Ақжардағы алғашқы дән
Сенбіде аудан әкімі Мұса Қалдарбеков жұмыс сапармен ақжар ауылдық округіне барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Сапар барысында ауылға кіреберіс жолдың екі бетіне салынып жатқан жасыл белдеу мен агроаймақтың жобасын көрді. Ауылдық округ бойынша 3 агроаймақ ұйымдастырылған. Бірінші аймақ Қарабөгет учаскесінде орналасқан, аумағы 10 гектар. Екінші аймақ Маслопром учаскесінде аумағы 21 гектарға шектелсе, үшінші Дөңбай учаскесінің аумағы 40 гектарға белгіленген. «Ораз ахун ЛТД» ЖШС шаруашылығының бастамасымен 2 гектар аумаққа алма бақтың негізі қаланған. Ал «Ақжар» шаруа қожалығының қолдауымен жасыл белдеуді қалыптастыру мақсатында 2000-ға жуық терек ағашының көшеті отырғызылған. Жалпы көлемі 1 гектар. Оны күнделікті суару үшін Диірмен арық жармасы арқылы аяқ су мәселесі шешілген. Ауылдың көркеюіне мұрындық болған қос шаруашылықтың төрағаларына аудан әкімі ризашылығын білдіріп, жұмысына оң бағасын берді.
Мұнан соң аудан басшысы карантин талабын сақтай отырып, ауылдық клуб үйінің алдында тұрғындармен кездесті. Онда коронавирус инфекциясымен қарсы күресте сақтық шараларын қатаң сақтауды, сонымен қатар жауапты басшыларға санитариялық ережелерді сақтап, жағдайды үнемі бақылауда ұстап отыруды тапсырды.
Тұрғындармен кездесуден кейін Мұса Оспанұлы «Ораз ахун ЛТД» ЖШС шаруашылығы мен «Ақжар» шаруа қожалығының көктемгі дала жұмыстарының барысын аралап көрді. Шаруашылықтарда әртараптандыру бағыты бойынша дақылдардың өнімділігін арттыру мен жаңа сорттарды өндіруде су үнемдеу технологиялары қарастырылған. Өңір басшысы сапар барысында Жомарт Жалғасбаев төрағалық ететін «Ораз ахун ЛДТ» ЖШС-нің алғашқы күріш дәнін себу рәсіміне қатысты.
– Ауданымыз ауыл шаруашылығына негізделген аймақ. Сол үшін аудан көлемінде агроөнеркәсіпті дамыту мен егін шаруашылығындағы әртараптандыруды жүзеге асыруымыз қажет. Сонымен бірге мал азығы, картоп, көкөніс сияқты бақша дақылдарының өнімділігін жоғарылатумен қатар мал шаруашылығына да басымдық беруіміз керек. Шаруашылық саласына жас кадрларды дайындауды жоспарлау бүгінгі күн талабы, – деді М.Қалдарбеков.
Шарадан соң аудан әкімі ауыл ақсақалдарымен әңгімелесіп, ой-пікірлерімен бөлісті. Қариялардың көкейдегі жүрген сауалдарын тыңдап, алдағы атқарылатын жұмыстарын сараптады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ