Балаларым – бақытым, жарқыраған жақұтым
«Адамның бір қызығы – бала» дегендей, адамзат өмірінде ұрпақтың орны бөлек. Ертеректе қазақтың әрбір шаңырағында он-он бестен перзент болатын. «Көз тиеді» деп олардың нақты санын да жасырын ұстаған. Ал қазір көпбалалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңғалатынымыз сөзсіз. Тіпті, кейбірі сырттай «оның бәрін қалай асырайды» деп күпірлік етіп жатады. Алайда «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген халық даналығын еске алсақ, әр перзенттің өз несібесі боларын ұғынамыз.
Ана атану – бұл үлкен бақыт. Ал көп баланың анасы атану – ол бірнеше еселенген бақыт болмақ. Шаңырағын баланың күлкісіне толтырып, «балаларым – бақытым» деп өмір сүріп жүрген аналардың бірі ауданға қарасты Қызылтам стансасының тұрғыны – Айман Қалау. Аталған мекенге іссапар барысында өнегелі ананың шаңырағына бас сұқтық. Жұбайы Дүйсенғалидың қас-қабағына қарап, үй шаруашылығын да үйлестіріп, алтын асықтай балаларын мұнтаздай етіп киіндіріп қойғанынан-ақ оның пысықтығы мен еңбекқорлығы байқалады. Жылы шыраймен қарсы алған күміс алқалы ананы көріп, берекесі мен бірлігі жарасқан, ынтымағы мен пейілі үйлескен үлгілі отбасы екеніне көз жеткіздік. Теміржолшылар әулетінің көшін жалғап,осы салада қызмет ететін отағасы біз барған уақытта жұмыста болды. Ал отбасының өзге мүшелері анасының жанында.
Айман Қалау – Қазалы қаласының тумасы. Өзі 7 ағайынды болғандықтан, көп бала тәрбиелеу оған етене таныс. Әкесі бесік, сандық жасаудың шебері болса, анасы киіз басып, алаша тоқудың үздігі болыпты. Көзбен көріп, қолмен жасап өскендіктен өзі де бүгінде тоқыма тоқып, құрақ құрайды. Ата-анадан берілер қанмен келген қасиет болса керек, жаны өнерге құштар ана сурет салып, фетрден түрлі бұйым жасағанды ұнатады.
– Біздің балалық шағымызда ата-анамның екеуі де қажеттілігімізді толтыру үшін аянбай еңбек етті. Олар ылғи күндіз жұмыста болатын, барлығымыз кешке ғана бас қосушы едік. Бірге өткізер уақытымыз аз еді. Сол кездегі заманның талабы болар. Ол үшін ата-анамызға ренішіміз жоқ, әрине. Алайда, өзім бойжетіп, перзент сүйгенде балаларымның жанында отбасы жылуын сезіндіріп, ана махаббатын сыйлаймын деген ой түйдім. Себебі, әр бала үшін ана сүйіспеншілігі мен әке қамқорлығының орны ерек. Мұндай ойымды отбасымыздың асыраушысы, қамқоршымыз, отағасым да құп көріп, үйде бала тәрбиесімен айналысудамын, – дейді ана мейірімді жүзбен.
Әр сөзінен салмақ, балаға деген жылу, отағасына деген құрмет сезіліп-ақ тұр. Отбасын бақытына балап, шаңырағын шаттыққа толтырып отырған нағыз қазақ әйелі дерсіз. Алқалы ана бізге перзенттерімнің болашағынан зор үміт күтетінін, әрқайсысының өз қызығушылығы барын әңгімелеп берді. Қызы Ғалияның спортқа жақын екенін, бүгінде тұрмысқа шығып, ана атанғанын, одан бөлек өзге перзенттерінің жетістіктерін айтқанда жанарынан аналық мейірім төгіліп тұрды. Үлкені Арман теміржол саласының маманы, ал Ғалиясы ветеринарлық мамандықты меңгерген. Жеткерген техник-сантехник мамандығының студенті, Салтанат 5-ші, Әсет 4-ші, Саят 2-ші сыныпта оқиды.
– Балаларымыз өте сезімтал болып өсуде. Қас-қабағымызға қарайды, жағдайымызды жақсы түсінеді. Бәрі де оқуда озат. Олардың денсаулығы мықты, ақылды, мейірімді, адал, еңбекқор болып өсуі үшін бар күш-жігерімізді салып тәрбелеуге тырысудамыз. Балапан ұшқанда отбасынан көргенді іледі емес пе? Сондықтан отбасындағы татулықты, бірлікті, мейірімділікті көріп өскен балаларым болашақта жаман болмайды деген сенімім бар. Қазірдің өзінде бір-біріне қамқор болып, көмектесіп, қолдап, жанашырлық танытып жүреді. Алдағы күнде олар өсіп, білікті маман иесі болып, өз орындарын тапса, бақыттың шырқау шегі сол болар, – деп ақ тілегін ақтарды ол.
Отбасындағы тату-тәтті тірлігімен қатар, Айман Қалау мектеп өміріне ата-ана ретінде белсене араласады. Ондағы ата-аналар комитетінің белді мүшесі. Қандай шара болса да, мүмкіндігінше сол жерден табылуға тырасады. «Мектепте сайыс десе баламнан бұрын қуанам» дейді бір сөзінде жүзі күлімсірей. Неге дерсіз? Онда балалармен бірге түрлі бұйым жасау қажет болады. Ал мұндай өнер – Айман апайдың сүйікті ісі. Әрі балаға мың рет «жаса» деп бұйырғаннан гөрі, бір сағат пайдалы іспен бірге шұғылданса сол әлдеқайда нәтижелі болмақ. Өйткені, тәрбиенің төресі – еңбек.
Осылайша, Дүйсенғали мен Айманның перзенттері берекелі шаңырақта мейірімге бөленіп өсіп келеді. Біз де «балаларым – бақытым, отбасым – байлығым» деп білетін жанұяның ұл-қыздары тіл-көзден аман болсын дейміз. Отбасы тыныштығы мен береке-бірлігін сақтап, балаларын жылылық пен жан шуағына бөлеп отырған ананың озық үлгісінің бірі – осы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)