» » Білім белесіндегі Нұрсұлтандар

Білім белесіндегі Нұрсұлтандар

Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана да өз шаңырағында сәби дүниеге келгенде оған ең жақсы есім қоюға тырысады. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауда қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Сондай-ақ қазақ өте ырымшыл келеді емес пе? Жақсы қасиетті байқаса үйренбекке, жақсы жанды көрсе үлгі етуге ұмтылады. Сол секілді ырымдап ат қою – қазақтың қанына сіңген дәстүр. Осы ретте 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Елбасымен аттас жандарды іздестірдік. Тәуелсіздік алғаннан бері елін қиын кезеңнен алып шыққан, көп құрметіне бөленген Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсаған ел азаматы болсын деген ниетпен қойылған есімдер аз емес екеніне көз жеткіздік. Солардың бір парасына тоқтала кетсек.

Нұрсұлтан Хамитов – 1995 жылы өмірге келген. Елбасының істеріне сүйсінген атасы немересінің есімін оның құрметіне Нұрсұлтан деп атапты. Ол мектепті бітірген соң Қызылордадағы «Болашақ» университетінде математика пәнінінің мұғалімі мамандығын меңгереді. Жоғарғы оқу орнын тәмамдағасын туған мекенге оралып, өзі түлеп ұшқан Байқоңырдағы №273 мектепте ұстаздық етуде.
– «Мектептің жақсы, шәкірттің білімді болмағы, болашақта сол алған білімін өмірде өзіне және қоғам игілігіне жұмсай алатын азамат болып шығуы тікелей ұстазына байланысты» дегендей, қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықты таңдағаныма қуаныштымын. Өйткені ұстаз – жай ғана мамандық иесі емес, ол – адал, әділетті, өз бойына бар жақсыны жиған, өз білгенін балаға сарқып беретін жан. Оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алған күні мен үшін өмірдің жаңа бір парағы ашылғандай еді. Ал мектепке келіп, ұстаз ретінде алғаш сынып табалдырығын аттағанымда маған күлімдей, әрі сынай қараған пәк көздерден өзіме жүктелген үлкен жауапкершілікті сезіндім. Баламен жұмыс істеу, олардың алаңсыз, қуанышты жүзін күнде көру – мен үшін баға жетпес бақыт, – дейді жас ұстаз Нұрсұлтан Ғабитұлы.
«Жас келсе – іске» демекші, оның мамандығына адалдығы, шексіз жақсы көретіні әрбір сөзінен айқын аңғарылып-ақ тұр. Білім саласында жүргеніне үш жылдан енді асса да, белсенді жастың бағындырған белесі аз емес. 2018 жылы аудан көлемінде «Үздік жас маман» байқауында І орынды иеленсе, биыл «Үздік математика мұғалімі» сайысында да І орын алып, жеңіс тұғырынан көрінген. Ұстаздығымен қатар қоғамдық жұмыстардың қай-қайсынан шет қалмайтын Нұрсұлтан қалалық ішкі саясат бөлімінің алғысымен де марапатталған. Мақсаты айқын, арманы асқақ ұстаздың алға қойған жоспары көп. Жаңашылдықты қолдайтын мұғалімнің өзіне қояр талабы да осал емес.
– Мұғалім ¬– үздіксіз ізденуші. Ал ізденіс – үнемі теориялық білімді кеңейтіп, оқыту үдерісінде ақпараттар ағыны тасыған қоғам талабына сай тұлға тәрбиелеуге жол ашады. Өйткені, ұстаздың қолында – ұрпақтың тағдыры тұр. Сондықтан мен өзімді үнемі қамшылап, бір орында тоқтап қалмай білімімді жетілдіруге күш саламын. Қазіргі ХХІ ғасырда инновациялық технологияны меңгерген, болашақ ұрпақ алдында жауапкершілікті сезіне алатын, жаңашылықты жатсынбайтын, білім мен тәрбие беруде жаңа әдіс-тәсілді тиімді қолдана білетін мұғалім ғана жетістікке жете алады, – дейді Нұрсұлтан Хамитов.
Талабы таудай білімді жастың талай өренді үлкен өмірге қанаттандырып, оларға сапалы да саналы тәрбие беретініне күмәніміз жоқ.


Жосалылық Нұрсұлтан Асылбекұлы – 22 жаста. Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде алғаш білімінің кірпішін қалаған ол Қызылордадағы М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжге оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң 2017 жылдан бастап өзі оқыған лицейге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Талапты жастың осы кезге дейін жеткен жетістіктері көп. Мәселен, аудандық, облыстықтан бөлек, республикалық білім додаларында топ жарып жүр. Жақында ғана «Ұстаз тілегі» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздар арасындағы олимпиадада жеңімпаз атанды. Сондай-ақ оның сабақтары «Білім айнасы» журналына жарияланды.
– Бала күнімнен осы мамандығыма жақын өстім. Әсілінде ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеуді арман еттім. Қазір сол арманым орындалып, оқушыларыма білімнің шырағын жағып келемін. «Есіміңді Елбасына ұқсасын деп қойған ба?» деген сауалдар қойылады. Рас, сол кісіге ұқсасын, жұлдызы биік болсын, деп әкемнің туған ағасы Жора Жылқыбаев қойған. Бұл маған әрі қуаныш, әрі мақтаныш, – дейді жас ұстаз.

Жоғарыда ұстаз Нұрсұлтандарды жазсақ, енді біліммен сусындаушы, мектеп қабырғасындағы Елбасымен есімдес мектеп мақтанышына айналған шәкірттер туралы сөз қозғасақ.


Нұрсұлтан Елеусізов – 2007 жылы Қармақшы ауылдық округі, Қызылтам стансасында дүние есігін ашқан. Есімін әкесі Серікбайдың ағасы мен қарындасы елбасының еліне жасаған еңбегіне риза болып, кішкентай Нұрсұлтан да халқына жақын болсын деген ырыммен қояды. Қазір Нұрсұлтан №79 мектептің 8 сыныбында оқиды. Оқу үздігі, қоғамдық жұмыстардың белсенді қатысушысы. Алғыр оқушы аудандық, облыстық сайыстардың көшбасшысы. 2019 жылы республикалық «Ақбота» интеллектуалдық марафонында ІІІ орынды иеленсе, биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Үкілі үміт» атты халықаралық өнер фестивалінде «Үздік өнер» номинациясының жеңімпазы атанған. «Берекелі алтын күз» атты республикалық өнер байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша І орын, облыстық білім басқармасының «Абай өлеңін мәнерлеп оқу сайысында» бас жүлдеге лайық деп танылған жасөспірімнің бағындырар белесі әлі алда. Білімді үйретіп, өнерге баулып жүрген ұстаздары талантты шәкіртінің ел мақтанына айналар тұлға боларына үміті мол.
Ал байқоңырлық Нұрсұлтан Есмамбетов 2007 жылы 2 желтоқсанда өмір есігін ашқан. Есімін атасы мен әжесі елін ойлайтын азамат болсын деп «Нұрсұлтан» қойыпты. Бүгінде №275 орта мектептің 7 сынып оқушысы. Ол 1 сыныбынан бастап үлгілі тәртібімен көзге түскен оқу озаты. Түрлі республикалық, облыстық, аудандық байқаулардан жүйрік шығып жүрген жеңімпаз. Нұрсұлтанның ерекшелігі – жан-жақтылығында. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген ол үш тіл бойынша өткен олипиадаларында әрдайым І орын иемденеді. Сондай-ақ, 2018 жылы Елбасы күніне орай ұйымдастырылған «Егер президент болсам...» атты эссе байқауында І орын, республикалық «Нұрлы әлем» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту орталығының ұйымдастыруымен қашықтық олимпиадасында І орын, шағын футболдың қатысушысы ретінде І орын, 2019 жылы М.Ломоносов атындағы ХХ турнирдің математика пәнінен ІІ дәрежелі лауреаты, сурет байқауында ІІ орын алған Нұрсұлтанның жетістігі осылай сабақтасып кете береді. Білімді, өнерлі, спортқа бейім өреннің болашағы жарқын болары анық.
Төретам кентіндегі №269 орта мектептің 9 сынып оқушысы Нұрсұлтан Палуанияздың есімі де Елбасымен аттас. Бұл есім де «Нұрсұлтандай ел басқарар азамат болсын» деген аталық тілектен туған. Мектеп, аудан, облыс мақтанышына айналған Нұрсұлтан облыстық «Ботақан» балалар телефестивалінің жүргізушісі. «Азаматтық Альянс» тіл қоғамының ұйымдастыруымен өткен мәнерлеп оқу сайысының, «Балдәурен» республикалық оқу орталығында сәндік қолданбалы өнер және бейнелеу өнері фестивалінің, кентте өткізілген «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша әдеби кеште үздік өнер көрсеткені үшін марапатталған. Сонымен қатар, ерекше әртістік қабілетімен облыстық, аудандық қойылымдарда бала Абайды және Ә.Тәжібаевтың «Майра» пьесасындағы әнші Майраның әкесін сомдап, ІІ-ІІІ орындарды иеленген. Өнерге ден қойғанымен ол оқуда үздіктер сапында. Жас өркеннің тілекшілері мен ұстаздары оның өнер айдынында еркін жүзер тұлғаға айналарына бек сенімді.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Айнұр ӘЛИ

02 желтоқсан 2020 ж. 1 709 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 389

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 466

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930