» » Бірлесе атқарған істе береке бар

Бірлесе атқарған істе береке бар

Апта басында аудан әкімі Мұса Қалдарбеков тұрғындарға онлайн форматта "2020 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайында" есебін берді. Онда өткен жылы атқарылған жұмыстар легі мен алға қойған ұсынақты мақсат-міндеттер таныстырылды. Жыл сайынғы әкімдердің халық алдында есеп беру жиыны – өткенді таразылап, алдағы істелетін шаруаны ширатуға үлкен мүмкіндік береді.
«Кеңесіп ел басқару – кемел елдің белгісі» деп есепті кездесуде сөз бастаған аудан басшысы былтырғы жылдың коронавирус пандемиясының таралуына байланысты айрықша кезең болғанын, ол бүкіләлемдік қауымдастықта үлкен дағдарыс тудырып, барлық салада адамдар мен қоғамның үйреншікті өмір салтын бұзғанын атап өтті.
– Қаншама жерлесіміз коронавирус, пневмониямен ауырып, емделіп шықты. Ең өкініштісі – инфекцияның құрығына түсіп, бақилыққа кеткендері де болды. Осы қиыншылықтарға қарамастан халқымыздың бірлігі арқасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты, – деді ол.
Биыл – Қазақстан үшін тарихи жыл. Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осынау жылдарда аудан халқының саны 4,7 мың тұрғынға көбейген. 2020 жылы аудан бюджеті 18,2 млрд теңгеге бекітіліп, 1993 жылмен салыстырғанда 18,1 млрд теңгеге артқан. Егемендік салтанат құрған уақытта 67 әлеуметтік нысан, оның ішінде: 14 мектеп, 12 денсаулық, 7 мәдениет, 9 балабақша, 25 спорт нысаны пайдалануға берілген. Сонымен бірге Байқоңыр қаласында 50 пәтерлі 5 тұрғын үй, аудандық кітапхана мен өлкетану мұражайы бой көтеріп, кілті табысталған.
Соңғы жылдары өңірде бірқатар жарқын жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, аудан бюджеті 2020 жылдың 31 желтоқсанына түсімдер болжамы 17 млрд 962 млн теңге орнына 18 млрд 201 млн теңгеге атқарылған. Оның ішінде өз кірістеріміз 1 млрд 340 млн теңгеге жетіп, 238,9 млн теңге жергілікті бюджетке жоспардан артық түсіп отыр.
Қаралған қаржының басым бөлігі немесе 60 проценті білім беру, 12 проценті әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру саласына бағытталған.
Жалпы облыс бойынша Қармақшы ауданында макроэкономикалық көрсеткіштер жоғары деңгейде орындалды. Оның ішінде өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындары 3 млрд 454,0 млн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі 6,9 процентке артқан. Ал ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 15 млрд 205,3 млн теңге болып, өсім 0,4 процентті құрады. Ауданға 9 млрд-тан астам инвестиция тартылып, оның көлемі екі есеге артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі де 7 млрд 18 млн теңгені құрап, 4 есеге артқан. Бұл саладағы жүргізіліп жатқан басты жобаның бірі – Жосалы кентіндегі газдандыру мәселесі.
Былтыр газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарту желілерінің құрылысын толық аяқтау мақсатында 159,5 шақырым газ құбыры жүргізіліп, 6 дана газ тарату пункті және 2569 шкафты тарату пункті орнатылып, жобаның аяқталу мерзімі 2021 жылдың ІІ тоқсанына жоспарлануда.
Жалпы 2020 жылы нендей мәселелер шешімін тапты? Бұл турасында аудан әкімі Мұса Оспанұлы бірқатар түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылғанын өз баяндамасында айтып берді. Атап айтқанда, Жосалы, Төретам кенті мен Ақай елді мекеніндегі 80 процент тозығы жетіп, 50 жылдан астам жөндеу көрмеген электр стансаларына жөндеу жүргізіліп, қайта жаңғыртудан өткізілген. Бұл жобаларды іске асыруда қазынадан 3 млрд теңгеден астам қаржы қаралған.
Сондай-ақ, ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 3 млрд теңге қаржы көлемінде 40 жоба іске асқан. Осы жобалар аясында жалпы аудан бойынша 804 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарлама шеңберінде 9 әлеуметтік нысан, елді мекендердің 6 көшесіне орташа жөндеу, 4 көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу, 14 көшеге жарықтандыру жүргізу, 3 нысанға абаттандыру, 2 тренажерлық және стритболдық алаңының құрылысын салу жұмысы толығымен аяқталған.
Айта кеткен жөн, аталған бағдарлама аясында бөлінген қаржылар өлкенің ин­же­нерлік-көліктік инфрақұрылымын жақ­сартуға бағытталған.
Осындай қабылданған шараның нәти­жесінде аудан азаматтарына тұрақты жә­не уақытша жұмыс көздері құрылып, жұмыс­сыздық деңгейінің төмендеуіне септігін тигізген.
Бұған қоса жергілікті бюджет есебінен 200 млн теңгеден астам қаржыға біршама жұмыстар атқарылды. 2 кіреберіс шекарасына аудан паспорты орналастырылды, орталық алаң абаттандырылып, Жосалы кентіне кіреберіс қоршалды. 40 бейнебақылау камерасы орнатылып, елді мекендерде абаттандыру, көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Жосалы кентінің тұрғындарына күл-қоқысқа арналған 224 контейнер сатып алынса, кент келбетіне түнгі уақытта көрік беру мақсатында орталық алаңдағы коллонада мен 6 дана аркаға жарықтандыру жүргізілді. 4-ші деңгейлі бюджет есебінен Жосалы кенті мен ІІІ Интернационал ауылында 220 дана түнгі жарық бағаналарына қазақы оюда кескінделген сырға орнату алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.
Өңір үшін жағымды жаңалық, "Қармақшы құс" ЖШС жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы аяқ­талуға жақын.
Жалпы, жыл қорытындысымен есептегенде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3891 бірлік, ал онда жұмыс істейтіндер саны 5489 адамды құрайды. Кәсіпкерлік субъектілерімен 5 млрд 130 млн теңгенің өнімі шығарылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 35,6 процентке артқан. 2020 жылдың басынан 180 жоба 838,9 млн теңгеге несиелендіріліп, 329 азаматқа 199,8 млн теңгенің гранты берілген. Өткен жылғы нәтижелі жұмыстың бірі – Жосалы кентіндегі "Орда" сауда үйінде Kaspi bank терминалының қойылуы. Терминал бүгінде халыққа сапалы қызмет көрсетіп тұр. Тағы бір ауыз толтырып айта кетерлік жайт – шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында жыл басынан бері ауданымызда 70 өндірістік шағын жобалар іске асырылғаны. Оның ішінде "Тұрмағамбет" ЖШС шағын макарон, жем шығару және құрылыс материалдарын өндіру, "Жаңажол" ЖШС газоблок, жеке кәсіпкерлер тарапынан басқа да өндіріске керекті бұйымдар шығару цехтары іске қосылып отыр.
Әлеуметтік маңызы бар негізгі 19 түрлі азық-түлік өніміне мониторинг жасалып, бақылауға алынған. Баға тұрақтылығын қам­та­масыз етуде "Алтын Қамба" агро­өнеркәсіп комбинаты" ЖШС-мен аудан әкімдігі бірлесіп, Жосалы кентінен әлеуметтік дүкен ашылған. Дүкен аудан халқына арзан бағада азық-түлік өнімдерін сатуда. Мұндай әлеуметтік дүкен ашу кенттің арғы бетінен де жобалануда.
Егін шаруашылығы бойынша, 2020 жылы барлығы 22 912 гектар жерге егіс орналастырды. Оның 13 656 гектарына күріш дақылы себілді. Күріш дақылының әр гектарынан 66,8 центнерден өнім алынып, 91,2 мың тонна өнім жиналды.
Мал шаруашылығында өсім байқалады. Көбейту мақсатында жыл басынан мемлекеттік бағдарламалар аясында 388 мал басы сатып алынған.
2006-2020 жылдар аралығында Жосалы кенті әкімшілігіне жеке тұрғын үй құрылысын салуға кезекке қойылған 2031 жеке тұлғаның өтініші тіркелген. Жосалы кентінің бас жоспарына сәйкес кент әкімшілігіне тіркелген 2031 жеке тұлғаның өтініші «Тәуелсіздік» ықшам ауданынан жер учаскелер жеке тұрғын үй құрылыстарын салу үшін 752 жеке тұлғаның өтініші қанағаттандырылды. Қазіргі таңда табысталған жер учаскелерін зерттеу барысында 88 жер учаскесіне тұрғын үй құрылысы жүргізілгені және 6 жер учаскесіне құрылыс нысанының іргетасы қаланғаны анықталды.
Былтырғы індеттің күрделі кезеңі елімізді әбігерге салғаны бар. Осындай кезде ұйымшылдық танытып, бірліктің алмайтын қамалы болмайтынына көз жеткізгендейміз.
– Пандемияда ынтымақ пен бірлігімізді сақтап, қолдау көрсеткен барлық мекеме басшыларына, дербес бөлімдер мен кәсіпорындарға, ауданымыздағы қарапайым еңбеккерден бастап еңкейген қартқа дейін үлес қосып індетті жеңуге қызмет еткен барша жандарға, жеке кәсіпкерлер мен шаруашылықтарға, туған жерден жырақта жүрсе де ел игілігі жолында жанашырлық танытқан барша азаматтарға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі кездесу барысында.

Жыл соңында қайырымдылық шараларына белсенді қатысқан ел азаматтары мен шаруашылықтардың басшыларына «Жыл Жомарты – 2020» номинациясы табысталды.
Өңір басшысы аудан тұрғындарына берген есебінде сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, құқық, мәдениет, тағы басқа салалар бойынша жыл шеңберінде атқарылған істер мен алда атқарылатын шаруа жа­йына да кеңінен тоқталып өтті. Баяндамада еріктілер мен қайырымды жандардың қоғамдағы азаматтық белсенділігі және алдағы межеленген белестері де сөз болды. Жастар арасындағы тәртіптілік, көркейту-көгалдандыру, малды падамен бағу, Жосалы кентіндегі қоғамдық көлік қатынасы, автостанса салу сынды мәселелер де назардан тыс қалмады.
Жаңа жыл жағымды жаңалығымен толы болмақ. "Ауыл-Ел бесігі" жобасы аясында Төретам кентінде жолдарды жөндеуде 357 млн теңге қаржы бөлініп, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылмақ. Осы бағдарламамен Жосалы кенті мен Ақай, ІІІ Интернационал елді мекендерінде жолдарды жөндеуге жобалар ұсынылып, қаржыландыру қолға алынуда. Оған қоса "Тұрған тамы" шаруа қожалығының «Балық өңдеу шағын зауытын ашу» көзделуде. Одан бөлек көпбалалы 10 отбасыға жалға берілетін 19 тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Көктемгі көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалықтың 2 айлығы науқанында аудандағы әрбір мекеме және саябақтарға 33500-ге жуық ағаш көшеті мен қаламшасы отырғызылған болатын. Қазір көшеттердің шығымы меженің 57,3 процентін құрауда.
Есепте аяқ сумен қамтамасыз ету бойынша өткен жылы Жосалы кентінде жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жаңадан 5,3 шақырым арық қайта қазылып, 88 метрге труба салынған. Алдағы уақытта да тұрғындарды тұрақты аяқ сумен қамтуға жаңадан 4 трансформатор мен 4 насосты жаңарту көзделуде. Ескере кетерлігі, бұған дейін аяқ сумен қамту кәсіпкерлік субьектілері арқылы жүргізілсе, биылдан бастап аудан бюджеті есебінен Жосалы кенті әкімшілігі өз қолына алып отыр. Бұл өз кезегінде аталған мәселенің түбегейлі шешімін табуына оң әсерін бермек.
Кездесуде көптің көңілін аударған тағы бір мәселе – «Агрозона» жұмыстары. Егер тұрғындар осы беріліп отырған үлкен мүмкіндікті тиімді пайдалана алса, әрбір отбасы қажетті қыс мезгіліндегі бақша өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз еткен болар еді.
Есепті кездесу барысында ІІІ Интернационал ауылдық округінен денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу, Қармақшы ауылдық округінен ауыл тұрғындарына бақша егу үшін насос алып беру, Төретам кентіндегі Жаңақұрылыс көшесін ауыз сумен қамтамасыз ету, Жосалы кентінен балаларға арналған тынығу лагерінің құрылысын аяқтау, аудан орталығын газбен қамтамасыз ету және коммуналдық мақсаттағы техникаларды жөндеу секілді тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, оған нақты жауаптар берілді.
Онлайн түрдегі 2 күнге ұласқан аудан әкімінің бір жылдық есебіне өңір тұрғындары оң бағасын беріп, алда атқарылатын жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
06 ақпан 2021 ж. 475 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 273

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930