1,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды
Бүгінде карантин талаптары бастапқы кезеңге қарағанда едәуір жеңілдетілді. Алайда кейбір шектеу шаралары өз күшін әлі күнге дейін жойған жоқ. Ал сол шектеулердің тұрғындар тарапынан сақталуын арнайы аудан әкімдігінің жанынан құрылған мобильді топ күнделікті бақылауда. Осы уақытқа дейін жүргізілген рейд жұмыстары кезінде аудан бойынша бірнеше мәрте айыппұл да салынып үлгерді.
Аудан әкімдігінің жанынан құрылған мобильді топ күндізгі және түнгі рейд жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Олар аудандық бас санитардың қаулысындағы талаптардың сақталуын тексеріп, заң бұзушылық анықталған жағдайда айыппұл салады. Мәселен, бүгінге дейін мобильді топ 285 рейд жүргізіп, 35 заң бұзушылық дерегін анықтаған.
– Аудан бойынша жалпы сомасы 1 458 450 теңге болатын әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішіндегі ең көбісі сауда орындарына тиесілі. Яғни, дүкендердегі санитариялық талаптардың сақталмауы, қызмет көрсетушінің арнайы бетперде мен қолғапсыз жұмыс істеуі. Одан бөлек, көпшілікті жинап үйде той жасаған – 13 тәртіп бұзушылық, маска тағу ережесін бұзуға қатысты – 21 және адамдар арасындағы арақашықтықты сақтамау бойынша – 1 заң бұзушылық тіркелді. Олардың барлығы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425 бабының 1 бөлігімен жауапқа тартылып, айыппұл салынды, – дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының санитариялықгигиеналық қадағалау және техникалық регламенттер талаптарын сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат Ысқақова.
Тағы бір ескерерлігі, облыстық Бас санитардың №20 "Қызылорда облысы бойынша шектеу шаралары, оның ішінде карантинді кезең-кезеңімен жеңілдету туралы" Қаулысы бойынша бірқатар жүйеге тыйым салынған. Оның ішінде отбасылық, спорттық, мәдени іс-шараларды, конференция, семинар мен көрме секілді жиындарды ұйымдастыруға болмайды. Қазіргі кезде көп байқалып жүрген отбасылық жиынтойға мүлде рұқсат жоқ. Сонымен қатар, халықтың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру мақсатында экономиканың жекелеген салалары бойынша қызметін шектеу шараларын кезең бойынша жеңілдету үшін өңірлік бас санитардың №21 Қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес азықтүлік, шаруашылық және гигиеналық тауарлар сататын сауда орындарының жұмысына рұқсат берілді. Алайда, дүкендер қызмет барысында кезектегі арақашықтықты, бетперделік режимді, санитариялық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Сондайақ оларға сағат 9.00 мен 23.00 арасында жұмыс істеуге рұқсат етілген. Ал соңғы шыққан №22 қаулыда сұлулық салондары, тренажерлар, жабық базар қызметі, байланыссыз қызмет ету объектілері, бизнес орталықтар, такси қызметі мен ашық алаңдағы аттракциондардың қызметіне белгіленген уақыттық шектеу алынып тасталды. Сауна мен моншаға, саябақтарға 23.00-ге дейін баруға рұқсат етіледі.
Қысқасы, қазір біраз шектеу жеңілдетілді. Десе де бұл босаңсуға еш себеп болмауы тиіс. Карантин талаптарының сақталуы коронавирус індетін жеңуге септігін тигізетіні уақытпен дәлелденді. Себебі түсіне білген адамға қаулыдағы барлық шектеу шарасы халықтың денсаулығы мен амандығы басты назарға алынған.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ