» » 2018: зейнетақы өседі

2018: зейнетақы өседі

Босағамыздан енген жаңа 2018 жылы еліміздің әлеуметтік және еңбек саласында бірқатар жаңалық бар. Біріншіден, жұмыспен қамту бағдарламасын жалғастырамыз. Былтыр бұл салада жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Биыл өзін-өзі қамтыған және солтүстік өңірлерге көшетін азаматтарды қолдау мәселелерін қарастырамыз. Екіншіден, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер – әйелдердің зейнет жасын осы жылдан бастап 6 айға көтеру және 1 шілдеден базалық зейнетақыны еңбек өтіліне қарай қайта есептеу жүзеге асырылады. Бұл өзгерістерге сәйкес зейнетақының орташа мөлшері 81 500 теңге немесе 23,6 пайызға өседі (2017 жылғы 1 желтоқсанмен салыстырғанда). Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы азаматтарға берілетін көмектің кешенділігін арттырып, отбасыны кедейлік шегінен шығару жоспарланып отыр. Төртіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамту, азаматтарды нәтижелі жұмысқа тарту күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе. 
Бүгінде зейнет жасына 1954 жылдан кейін, яғни «бэби-бум» кезеңінде дүниеге келген азаматтар шығуда. Егер 2003 жылдары жыл сайын 50 мың адам зейнетке шығатын болса, қазір олардың саны 130 мыңға жетті. 2025 жылға қарай зейнеткерлеріміздің саны 3 миллионға жуықтап қалады. Соңғы 10 жылдың өзінде азаматтарымыздың өмір сүру ұзақтығы 66,3 жастан 72 жасқа дейін өсті. Яғни зейнет жасына шыққан азаматтар орташа есеппен 20 жылдан аса зейнетақы алып отыруы қажет. Еліміздегі осы ерекшеліктерді ескере отырып, 2014 жылы зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасын қабылдадық. Онда азаматтардың қай жылы туғанына қарамай, зейнет жасында еңбек табысына сәйкес келетін зейнетақымен қамтамасыз ету мақсаты қойылған.
Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанда үш деңгейлі  зейнетақы жүйесін құрдық. Бұл жүйеге сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру жауап­кер­шілігі тек мемлекетке емес, сонымен бірге жұмыс беруші мен азамат­тың өзіне де жүктелген. Бірінші, аза­мат­тың жауапкершілігіне тоқталып өтейін. Елімізде 1998 жылдан бастап жи­нақтаушы зейнетақы жүйесі енгізіліп, азаматтар табыстарының 10 пайызын ай сайын жинақтаушы зейнетақы қорына аударып отырады. Зейнет жасына жеткеннен бастап әр азаматқа бұл қор шотында жиналған қаржысының есебінен зейнетақы төлей бастайды. Зейнетақының мөлшері әр азаматтың зейнетке дейін өз атына жинаған қаржысының көлеміне байланысты болады. Егер шетел тәжірибесіне зер салып қарасақ, сондай-ақ халықаралық және ұлттық сарапшылардың жүргізген есептеріне сүйенсек, онда зейнетақының көлемі қомақты болу үшін немесе бұрынғы табысының көлеміне сәйкес келу үшін азаматтар 35-40 жыл шамасында өзінің зейнеткерлік шотына қаражат салып отыруы қажет. Осыншама уақыт қаржы жинау мүмкіндігі 1998 жылдан алғашқы еңбек жолын бастаған азаматтарда ғана бар.
Осы жайтты ескере отырып, мемлекет азаматтардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі үшін еңбек зейнетақысын төлеу тәртібін сақтап қалды. Бұған қосымша зейнеткерлерді әлеуметтік қолдауды одан әрі күшейте түсу мақсатында 2005 жылдан бастап базалық зейнетақы енгізілді. Бүгінде зейнетақының бұл түрін 2 млн-нан аса зейнеткер алып келеді. Былтыр зейнетақы төлеу үшін мемлекеттен 1,6 трлн теңге жұмсалды. Жыл сайын зейнетақы мөлшерін арттырып келеміз. Өткен жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері – 46 мың теңге, ал орташа зейнетақы мөлшері 66 мың теңге болды. ТМД елдері арасында жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді. Ал жұмыс берушілер 2014 жылдан бастап қауіпті жұмыста істейтін 425 мыңнан астам қызметкеріне 5% кәсіптік жарналарды төлей бас-
тады. Бұл қызметкерлердің шотына жұмыс берушілер жіберген сома 135 млрд теңгені құрады. Яғни зейнетақы мөлшері азаматтың еңбек өтіліне тікелей байланысты. Бұл тиімді деп ойлаймыз.
Бірден айту керек, зейнеткерлік жасты ұлғайту бір күнде шешілген жоқ. Жан-жақты зерттеліп, сараланды. Бұл еліміздің демографиясына, экономикасына, азаматтардың жұмыспен қамтылуына, халық табысының деңгейі сияқты негізгі көрсеткіштерге байланысты. Бұл көрсеткіштер бойынша еліміздің өсу қарқыны дұрыс деп айтуға болады. Бірақ мемлекеттен алатын зейнетақы мөлшері азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне қарай есептеледі. Заңға сәйкес толық еңбек зейнетақысын 1998 жылға дейін 20 жыл еңбек өтілі бар әйелдер (25 жыл еңбек өтілі бар ер-азаматтар) алады, қазір зейнетке шығып жатқан әйелдердің көпшілігінің мұншалықты еңбек өтілі жоқ. Мысалы, әйелдің 1998 жылға дейін 15 жыл, одан кейін 10 жылдық еңбек өтілі бар делік. Сонда 15 жылдық өтілі үшін 30 000 теңге зейнетақыны мемлекет төлейді. Ол зейнетақы қорына да көп қаржы жинай алмаған, себебі жинақтаушы жүйеге небәрі 10 жыл ғана қатысқан. Сондықтан бұл жүйеден алатын зейнетақы көлемі де жоғары болмайды. Осылайша зейнетақыны мемлекеттен де, қордан да алғанымен, оның мөлшері толық еңбек өтілі бар азаматтар алатын зейнетақы мөлшерінен едәуір төмен болып отыр.
Егер ер-азаматтардың жүйеге 40 жыл қатысуға мүмкіндігі болса (23 жастан 63 жасқа дейін), ал 4 баласы бар әйел кісінің орташа қатысу уақыты 28 жылдан аспайды. Себеп, біріншіден, 58 жаста зейнетке шықса, екіншіден бала бағу уақыты бар. Сондықтан бұл санатқа кіретін әйел азаматтардың зейнетақы мөлшері еңбек табысымен сәйкес болу үшін олардың зейнетақы жүйесіне қатысу уақыты ұзартылды. Яғни зейнеткерлік жасын жыл сайын 6 айдан қосып, 10 жыл ішінде 63-ке жеткізу қарастырылды. Бұл өзгеріске мемлекет қосымша субсидиялармен және жеңілдіктермен алып барады. Яғни 2018 жылдың 1 шілдесінен базалық зейнетақыны 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін және одан кейінгі жылдарда жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін қоса есепке ала отырып, тағайындауды қарастырдық. Осыған сәйкес базалық зейнетақының мөлшері биылғымен салыстырғанда орташа есеппен 1,8 есе өсетін болады. Бұл, әсіресе бүгінгі таңда еңбек өтілі аз әйелдер үшін үлкен қолдау болғалы тұр. Сондай-ақ жұмыс істеп, бала күтімі бойынша демалыста отырған аналарға зейнеткерлік жарнасын жоғалтпау үшін мемлекет республикалық бюджеттен бір жыл көлемінде бұл аналарға субсидия беруді қарастырды.
2014 жылдан бері мұндай мүмкін­дікті 300 мыңнан астам ана алды, олардың зейнетақы шоттарына шамамен 16 млрд теңге қаражат аударылды. Бұл негізінен 1998 жылдан кейін еңбекке кіріскен әйелдер үшін қолайлы. Ал жұмыс істемейтін аналарға базалық зейнетақыны тағайындауда әр балаға 3 жыл, барлығы 12 жылдан аспайтын еңбек өтілі есептелетін болады. Бұл еңбек өтілі мемлекеттен төленетін еңбек зейнетақысын есептегенде де, базалық зейнетақыны тағайындағанда да есепке алынатын болады. Көріп отырғаныңыздай, зейнеткерлік жасын ұлғайту – қаржыны үнемдеу емес, азаматтардың зейнетақы мөлшерінің жоғары болуы үшін жасалған шара.
Шетелден келген қандастарымыздың зейнетақы мәселесінде мынаны айтуға болады. ТМД елдерінде тұратын азаматтар бір елден екінші елге көшкен жағдайда олардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін қабылдау бойынша 1992 жылы 14 мемлекеттің қол қойған келісімі бар. Сондықтан ТМД елдерінен келетін бауырларымыз үшін еш кедергі жоқ. Ал алыс шетелден келетін қандастар зейнетақысын белгілеу үшін олар тұратын мемлекет пен Қазақстанның арасында келісімшарт болуы керек. Өкінішке қарай, мұндай келісімшарттарды жасау бүгінде өте қиын болып отыр. Себебі әр елдің зейнетақы жүйесі әртүрлі. Егер зейнетақыны мемлекет төлейтін болса, олар өзге елдің азаматтығын алып отырған адамдардың зейнетақысын «экспорт» жасамайды. Ал біздің заңымызда зейнетақы еңбек өтілі мен табысына қарай белгіленеді. Қандастарымыздың Қазақстанда жұмыс істеген еңбек өтілі жоқ. Сондықтан бүгінде бұл азаматтарға базалық зейнетақыны өз азаматтарымызбен бірдей көлемде төлеп келеміз. Біз шетелдік тәжірибені толық зерттеп шықтық. Әлем елдерінде көбінесе азамат басқа елге қоныс аударатын болса, оның зейнетақысы тұрған мемлекеті тарапынан еңбек өтіліне немесе зейнетақы жинағына қарай төленеді. Ал көшіп келген елдегі жұмыс өтілі үшін қабылдаған мемлекет төлейді. Мәселен, қандастарымыз көп тұратын елдер тарапы осындай тәртіпке келіссе, біз қажетті келісімшарт жасауға дайынбыз. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізілуде.
Тамара ДҮЙСЕНОВА,
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

03 қаңтар 2018 ж. 1 737 1

JeaCold от 8 наурыз 2019 21:38
Cialis Effet Duree generic cialis Tadalafil Tablets India

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031