» » Сұлулықты бұрымына сыйдырған

Сұлулықты бұрымына сыйдырған

«Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын»
деп дана Абай жырлаған қыз бұрымы әрдайым сұлулықтың символы мен әсемдіктің белгісі ретінде сипатталып келеді. Жаһандану заманында әртүрлі бағытқа еліктеудің әсерінен шашты жинақы ұстап, күтіп өсіруге ден қоймаймыз. Десе де, арамызда дәстүрді дәріптеп, қолаң шашын күтіп ұстайтын бұрымдылар да бар. Мұндай сұлудың бірі – Айғаным Әбдуәлиева.
Бұрымды ару кент орталығындағы О.Шораяқұлы атындағы №30 мектептің 10 «Б» сыныбында білім алады. Ол алғыр да үлгілі оқушы, өз сыныбының топбасшысы. Бос уақытында би үйірмесіне қатысады. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Бастау» би тобының белді мүшесі. Сондай-ақ, спорттан да құралақан емес. Волейбол мен теннис ойындарын жоғары дәрежеде ойнайды. Уақытының тығыздығына қарамастан кітап оқуды да әдетке айналдырған. Аудандық Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхананың тұрақты оқырманы. Пәндік олимпиадаларда химия сабағы бойынша білім додасына түсіп, биік белесті бағындырып жүр.
Бар өнерді бойына жиған Айғанымның шашының ұзындығы 1 метрден асады. Анасының айтуынша, қызының шашын бір жасынан бастап өсірген. Бойына қазақ қызына тән биязылық пен инабаттылық ұялаған бұрымдының білім, би, спорт саласында да жеткен жетістігі жетерлік. Былтыр аудандық «Қармақшы аруы – 2020» байқауында ІІІ орын иеленсе, жақында Айғанымның марапат қоржыны тағы бір жеңіспен толықты.
Айғаным Сейілханқызы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық «Бұрымды ару – 2021» телевизиялық байқауында бақ сынады. Ибалы, инабатты, бұрымды қыздарды үлгі ету мақсатында өткен байқауға облыс көлемінде 10 бұрымды ару іріктелінген. Облыс төрінде аудан абыройын асқақтатқан Айғаным байқау нәтижесінде «Көрермендер көзайымы» номинациясын иеленіп, күміс әшекей тағынды.
– Шашымның ұзын болғаны өзіме ұнайды. Анам әрдайым қолаңшаш кез келген қызды әдемі етіп көрсетеді дейді. Бұл байқауға қатысқаныма қуаныштымын. Бұрымды арулардың арасындағы жас жағынан ең кенжесі болдым. Олардың бұрымдары түрлі, әрі әдемі. Сайыс жоғары деңгейде өтті. Бізді қаланың білікті бишілері жаттықтырды. Сұлулықпен, өнермен, біліммен бақ сынасқан сұлулармен жақын танысып, достасып та үлгердім. Мұнан әрі де шашыма қайшы тигізетін ойым жоқ. Бұл байқаудан кейін бұрымның біз білмейтін қасиеті көп екенін түсіндім, – дейді бұрымды ару.
Қолаң шашын сәндеп өріп, шолпы тағынған Айғанымның бұрымына қарасаң, көзің қуанады. Ұзын шаштың ебін тауып, түрліше өруді өзі-ақ меңгеріп алыпты. Бұрымды арудың алға қойған мақсаты мен арманы көп. Әңгіме арасында ол болашақта ақ халатты абзал жан болғысы келетінін де тілге тиек етті.
– Қазақта «Таудың көркі – тас, қыздың көркі – шаш» демей ме? Әйел затының көркіне көрік қосар шаш екені белгілі. Сонымен қатар шаштың әрбір талының өзі қасиетке ие. Қыздарымның шашы ұзын, дәстүрді білетін ибалы, инабатты, тәрбиелі, заманға сай жан-жақты болғанын қалаймын. Осы ретте отбасында білгеніммен бөлісіп, ұлттық дәстүрді ұлықтауға мән беремін. Әрбір бала – бір төбе. Әрқайсысының биік белесті бағындырғаны біз үшін үлкен мәртебе, – дейді анасы Айткүл Әбжәлиева.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 наурыз 2021 ж. 606 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031