Әлеуметтік серіктестіктің әлеуеті жоғары
Болашақ мамандарды даярлауда оқу процесін өндіріспен байланыстыру басты мәселе екені анық. Осы ретте аудандық аграрлы-техникалық колледжде «Әлеуметтік серіктестік – сапалы маман даярлаудың қозғаушы күші» тақырыбында семинар өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары, мемлекеттік және жеке кәсіпорын, шаруашылық басшылары, оқытушылар, өндірістік шеберлер мен бітіруші жас мамандар қатысты.
Бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру, жұмыспен қамтуға шақыру, кәсіпкерлікті насихаттау және колледждің әлеуметтік серіктестіктерімен байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған семинар екі бөлімнен тұрды.
Алғашқы бөлімде мамандық туралы бейнеролик, студенттердің көрмесі тамашаланды. Колледж базасында эксперименталды алаң ретінде ашылған шағын қоян фермасы және жылыжай жұмысымен әлеуметтік серіктес басшылары және аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Әсет Омаров, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеров, өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы А.Өтегеновтер танысты. Семинарда сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы кәсіптік білімнің көкжиегі кең екеніне тоқталып, болашақ жас мамандарға бағыт-бағдар берді.
– Әрбір маманның кәсіптік жарамдылығы өндірістік оқыту барысында байқалады. Тіпті кейбірі өзін жан-жақты көрсету арқылы жұмысқа орналасуға жолдама алады. Сонымен қатар жас маманның бойында жауапкершілік, шешім қабылдай алу қасиеттерімен қатар өндірістік машық кезінде өз-өзін ұстауы, өзгелермен тілдесе білуі, сыртқы келбеті, киім киісі де маңызды рөл атқарады. Бүгінгі шараға жиналған әлеуметтік серіктестік мекеме басшыларын бірлесе жұмыс істеуге, ауданның білікті жас мамандарын жұмыспен қамтуға белсенділік танытуға шақырамын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жалпы бітіруші мамандарды жұмыспен қамту сонымен қатар, оларды кәсіпкерлікке тарту арқылы азаматтар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатарын көбейтуге болады. Бұл жұмыссыздар санының азайып, елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығының кепілі болмақ. Осы бағытта кәсіпкерлік палатасы өңірлік филиалының директоры Алмат Өтегенов, «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Орынбек Мұнарбаев және аудандық электр тарату торабы мекемесінің директоры Руслан Еспенбетовтер өз ойларын ортаға салып, бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, біріге жұмыс атқаратынын жеткізді.
Ал семинардың екінші бөлімі әлеуметтік серіктес мекемелермен ынтымақтаса жұмыс жасау үшін өзара меморандумға отыруға арналды. Колледж және әлеуметтік серіктес мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында колледж директоры Бауыржан Сайдуллаұлы 18 мекемемен екі жақты меморандумға қол қойды.
– Бүгінгі жас маман ертеңгі елдің тұтқасын ұстар азамат. Дана халқымыз айтқандай «Болашақ бүгіннен басталады, талапты жастар оның бастамасы». Колледжден 2018-2021 жылдар аралығында білім алып, қанатын қомдап ұшқалы отырған түлектер біздің мақтаныштарымыз. Олар ел игілігі жолында жемісті жұмыстар атқарады деп сенеміз, – деп сөзін қорытындылады аграрлы-техникалық колледж директоры.
Кездесуде «Электр жабдықтарға қызмет көрсетуші электромонтер» мамандығы бойынша ІІІ курс студенті Абылай Баймұрзаев пен «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша Жауқазын Махамбетиярова барша бітірушілер атынан білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына рахмет айтып, болашақта өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп, білікті маман иесі болатындарына сенім білдіріп, қатарластарына еңбек жолында сәттілік тіледі.
Семинар соңында әлеуметтік серіктес мекемелердің басшыларымен естелік суретке түсіп, колледж директоры Б.Сайдуллаұлы мекеме басшыларына «Алғыс» марапатын табыстады.
Бұл семинар студенттерге бағыт-бағдар беріп қана қоймай, адам өмірінде мамандықтың алатын орнын айшықтап, өмірлік азық болар келелі кеңестер берілген тәлімі мол жиын болды. Бітіруші түлектерге тың серпін мен сенімділік сыйлаған мұндай семинарлар алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ