» » Балалар үйде емес, желіде

Балалар үйде емес, желіде

Қазіргі өзекті мәселенің бірі – бала мен әйел психологиясы, құқықтың тапталуы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық. Әрине, сырт көзге бақытты көрінген жанұяның ішкі қазанында не қайнап жатқанын біле бермейміз. Олардың барлығы дерлік тату-тәтті, барлық бала бақытты деп дөп басып айту қиын. Жақында ғана әлеуметтік желіде өз ұлын аяусыз ұрған әкені көріп жанымыз ауырды. Бұл тек бірнеше жағдайдың біреуі ғана. Ал елдегі «Ақбілек» пен «Не молчи» секілді қоғамдық қорларға көмек сұрап жүгінетіндердің легі күн санап артуда. Неге мұнша қатыгез болдық?
Әйел, әлем және қауіпсіздік
«EXPO & WOMEN» басқармасының төрайымы Ләззат Асқарованың айтуынша, енді отбасылық конфликттер мен зорлық экстремизмді жоюға кез келген адам қатыса алады. 2000 жылдан 2015 жылға дейін БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі бойынша бүгінгі күні гендерлік теңдікті және әйелдердің рөлін нығайтуды, сондай-ақ дау-дамайлық жағдайларда олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттердің негізін құрайтын сегіз резолюция қабылдаған. Бұл ұйым тұрғындар арасында сауалнама өткізген. Нәтижесінде адамдардың көпшілігі өз құқығын білмейтін болып шығыпты. Расымен, қарапайым несие алу үшін де өзіміздің құқығымызды біле бермейміз. Әсілінде банк қойған шартты толық оқып шықпай, өзіміз ойламаған үлкен проценттік сомаға ұрынып қалып жатамыз. Ал қазақ менталитетінде «Қайтып келген қыз жаман» деген ұстаным мен «ұят боладысы» бар. Осындай сөзден, көрші-көлем мен жақын-жуықтың қаңқуынан қашқан көп әйел тиран күйеуінің озбырлығына шыдап жүре береді. Мұның соңы қайғылы оқиғаға әкеліп жатқаны өкінішті.
Кибербуллинг қауқарлы болып тұр
Қазір әлеуметтік желідегі ессіз жазбалар, пікірлер, мессенджерлердегі қорқыту, үркіту хаттары, фейк аккаунттан түрлі ерсі бейнеролик пен суреттер орнатып, әдепсіз сөздер жазып, қоқан-лоқы көрсетсе, ол – кибербуллинг деп аталады. Яки бұл – адамды ғаламторда, оның ішінде әлеуметтік желілерде қорлау. Ал бүгінде әлемтордың құрсауында тіпті бір отбасының барлық мүшесі бар деуге де болады. Иә, біз кейде баламыз бастысы үйде отыр ғой дейміз. Бірақ сол бала үйде болғанымен, желіде отыр. Онда түрлі нәрсені көріп, түрлі дүниеге әуестенеді. Өмірдің оң мен солын енді ажыратар тұста, үшінші жолды көрсететін осы – ғаламтор.
Әлемдік статистика бойынша, адам күніне 6-7 сағат ғаламторда отырады екен. Әрине, ғаламтор жаңа білім үйрену үшін, өзіңді өзің дамыту үшін жақсы. Алайда интернетте негатив көп. Балалардың агрессияға ұшырауына, мінезінінің өзге­руі­не интернет ойындардың, видео­лардың әсері бар.
Кез келген адамның кибербуллингке ұшырауы мүмкін. Буллинг шындап адамға зиянын тигізеді, оның үмітсіздік пен шарасыздық күйге түсуіне себеп болады. Кей кездері буллингтің кесірінен адамдар өзін-өзі өлтіру жайында ойлап, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Мәселен, сол кездері «хит» болған – «Синий кит», «Розовый сон» деген сияқты балаларды өлімге итермелеген ойындар қаптады соңғы жылдары. Бұл ойын жалпы елу тапсырмадан тұрады. Ең соңғысы – өз-өзіне қол жұмсау. Әйтпегенде, қорқытып-үркітеді-мыс. Бұл ойын жақын жылдары өрмекшінің өрмегіндей тарай бастады. Оған қатысқаны да, ойыннан от шығып, суицидке барғандарының да қарасы қалың еді. Ойын елімізді айналып өте қоймады. Бірінен соң бірі түрлі әрекетке бара бастады. «Синий китті» қазақшаға аударған жас жеткіншек ұсталды. Ол «Жұмаққа жетудің 50 жолы» атты бағдарлама жазып, таратқан. Бұған не себеп? Бұл бізге қалай жетті? Айтпағымыз «көк кит» емес, осындай ойынды таратушы әлеуметтік желі жайында болмақ. Себебі өзіне қол салғандардың соңғы хабарламасын тексергенде осы желідегі хаттарынан күмән келген. Бір қызығы, мұндай әлеуметтік желілерді қолданушылардың дені – жасөспірімдер. Осындай қауіпті платформаларды Қазақстан ақпарат министрлігі бірден бұғаттап отырады. Ата-аналар күндіз-түні смартфонға байланған балаларының кіретін сайттарын тексеріп отыру керек. Ал мұндай жағдайға көбіне жақынынан жылулық көрмейтіндер барады екен.
Жапа көрдіңіз бе, үнсіз қалмаңыз
Global citizen ақпарат агенттігінің статистикасы бойынша, әйелдерге қатысты қылмыс ең көп жасалатын мемлекеттердің көшін Ауғанстан бастап тұр. Батыс мемлекеттерінде әйелдердің озбырлық көруі сирек кездеседі. Бұл тізімде Қазақстанның индексі – 14,2 процент. Қырғызстанда – 32,8 процент, Өзбекстанда – 41,5 процент, ал Ресейде – 23,3 процент екен. Ал көрсеткіші ең аз мемлекет – Иордания, мұнда 1 проценттік индексті көрсеткен.
Әйелдерге физикалық қауіп төнетін мемлекеттер Африкада көп. Олардың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлеріне сәйкес, әйелдер қауіпсіздігі деген мәселе мүлдем шешім таппауда. Әлем бойынша жыл сайын 650 млн-ға жуық қыз кәмелетке толмай тұрмыс құрып кетеді. Көбінесе Оңтүстік Азия мен Африка елдерінде қалыптасқан жағдай бойынша қыздар өз еріктерімен емес, әкелерінің айтуымен жас күнінде тұрмысқа беріледі. Соның нәтижесінде көптеген қыздар жұбайлық өмірдің алғашқы айында-ақ көз жұмады. Әріге барып қайтеміз, өзімізде де бұл қатігездік дендеп тұр емес пе? Ендігі статистиканың мына мәліметін қараңыз. Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел қайтыс болады екен.
Не істемек керек?
Әр түрлі өмірлік жағдайға тап болған қыз-келіншектерге «Аналар үйінің» есігі әрдайым ашық. «Arasha» деп аталатын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспана Алматыда жұмыс істеп тұр. Ал зорлық-зомбылықтан зәбір көрген жан арнайы орынға хабарласуға болады. Егер кибербуллингтен аулақ болғысы келсе, барынша әлеуметтік желіге жегілмей, тек керек ақпаратты алып, әр нәрсеге сене бермеу қажет. YouTube каналындағы ессіз видеолар да баланың қолында жүреді. Сол үшін бұл желінің балаларға арналған нұсқасын пайдаланған жөн. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандардың бейімделу орталықтары да болған екен. Өкінішке орай, жабылып қалған. Мұндай орталықтар кезінде талай баланы өлімнен құтқарыпты. Жалпы елде құқық қорғау, көмек беру ұйымдары көп. Әрқайсысының қызметтерімен анық танысып, оларға қысылмай хабарласу керек. Ал бастысы – санадағы «тастай батып, судай сіңуді» қою керек. Талай әйел осы қағидамен денсаулығы мен психологиясын құртты. Тағдыры талқандалды. Балалары қорқынышпен өмір сүрді. Ақырғысы қайғылы оқиғамен аяқталып, балалар жетім қалды. Қаншама жиын өтіп, қаншама кездесулер болып, насихат жұмыстары жүргізілгенімен мұндай жағдай азаймай тұр. Оны болдырмас үшін үнсіз қалмау қажет-ақ.
Айнұр ӘЛИ
17 қараша 2020 ж. 572 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 383

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 462

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930