Ақсай қаласында Абай муралы салынды
Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында Абайдың бейнесі пайда болды. 10 шағынаудандағы көп қабатты үйдің қабырғасына салынған ақынның суреті Абай даңғылына кірер ауызда тұр.
Ақынның мерейтойына арналып салынған 250 шаршыметрлік муралдың төменгі жағына «Пайда ойлама, ар ойла» деген қанатты сөз жазылыпты.
Бұл туындының пайда болуына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі Батыс Қазақстан облыстық департаменті мұрындық болған. «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында салынған муралдың қаржысын демеушілер «RENKO» компаниясы мен «Аяла» серіктестігі көтерсе, ұлы ойшылдың 9 қабатық үймен бірдей бейнесін суретшілер Дарья мен Яков Полещук 15 күн ішінде салып шыққан.
- Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген қанатты сөзі осы күні де өзектілігін жоймай тұр. Аудан тұрғындарын, соның ішінде жастарды тазалыққа, адалдыққа, парасаттылыққа шақыратын мұндай керемет мурал әзірше облысымызда жалғыз ғана. Келешекте біздің агенттік өзге аудандарда да осында көрнекі құралдар орнатуды жоспарлап отыр. Мурал ғана емес, ұлы тұлғаларымыздың суреті салынған билбордтар аудан, қала көшелеріне қойылатын болады. Осылайша тарихи тұлғалардың даналық сөздері адалдықтың ала жібін аттамауға түрткі боларына сенімдіміз, – деді Ақсайдағы муралдың ашылу салтанатына арнайы келген Батыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет.
Жалпы Ақсай қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жыл соңына дейін 175 мәдени іс-шара жоспарланған екен. Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов өз сөзінде аудан тұрғындарын ұлы ақынды ұлықтауға, өсиетін өмірде қолдануға шақырды.
Айта кетейік, соңғы жылдары Ақсай қаласының қазақы бет-бейнесі көркейіп келеді. Бұған дейін қала орталығындағы көп қабатты үйлерге Бауыржан Момышұлы мен Батырхан Шүккеновтің муралы салынған болатын. Бұл суреттер күндіз де, түнде де алыстан көз тартып, қаланың көркіне көрік қосып тұр.
Батыс Қазақстан облысы