Әке – біздің қорғанымыз!
Жарық дүниеге келген әрбір адамға ата-анасының ыстық көрінуі – табиғи заңдылық. Әке-шешені қадірлеу, сыйлау – қазақ болмысындағы ғажап қасиеттердің бірі. Ұлтымыздың ұғымында: «Қыз – жат жұрттық», «Қыз – өріс» дейтін қанатты сөздер бар. Мен де сол қазақы қағидаға сай, туған жер – атамекеннен, алтын ұямнан алыстау, шалғайда жүрген жанның бірімін. Кең байтақ жеріміздің Арқа деп аталатын мекенінде өмір сүріп келеміз. Алыста жүрсек те туған жерімізді, өскен елімізді, ыстық ұямызды сағынамыз. Үнемі бір бүйрегімізде жүреді. Түлеп ұшқан алтын ұяға анда-санда барғанда әке-шешеміздің ыстық құшағы мен мол мейіріміне шомылып қайтамыз. Туған жердің тылсым құдіреті де бойымызға рух беріп, күш-жігер құйып бір жасап қаламыз. Осынау ежелден құт дарыған, киелі Сыр аймағында, Қармақшыдай қасиетті жерде біздің аяулы ата-анамыз, бауырларымыз, жерлестеріміз тұрып жатыр. Барлықтарыңызға Сарыарқадан сәлем жолдаймын. Әрқашанда аман-есен болып, бақытты ғұмыр кешіңіздер! Биыл бәрімізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай еркелетіп өсірген, тәлім-тәрбиесін берген асқар таудай әкеміз Бекдәулет Маханов 75 жасқа толып отыр. Ардақты әкеміздің өнегелі өмірі, жүрген жолы, көрсеткен бағыт-бағдары – біз үшін мағыналы мектеп, керемет өмір университеті. Мамандығы – мұғалім, педагог, ұстаз. Мектеп директоры болып қызмет атқарды. Білімі мен біліктілігінің, ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында қаншама шәкірттері үлкен жетістіктерге жетіп, талай биікті бағындырды. Қоғамда адамның тәнін ғана емес, жанын да емдеушілер – дәрігерлер. Ақ халатты абзал жан деген теңеу де – осының айғағы. Әкемнің өмірлік жары, біздің анамыз Күлдәрі көп жылдар бойы дәрігер болып еңбек етті. Бір жанұяда екі қыз, екі ұл өсіп-өндік. Үлкен әпкеміз Түркістанда, мен Қарағандыда, бір ініміз Алматыда, кенже ініміз әке-шешемізбен бірге туған жерде тұрып жатыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқым. Ардақты әке мен аяулы ананың тәлім-тәрбиесі біздерге өмір бойы азық болары сөзсіз. Әсіресе, әкеміздің бізге айтқан өсиет-өнегесі, көрсеткен үлгісі ерекше болды. Бұл кісі өзі өнерлі музыкант, әрі педагог ретінде бізге өмірдің де, өнердің де жолын айқын көрсетті. Соның нәтижесінде бәріміз де ойдағыдай білім алып, әртүрлі мамандық иесі атандық. Мен әкемнің жолын жалғастырып, ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиелеудемін. Әкеміз бүгінде зейнет жасында. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстазды шәкірттері ұмытпайды. Ерен еңбек елге керек, қоғамға пайдалы. Адал еңбек – халық алдындағы қадір-қасиеттің кепілі. Абырой аласармай, қосағымен қолтықтасқан қалпында, қариялық жасқа қатар қадам басу – Алланың пендесіне сыйлаған өлшеусіз несібесі. Біз, әуелі Аллаға, онан кейін киелі жерімізге, аруақты ата-бабаларымызға табынамыз, тәу етеміз. Екіншіден, Әке, сіздің жомарттығыңыз бен кең пейіліңізді, жайсаң жүрегіңізді, мәрт мінезіңізді, бізге деген зор махаббатыңызды үлгі-өнеге тұтып, сый-құрмет көрсетеміз. Биылғы 75 жасқа толған мерейлі жасыңыз құтты болсын! Мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақытты өмір тілейміз. Балаларыңыздың, немерелеріңіздің, шөберелеріңіздің қызық-қуаныштарын көп көріңіз. Әулеттің абыройлы ақсақалы болып, көшбасшы ретінде көп жасаңыз.
Мықтылықтың мығым ұстар желкенін,
Ұланысың ғажайып бір өлкенің.
Ертеңінен үміт күтіп, үкілеп
Текті ұлға артқан еді ел сенім.
Тағдырдың өткелінде таймай таға,
Биікке көтерілдің қанат қаға.
Адамның бақыты мен бағы да – сол:
Ел-жұрты беріп жатса – құрмет, баға!
Жайсаң жүрек, мәрт мінез, көңілі ақ,
Азаматқа бұйырған осы ғой бақ.
Еңбегіңнің жемісін көретұғын,
Құтты болсын, осынау маңызды шақ.
Ерлік – өнер дарыған елде өскен,
Сырдың ұлы айдарынан жел ескен.
Ақ жолменен алшаң басып көріндің,
Жетпіс бестей – берекелі белестен.
Білімнің бұлағы боп сарқыраған,
Бар ғұмыры айнадай жарқыраған.
Ұстаздық мамандықты меңгергені –
Ұрпаққа үлгі болар алтын адам!
Тәңір өзі, берген нәсіп ұзарсын,
Мына қоғам – мұзарты көп, құзар – шың.
Бабалардың рухы желеп – жебесе,
Тектіліктің туын ұстап тұрарсың.
Құшақ жайып қазақтағы сары бел,
Тойымызға куә болып мына Ел.
Ұрпағыңның қызығына кенеліп,
Анамызбен қол ұстасып жүзге кел!
Игі ниет, ізгі тілекпен қызыңыз Асылкүл БЕКДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Қарағанды қаласы
Қарағанды қаласы