Сайлау күнін атап өтті
Жыл сайын дүниежүзі ақпан айының алғашқы бейсенбісінде сайлау күні атап өтеді. Жалпы сайлауды ұйымдастыру, оны өткізу саласының мамандары Дүниежүзілік сайлау күнін белгілей отырып, азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуді, тұрғындардың сайлауға белсенді қатысуын мақсат тұтады.
Ал елде өткен сайлау процесі аудан тұрғындарының жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау және сайлану құқығын іске асыруға бағытталған. Жыл басында яки 10 қаңтарда Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өткен болатын. Саяси науқанға аудан тұрғындары белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Ал сайлауды ұйымдастыру, бақылау сынды өзіндік жұмысы тағы бар. Оның басы-қасында бекітілген мамандар үздіксіз қызмет атқарды. Міне, сол дүниежүзілік сайлау күнінде саяси науқанға үлес қосқан белсенділер аудандық Жыраулар үйінде басқосты. Мұнда еңбегі еленген бірқатар маман облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың, аудан әкімі Мұса Қалдарбековтың алғыс хатымен марапатталды. Одан соң аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Құлдүйсенов сөз алып, бірқатар азаматтарға ҚР Орталық сайлау комиссиясының алғыс хатын тапсырды.
– Азаматтық белсенділік танытып, ауданда өткен сайлау науқаны кезінде ерекше үлес қосқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да тәжірибелеріңізді ел игілігіне жұмсап, қызметтеріңізді адал атқара беретіндеріңізге сенім мол, – деді аудан басшысы.
Айнұр ӘЛИ