» » Денсаулық – өмір негізі

Денсаулық – өмір негізі

Туберкулез әлемдегі ең көп таралған инфекциялардың бірі. Оны неміс дәрігері Роберт Кох 1882 жылы туберкулез қоздырғышын анықтап, аса қауіпті жұқпалы екенін дәлелдеді. ХХ ғасырға дейін туберкулез іс жүзінде емделмейтін болған. Микроскоп астындағы туберкулез микробы қатты ұлғайған кезде кішкентай таяқша тәріздес болып көрінгендіктен туберкулез таяқшасы деп аталды.
Жыл сайын 24 ақпан – 24 наурыз аралығында бүкіл әлем туберкулезге қарсы күрес айлығын атап өтеді. Елімізде де құрт ауруына қарсы атаулы шара ескерусіз қалмайды. Әр аймақтағы туберкулез орталықтарында құрт ауруымен қалай күресу керек екендігі түсіндіріліп, жергілікті адамдардан туберкулез ауруы туралы сауалнамалар алынады.
Жуырда ауданға қарасты Т.Көмекбаев пен Ақтөбе ауылында Дүниежүзілік Туберкулезге қарсы күрес айлығына орай аудандық аурухана, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және аудандық білім бөлімінің бірлесуімен кең көлемде іс-шара өтті. Шараның мақсаты – халықты профилактикалық шаралар, туберкулездің алғашқы белгілері, уақытында медициналық көмекке жүгінудің маңызы және уақытында емделудің тиімділігі туралы ақпарат алуын арттыру.
Туберкулезге қарсы күрес айлығы Т.Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектепте «Денсаулық өмір негізі» тақырыбында акция өткізуден басталды. Сыныптарда тәрбие сағаты өтіп, туберкулез жайында анықтама берілді. Оқушылар аурудың алдын алу жайында өз ойларымен бөлісті. Денсаулыққа байланысты мақал-мәтелдер айтып, өзара жарысты.
Мұнан соң мектептің мәжіліс залында карантин талаптарын сақтай отырып, ауыл тұрғындарының қатысуымен туберкулез жайында іс-шара өтті. Онда аудандық емхананың туберкулезге қарсы бөлімінің меңгерушісі Хамит Әлиев сөз сөйлеп, туберкулез ауруы жайында мағлұмат берді.
– Туберкулез – бактерия арқылы тарайтын жұқпалы ауру. Қоздырғышы – микробактериялар немесе бәріміз білетін кох таяқшалары. Науқас қоршаған ортаға ауа арқылы микробактерия бөледі. Сондықтан өзін оқшаулап, міндетті түрде ем алуы керек. Тұрақты ем ұзақ уақыт жүргізілетіндіктен, толыққанды айығып кетудің кепілі екенін білген жөн, – дейді дәрігер маман.
Өз кезегінде оқушылар саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында қойылымдар қойып, флешмоб өнер көрсетті. Бейнелеу өнерінен жұқпалы ауру туралы түсініктері бойынша сурет салды.
Ал, Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте «Уақыт өтуде. Туберкулез ауыртпалығын төмендету бойынша 2022 жылғы мақсаттарға бірге жетеміз» деген тақырыппен семинар ұйымдастырылды. Оған ауыл тұрғындары, ұстаздар және оқушылар қатысты. Семинарда «Туберкулездің алдын алу» жайында түсіндірме жүргізілді. Оқушылар жұқпалы дерт жайында сурет салып, эссе жазды.
Шараның соңында аудандық емхананың дәрігері, балалар фтизиаторы Ардақ Серікбаева балалар арасында туберкулезді анықтау және оның алдын алу туралы кеңес берсе, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының бас маманы Сәуле Сайымбетова туберкулездің жұғу жолдары мен залалсыздандыру жайында ақпарат беріп, қатысушыларға үнпарақ таратты.

Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

02 сәуір 2021 ж. 1 092 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031