Аудан әкімінің орынбасары Ақтөбе ауылдық округінде болды
Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Ж.Ерқосаев аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Е.Әбдікеровпен бірге Ақтөбе ауылдық округіндегі «Қармақшы Құс» фабрикасының құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Бүгінде жылына 1500 тоннадан астам құс еті өнімінің шығаруды жоспарлап отырған зауытта құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылуда.
«Ақтөбе и К» ЖШС төрағасы Н.Іздібаев зауыт құрылысында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жоба аясында атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, құс фабрикасының әкімшілік және бақылау-өткізу пунктінің жалпы құрылыс жұмыстары, сумен жабдықтау инженерлік желілері, сантехника орнату, ішкі электр жүйесі, жылу және вентиляциясы, 6 құс цехының жалпы құрылыс жұмыстары, металлды конструкциялар, сэндвич панелмен қаптау жұмыстары, құс сою цехының металл конструкциялық жабынын монтаждау және инкубациялық цехтың жалпы құрылыс жұмыстары аяқталып, құс фабрикасының аумағы қоршалды.
Жобаға жетіспейтін қаражатты толықтырып, жыл көлемінде іске қосу жоба бастамашысына міндеттелген. Қаржыландыру бойынша бағдарламалар шеңберінде несие алып беруге жұмыстар жасалуда.
Сонымен қатар, құс фабрикасын іске қосу мақсатында «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында сыртқы электр және сумен жабдықтау желілерімен қамтамасыз ету үшін қаржы бөлінді. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталып, атап айтқанда 14,376 шақырым 10 кВ электр желілері, 4,020 шақырымға су желілері, 0,06 шақырымға кәріз су желілері жүргізіліп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Мұнда 70-тен аса ауыл тұрғынын еңбекпен қамтылады деп жоспарланған.
Жоғары технологиялы қондырғылар келіп орнатылса өндірістік желіні іске қосып, жергілікті тұрғындарды үйрететін арнайы мамандар тобы келеді. Ал шикізат пен өнімді өткізу нарығы алдын-ала жоспарланып қойылған.
Шикізатқа байланысты құс өскеннен кейін жемі-суы болады. Яғни аудан көлеміндегі шаруашылық құрылымдарына қосымша жұмыс көзі ашылады деп жоспарлануда.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі