Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қайырымды да батыл отандастарымызды марапаттады
Өзгенің қайғысын бөлісуге және риясыз көмекке дайын, игі істердің бастаушысы болатын жандар аз емес. Мейірімді, бауырмал, қайырымды, жомарт адамдар – кез келген қоғамның негізгі тірегі және олардың болуы маңызды. Бүгін Алматы қаласында жүрегі кең абзал азаматтар марапатталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауын осымен үшінші жыл ұйымдастырып жатыр.
Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Байқау қайырымдылық идеяларын насихаттауға, белсенді азаматтық бастаманы дамытуға бағытталған.
Жобаға қатысушылар - жарқын тұлғалар. Олар мұқтаж адамдарға көмектеседі, қайырымдылықпен белсенді айналысады, батылдық танытады. Олардың арасында еліміздің мәдениетін дамытуға ат салысатын, экологиялық мәселелерді шешетін, әлеуметтік кәсіпкерлікті жүзеге асыратындар да бар.
Дәстүрлі түрде байқау жеңімпаздарының есімдері бес номинация аясында анықталады: «Асар», «Туған жер», «Мейірім жолында», «Батыл жүрек», «Қайырымдылық тарихы». Алайда, биыл комиссия мүшелері тағы екі номинация – «Бала жүрегі» және «Жануарға мейірім» номинацияларын тағайындау туралы шешім қабылдады.
Байқаудың маңыздылығын атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева байқауға қатысуға ниет еткен мейірімді, қайырымды адамдардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқанына назар аударды. Алғашқы байқау ұйымдастырылғаннан бергі үш жылда қатысушылар саны жеті есеге артып, 2020 жылдың өзінде 667 адамды құраған.
- Биылғы «Қайырымдылық керуені» ерекше. Коронавирус пандемиясы, карантиндік шектеулер әрқайсымыздың өмірімізге әсер етті. Бүгінгі шараға қатысушылар арасында осы қиын-қыстау кезеңде өз күштері мен мүмкіндіктерін аямағандарды ерекше атап өткім келеді, - деді Қор директоры.
Оның пікірінше, «әрбір оқиғаның артында адам басына түскен қайғы мен мұң және мейірімділік пен махаббат тұр. Мейірімділік пен ынтымақтастық бірлескен кезде, төтеп бере алмайтын қиындық болмақ емес! Жарқын оқиғалардың куәсі болу үлкен қуаныш. Сондай-ақ, халқымыз үшін, еліміз үшін, туған Қазақстанымыз үшін мақтаныш сезімі оянады».
Дариға Нұрсұлтанқызы «Байқауға қатысушылар өзгелерге жақсылық жасаудан ләззат табатын, өмірге құштар кең жүректі жандар, олар өздерінің жарқын іс-әрекеттерімен өскелең ұрпаққа үлгі болып қана қоймай, мейірімді болуға ынталандырады», - деп атап өтті.
Байқауға қатысушылар – өмірдің түрлі саласында қызмет ететін адамдар - кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, білім беру саласының мамандары, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, журналистер мен блогерлер.
Комиссия мүшелеріне жеңімпаздарды анықтау оңай болған жоқ, өйткені әрбір қатысушының ізгілікке, гуманизм мен патриотизмге толы ерекше және әсерлі тарихы бар.
Жеті аталымның әрқайсысы бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға I, II және III орындар берілді. Сонымен қатар жүлделі орындарға ие болмаған үздік финалистер ынталандыру сыйлықтарын иеленді.
«Қайырымдылық керуені» I орын иегерлері:
- «Асар» номинациясында - Абылайхан Асылбай,Семей қаласы. Бірінші орын қазақстандық және шетелдік қоғам арасында ұлттық қол өнер бұйымдарын дайындау дәстүрін танымал етуге қосқан ерекше үлесі үшін берілді;
- «Туған жер» номинациясы - Дәурен Күлдішев, Семей қаласының тұрғыны. Ол көп балалы отбасыларға көмегін аяған емес, сондай-ақ коронавирус пандемиясы кезінде адамдарды құтқаруға ат салысты (17 млн. теңгеге 185 ӨЖЖ аппараты, дәрілік заттар сатып алынды, медициналық қызметкерлерді тамақтандыру ұйымдастырылды);
- «Батыл жүрек» номинациясында Қостанай облысының тұрғыны Алексей Сычугов марапатталды. Жас жігіт 4 жастағы баланың бауырын ауыстыруға донор болды;
- «Мейірім жолында» номинациясы Нұр-Сұлтан қаласының «Шапағат» қайырымдылық қорына көп балалы және аз қамтылған отбасыларға тұрақты негізде материалдық көмек көрсеткені үшін берілді. Қор 20 мыңнан астам отбасыға көмектесті - 100 тоннадан астам азық-түлік таратылды;
- Батыс Қазақстан облысының «Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бойынша үздік деп танылды. БАҚ облыс тұрғындарының проблемаларын жариялап, оларды шешуге септігін тигізеді. Газеттің белсенді позициясының арқасында 13 оттегі концентраторы мен дәрі-дәрмектер, екі отбасы үшін үй сатып алынды;
- «Бала жүрегі» номинациясында - Батыс Қазақстан облысынан келген 16 жасар Дана Өтебаева үздік атанды. Марапат өрт кезінде 3 баланы құтқарудағы ерен ерлігі і үшін берілді;
- «Жануарға мейірім» номинациясында Өскемен қаласынан келген Борис Щербаков атап өтілді. Борис Шығыс Қазақстан табиғатын дәріптеуге үлкен үлес қосты, ботаника, фаунистика, экология бойынша 200-ге жуық ғылыми жұмыстар мен кітаптар шығарды. Чечек шатқалында «Мектеп жанындағы экологиялық қорық» ұйымдастырды, онда жас натуралистер экологиялық практикадан өтіп, өздерінің ғылыми ізденістерін жүргізе алады.