза ауасымен тыныстап, тың тірлікті көзбен көргенге не жетсін, шіркін?! Біздің бұл жолғы сапарымыз талай таланты таңдай қақтырып, текті тұлғалар шыққан топыраққа арналды.
Ауылға кіреберістен ауыл әкімі аппаратының статист-маманы Айдос Мұханбетқалиев қарсы алды. Келген мән-жайымызды айтқан соң көп кідіртпей ауыл әкімі Мұрат Алдамұратовпен бірге «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кеңсесіне аяңдадық. Серіктестіктің жаңа ғимараты былтырғы жылы пайдалануға берілген болатын. Сонымен қатар кеңсе жанынан арнайы қонақ үй мен асхана да бой көтеріпті.

Мұнда бізді шаруашылықтың бас агрономы Ғабит Тұңғышбаев күтіп алды. Ол 2009 жылдан бері шаруашылықта агроном болып еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Біздің барлық сауа­лымызға жауап беріп, татымды әңгі­ме­сін шаруашылықтың егінжайынан тарқатты.
– Бүгінде шаруашылықта күріш егу жұмыстары жүргізілуде. Егін алқаптары толық дәріленді. Қазірде 300 гектар жерге күріштің "Лидер" сорты егілді. Жалпы 2300 гектар жерге күріш, 100 гектар жерге бидай, 200 гектарға мақсары егілетін болады. Әртараптандыру ба­ғыты бойынша 10 гектар жерге жүгері, 5 гектар жерге тары егуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге 440 гектар жерге жаңа жоңышқа егілсе, 1018 гектар жерге ескі жоңышқа дәні себілген, – дейді ол.
Серіктестікте 250-ге тарта адам жұмыс істейді. Таңның атысы, кештің батысына дейін күрегі мен кетпенін қолына алған шаруалар бұл күні егін алқабында қызу еңбекке кіріскен. Егін егу, оның күтімі сынды іспен айналысуда.
– Ауылдық елді мекенді көркейту, гүлдендіру мақсатында жасыл белдеу аймағы бойынша тал егу жұ­мыс­тары жүргізілді. Сонымен қатар кө­көніспен бақша дақылдарын егу, егін шаруашылығын әртараптандыру бағы­тында түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Ауылда жұмыссыз жүрген жандарды кездестіру қиын. Мүмкіндігінше оларды шаруашылық пен оның жанынан құрылған цехтарға жұмысқа тартудамыз, – дейді серіктестік басшысы Нұржан Пірмантаев.
Ауыл – нағыз шаруаның мекені. Егін егу мен шаруа жүргізуге өте қолайлы. Ерте көктемнен егіс алқабына асыққан диқандар жаз бойы тынбай еңбек етеді.


АУЫЛДАҒЫ "АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ"
"Қарты бар үйдің қазынасы бар" деп қазақ қашанда қариясын сыйлаған халық қой. Шаңырақтағы жасы үлкен қариясы бар үй расымен берекелі, қазыналы. Кез келген қазақ отбасында ата-ана өз баласын үлкендерді сыйлауға тәрбиелейді емес пе?!
"Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады" дегендей мұндағы ақсақалдар бас қосатын "Ардагерлер үйі" былтыр қараша айында ашылған еді. Иә, ауылда жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне шыққан аталар да, ақ жаулықты аналар да аз емес. Олар бұрын-соңды тек той-томалақта бас қосса, енді осы орталықта отырып ой бөлісуіне мүмкіндік көп. Ауыл тұрғындары осыған дейін ақсақалдардың аялдамаға жиылып, әңгіме-дүкен құрып отыратынын да күліп еске алады. Себебі олардың басқосуына арнап арнайы ғимараттың салынғанына қуанышты.
Мұнда келгенде құшақ жая қарсы алып, қызмет көрсететін екі маман қарастырылған. Бірі – мейірбике Қар­лығаш Әбдіханова. Ол ардагерлердің денсаулық жағдайын бақылап, кеңесін береді. Ал Ұрхия Кетебаева ғимараттың жылы әрі таза болуына жауапты. Десе де ол бұл жұмыспен тоқтап қалған жоқ. Ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, ауылда үлкендердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіп келеді.
– Ауылда жас келіндер бар. Сырттан келін болып түскендері бар. Біз – жырау, шайырлардың мекеніміз. Соларға бұл ауылдың өзіндік салт-дәстүрін дәріптеп, отбасы құндылығын насихаттауды мақсат етіп қойып отырмыз. Сол мақсатта жақында "Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда" тақыбында ауылдағы аналардың қатысуымен іс-шара өткіздік. Алдағы уақытта жас келіншектерге арнап өткізуді де жоспарлап отырмыз, – дейді ол.



НАН ИІСІ
Иә, ауылда жұмыссыз адамды кез­діктіру қиын. Шаруашылық жанынан құрылған әртүрлі шағын цехтар осы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздегендей. Олардың жұмысымен танысу барысында шағын ғана бөлмеден нанның тәтті иісі мұрынды жарып барады. Бақсақ, бұл шағын ғана наубайхана екен. Иә, нан – береке, нан – байлық.
Көктемгі науқан басталғаннан наубайхана жұмысы қызу іске кіріседі. Егістік басындағы шаруаларға берілер нан осы жердегі наубайханада піседі. Бүгінде мұнда күніне 130-150 бөлке нан жабылады. Бұл қызметті Мейрамкүл Арысланова мен Гүлмира Сарыбаевалар атқарады. Қырман басындағы еңбеккерлердің осылайша күн сайын көз алдарында ыстық нан пісіп тұрады.



ШАРУАШЫЛЫҚТАҒЫ ТЕГІН
ШАШТАРАЗ
Ауылдағы шағын сүт өңдеу зау­ытының жанында шаштараз бой кө­те­рген. Онда отыз жылдан бері шаш қиып, ауылдың шаштаразы атанған Жадыра Ақшалова жұмыс істейді. Ә дегеннен әңгімесін әріден бастаған ол сұқбатқа еркін төселе кетті. Рас, ашық, ақжарқын жанның жұмыс бағыты, мақсаты бізді де қызықтырмай қоймады. Мұнда мектеп оқушылары мен ардагерлерге, көпбалалы отбасы мүшелеріне шаш қидыру тегін. Орта жастағылар үшін қалтаңызда бар болғаны 250 теңгеңіз болса болғаны. Айына 80 оқушы, 30 шақты ардагер шашын түзейді. Ал үйінен шығуға мұршасы болмаған жанға шаштараздың өзі үйіне барып қызмет көрсетеді.
– Мына қойын дәптерде осында келушілердің тізімі жазылған. Ай сайын есеп беріп отырамын. Шаш қию, бояу, бұйра жасау секілді қосымша қызмет түрлері де бар. 30 жыл осы істі қолға алып жүрген соң жаныма жақын жұмыс. Шаруашылық басшысына тұрақты жұ­мыс беріп, жалақымен қамтамасыз еткені үшін ризамын, – дейді Жадыра Ақшалова сөз арасында.
Ауыл тұрғындары да былтыр ашыл­ған шаштараздың қызметіне дән риза. Алдымен тегін, одан соң қолжетімді бағада қызмет етеді дейді олар. Ал уақыт талғамай, аяқ асты шаш жөндеуге келгісі келгенге шаштараздың есігі қашан да ашық.



ТОР СЫМ ТОҚЫП КЕЛЕДІ
Шаруашылықта тор сым тоқу цехы іске қосылған. Әрине, егістікті, ауыл жанындағы жерлерді қоршау маңызды. Ол үшін дайын тор сымды сатып алып шығындалған сәттер кездесті. Ондайда өзімізден өндіріп, пайдамызға жарату әлдеқайда тиімді емес пе? Сапалы болса, әрі адамдар жұмыспен қамтылады. Осыны ой електен өткізген шаруашылық басшысы Нұржан Айдарбекұлы тор сым тоқу цехын қолға алған. Мұнда А.Әбенов, Н.Еркөбековтер қызмет атқарады. Ал шыққан өнім шаруашылықтың қажетіне жұмсалады.
– Цехты қолға алмас бұрын әбден зерттедім. Автоматтандырылған станок алдық. Пайдаланудың қыр-сырын толық меңгеріп, қазір жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Тұрмыстық жағдайда тор сым ораманы көп қолданады ғой. Ауылға да осындай өзімізден шыққан өнімді пайдамызға жаратып, керек жерлерді қоршап жатырмыз, – дейді «Тұр­мағам­бет» ЖШС директоры.
Ебін тапқанға еңбек көп. Әсілінде қолдан шыққан бұйымды өз ауылыңның керегіне жаратқанға не жетсін?!






БІР ҮЙДЕГІ ҚОС КӘСІПКЕР
Ауылда мемлекет берген үлкен мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бос отырмай кәсіптің көзін тапқан жандар көп. Солардың бірі – Шарқан Саматбеков пен Гүлжанат Кәжденбекқызы. Бір шаңырақтың берекесін келтіріп, сәнін кіргізіп отырған бұл жанұя үлгілі отбасы. Көп бала тәрбиелеп, олардың болашағы үшін осы бастан талаптанған жандарға қарап таңдай қақпай қоймайсыз.
Отағасы – көлік жүргізуші. Десе де онымен тоқтап қалмады. Биыл мемлекет ұсынған бағдарламаға қатысып бақ сынады. Солай грант жеңімпазы атанып мал шаруашылығын қолға алды. Ал қолға қаражат тиген бойда-ақ 14 бас қой әкелді. Оның 5-6-ауы еділбай сорты болса, алдағы уақытта гисар тұқымынан алып, олардың санын көбейту жоспарда бар. Осындайда қолдау білдіріп, бірге онлайн кәсіпкерлік курсынан өткен зайыбы Гүлжанаттың оң қолынан өнер де, бал да тамқан. Былтыр ол жобасын қорғап, кондитерлік өнімдер пісіруге ден қояды. Солай тәтті-пәттісін, оның ішінде тапсырысқа самса, құймақ, вупи-пай, қызыл барқыт секілді торттың түр-түрін әзірлейді. Онымен қоса өзі үйден шағын салон жұмыстарын істейді. Солай екі жақтан шапқылап жүрген олар үй ішінен азық-түлік дүкенін ашып үлгерген.
– Кәсібімізді жаңадан, ең төменгі сатыдан бастадық. «Әрекет түбі – берекет» дейді ғой. Бос жатқанша қарекет етіп, кәсібіміздің нәсібін көруге талпындық. Қазір Аллаға шүкір, өркендеп келеді. Инстаграмда белсендімін. Жасаған заттарымды салып отырамын. Одан соң 5 ауылдың тұрғындары жиналған ватсаптағы чатта да бармыз. Осы жерден тапсырыс алып, жеткізу қызметін ұсынамыз, – дейді Гүлжанат.
Еңбекқор отбасы бастаған берекелі кәсібін одан әрі дамытуды көздейді. «Тек шынайы ниет пен талап болса, алынбайтын қамал жоқ» дейді олар. Ол рас. Қалауын тауып, қар жандырған жандардың бары қандай жақсы?!

ТҮЙІН
Қауымдаса, бірлесе тірлік жасау – нарық талабы. Осы орайда үлкен-кішісінің басын құраған ауыл жұмысына көңіл тоярлықтай. Оны біз де бұл ауылдың тындырымды тірлігінен аңғардық. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, маңдай термен адал еңбек еткенге не жетсін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
Айнұр ӘЛИ
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)
10 мамыр 2021 ж. 989 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031