Жыл таңдауы – 2020
Өнерлі болу – бір басқа, ал өнерің арқылы халыққа жақын болып, дүйім жұрттың көңілінен шыға алсаң, оның жөні бір бөлек. Иә, мәдениет саласы майталмандарының жұмысы көзге оңай көрінгенмен, әрбір ән мен қойылымның артында шығармашылық ұжымның ауқымды жұмысы тұрары анық. Биылғы пандемия сахнаны көрерменсіз, өнер саңлағын тыңдармансыз қалдырды. Десе де, ауданның мәдениет саласының қызметкерлері бұл қиындыққа төтеп беріп, ел көңілін аулаудың жаңа форматына қарай ойысты. Әлеуметтік желі арқылы түрлі байқау мен концерт, шығармашылық қойылымдар қойып, індеттен үрейленген көптің көңілінінен шыға білді. Онлайн форматта жұмыс жүргізген мәдениет бөлімі «Жыл таңдауы – 2020» өнер фестивалін өткізді. Онда барлық санитарлық талаптар қатаң сақталып, көрермендер саны шектелді. Сондай-ақ арақашықтық сақтау да басты назарға алынды.
Фестивалдің алғы сөзі аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевқа берілді. Ол мәдени даму бойынша ауданда атқарылып жатқан істердің біршамасына тоқталып та кетті.
– Ауданда өткізіліп жатқан қандай да бір шараның басы-қасында мәдениет саласының қызметкерлері жүретіні жасырын емес. Іскерлік қабілеттеріңізді Тәуелсіз еліміздің рухани дамуына арнап, ауданның қоғамдық мәдени өмірінде әлі де үлкен белсенділікпен жұмыс істей береді деп сенемін. Еліміздің кемел келешегін нығайтудағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деген Ж.Сүйеубаев кеш шымылдығын ашып берді.
Өнер кеші одан әрі марапатпен жалғасты. Онлайн форматпен жұмыс жасау барысында тек аудан емес, ауылдық клуб үйлері де өз әлеуметтік парақшасында белсенділік танытқан еді. Осыған орай «Жылдың үздік клубы» атану Ақжар ауылдық клуб үйіне бұйырды. Ал «Бірлігі жарасқан» номинациясын көпұлтты мекендегі ІІІ Интернационал ауылдық мәдениет үйі алса, «Жаңашыл көзқарас» номинациясын Төребай биліктер иеленді. Сондай-ақ «Онлайн жұмыс үздігі» номинациясымен Қармақшы ауылдық клуб үйі марапатталса, Қызылтамдықтар «Дәстүрді дәріптеген» номинациясына ие болды. Ұзақ жылдар бойы мәдениет саласының маңызын келтіріп жүрген Керекжан Құлмырзаев, Ордабай Төребаев, Несібелі Нұрәлиеваларға «Мәдениет майталманы» номинациясы табысталды.
Марапаттан соң кеш жүрек тербер әнмен әрленіп, ерекше бимен толықты. Бұл ретте Ақтөбе ауылдық клуб үйінің директоры Руслан Байғараев «Үздік орындаушы» атанса, «Үздік үйірме жетекшісі» номинациясына «Айқаракөз» би тобының жетекшісі Сәния Молдабаева лайық деп танылды. Онлайн форматтағы жұмыстың басым көпшілігі алдынан өтетін Алмат Байтабынов «Best editor» номинациясын иеленсе, оған дейінгі түсіру жұмысының маманы Азамат Аққошқаров «Best operator» атанды. Ал пандемия уақытында ертегілер арқылы ел алғысын алып, балақайлардың көңілін көтерген Гүлфариза Шакарова «Балалар әлемі» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ музыка әлеміне терең бойлаған білікті маман Мұхаммедқали Бағатов «Маэстро» номинациясымен марапатталды. Ал сахналық қойылымдарда түрлі бағыттағы рөлдерді қиындықсыз сомдап жүрген Нұркен Әлиасқаров «Үздік ерлер рөлі» номинациясын иеленсе, «Сырлы сезім» номинациясы Жаңажол ауылдық клуб үйінің көркемдік жетекшісі Азамат Әлтаевқа бұйырды. Ұстаз-шәкірт болып бірге ән шырқаған Азат Ысқақ пен Жанерке Асылбекке «Талантымен танылған» номинациясы табысталды. Ал Иіркөл ауылдық клуб үйінің әдіскері Айман Әуезханова «Retro style» номинациясын алса, «Сырлы әуен» номинациясымен Төретам кенттік клуб үйінің көркемдік жетекшісі Мұхит Темірханов марапатталды. Әрбір марапат иесі өз әндерімен сахнадағы өнерді сағынған тыңдарманды қуантты.
«Поэзия жүрегімде» номинациясы Сағдат Ералиев, Шерхан Кәрібаев пен Сырым Әділбековке бұйырды. Мәдениет саласының қызметкерлеріне Сырым жыр шумақтарын арнаса, Сағдат пен Шерхан поэзия тереңіне бойлатты. Ал алыс-жақын шетелді бағындырып, түрлі байқауда топ жарып жүрген Айжан Қыдырбек «Алтын дауыс» номинациясын иеленсе, Ғалымжан Шакизада мен Ақерке Бекеева «Жылдың үздік дуэті» атанды. Өмірде де, өнерде де қол ұстасқан Берік Айтов пен Жазира Сәтбергенова «Жылдың үздік жұбы» болса, әншілігі мен әртігінен бөлек, жүргізушілігі бір төбе Мадияр Махамбетұлы «Үздік режиссура» номинациясын иеленді. Ал «Мәдениет музасы» номинациясына Ақмарал Кішкентаева лайық деп танылса, мәдениет үйінің директоры, бар шараның бастамашысы Арнұр Көшеней «Лучший босс» атанды.
Бұл кеш өнер әлемінің өрендері үшін ерекше кеш болғаны мәлім. Себебі біршама уақыттан бері бос тұрған сахнаның сәні кірді, көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметі қайта естілді. Өнер адамына оның тыңдаушыларының құрметінен асқан баға жоқ шығар, сірә. Сындарлы уақыт өткен соң, мәдениет үйі көрерменге лық толып, тағылымды шаралар жалғасын табатын күн де де алыс емес секілді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА