» » Жеті еселенген қуаныш: «Аңсаған сәби»

Жеті еселенген қуаныш: «Аңсаған сәби»

Әйел адам үшін ең биік мәртебе, зор бақыт ол – ана атану. Жас жұбайлар бас қосып, шаңырақ көтерген соң әсіресе, әйел адам бұл сәтті асыға күтері анық. Алайда көпке бұйырған бұл бақыт – баз біреуге арман. Ердің белсіздігі мен әйел бедеулігінің көбеюі – қазіргі қоғамның ащы дертінің бірі. Елемейін десең де, ел арасында жүрген соң бұл жағдаймен бетпе-бет келіп жатамыз. Себеп неден? Мұнан шығар жол қандай? Саралайық.

Ұрпақ – адам өмірінің жалғасы, болашақтың иесі. Ұрпағы бардың ұтары мол екенін ата-бабамыз ертеден-ақ айтып кеткен. Баланы бақытқа балаған халқымыз үшін бала сүюдің қиындап бара жатқаны үлкен әлеуметтік түйткіл. Қоғам шындығының себебін бірі – экологиядан көрсе, енді бірі – құнарлы, яғни таза өнім тұтынбаудан деп есептейді. Бұрын бедеулік көбінесе әйелдер арасында жиі кездессе, бүгінде ер-азаматтардың денсаулығында кінәрат көп екені жасырын емес. Сол себепті бала сүюге ниетті жандардың тексеруден бірге өтіп, бірге ем қабылдағаны абзал. Сондай-ақ репродуктолог мамандар жұбайлар 5-6 жыл, кейде тіпті одан да көп уақытын өткізіп барып, кеш қаралатынын айтып дабыл қағуда.
Бала – өмірдің мәні. Елде әрбір алтыншы отбасы баланың сыңғырлаған күлкісіне мұқтаж. Осыған орай ажырасудың да саны көбейген. Жыл бойынша ажырасқандардың 20 процентінің себебі балалы бола алмағаннан екен. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ерекше тоқталып, Орта Азия елдері арасында біздің елдің демографиялық ахуалының қиын екенін еске салды. Соған орай 2021 жылдан бастап Үкімет «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосады. Жасанды ұрықтандыру әдісіне жыл сайын ел тұрғындарына 1000 квота берілетін болса, аталған бағдарлама негізінде тікелей Президент тапсырмасымен 7 есеге көбеймек. Яғни 7000 отбасыға бала сүюге мүмкіндік сыйланады. Жылт еткен сәулені жарыққа балайтын жандар үшін бұл үлкен қуаныш. Себебі өз қаражатымен ЭКО жасатуға бәрінің мүмкіндігі жоқ. Жасанды ұрықтандырудың бір мүмкіндігі миллионға жуық қаржыны қажет етеді. Бұл соманы көптің қалтасы көтермейтіндіктен тұрғындар мемлекеттен берілетін квотаны жылдар бойы күтуге мәжбүр. Ал квотаның еселеп артуы 4-5 жылдап кезекте тұратын отбасылардың тезірек сәби сүюіне мүмкіндік берері сөзсіз.
Иә, мүмкіндікті пайдаланғанның барлығы бірден балалы болып кете алмайды. Оның да өзіндік алғышарты мен ерекшелігі бар. Елде 1995 жылдан бастап жасанды ұрықтандыру әдісі қолданылуда. Бұл әдісті Қазақстанға, тіпті Орта Азияға алғаш әкелген биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова. Ол ашқан клиника 25 жыл ішінде көптеген отбасын қуанышқа бөлегені рас. Алайда репродуктолог мамандардың өзі аталық пен аналық ұрықты бір құтыға салармыз-ау, алайда оған жан беретін бір Алла дейді. Расымен, «Құдайсыз қурай да сынбайды» демей ме дана халқымыз. Бұл да соның бір айғағы. Ниет пен пейіл түзу болса, Тәңірдің де құр қалдырмасы анық.
Жасанды ұрықтандырудың көпке бақыт сыйлайтыны рас қой, әрине. Алайда мына нәрсені ескерген де жөн. Егер ерлізайыптылардың ұрығы жарамсыз болса, жатырға өзге ұрық салынбақ. Осы салада жүрген мамандар ұрық донорларының базасын жасақтау керек екенін ескертуде. Тектілікті ту еткен ұлт үшін бұл аса маңызды. Бір ұрықтан өрбіген бірнеше ұрпақтың есейгенде бір-бірімен кездеспесіне кім кепіл? Сол себепті шетелдегідей бір ұрықтың төрт-бес әйелден артық қолданылуына тыйым салыну қажет. Мәселен, бұл үрдіс Италияда жолға қойылған. Онда бір донор бес отбасына ғана ұрығын пайдалана алады. Осындай жолды тезірек қолға алмасақ, тектілігімізге сызат түсуі мүмкін.
– «Құтыдағы бақыттың» көмегі арқылы ауданымызда биыл 4 ана көптен күткен сәбиін сүйді. Ал мемлекеттік квота бойынша есепте тұрғаны үшеу. Жалпы аудан бойынша 26 әйел бедеулікпен тіркелген. Жолдаудағы жағымды жаңалыққа біз де қуаныштымыз. Квота санының өсуі – сәби иісін аңсағандар үшін зор мүмкіндік. Ал біз үшін сәбиін бауырына басып, қуанышқа бөленген ананың алғысын алғаннан артық бақыт жоқ, – дейді аудандық аурухананың бас акушері Әсем Мерекова.
Жолдауда берілген тапсырмалар толық орындалып, қажетті жанға мемлекеттік квота бұйырып, әрбір үйде іңгәлаған сәбидің дауысы естілетін күн де алыс емес. Тек әрбір әйел өзінің ең бірінші міндеті – ана болу екенін естен шығармай, денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Себебі бақыттың төресі де, киесі де – ана атану. Сәби сүйер аналарымыз көбейсін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2020 ж. 639 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031