Бүгін - Дүниежүзілік суды мониторингілеу күні
Экология, геология және табиғи ресустар министрлігінің ұйымдастыруымен Дүниежүзілік суды мониторингілеу және талдау күніне орай баспасөз туры өтті. БАҚ өкілдері Экологиялық мониторинг департаменті мамандарымен бірге Есіл өзенінен сынама алып, зертханада талдау жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қоршаған орта ластануының мониторингі сынақ зертханасының басшысы Ербол Оразалин өзеннен алынған су сынамасы зертханада қалай тексерілетіні жайында сөз етті. Оның айтуынша, су объектілерінен сынамалар ай сайын алынып отырады. Тек сәуір айында су деңгейінің көтерілуіне байланысты су сапасы екі рет талдаудан өтеді. Жыл сайын алынатын 13 мониторингтің нәтижесі бірқалыпты деңгейде сақталады. Әр мониторинг барысында су сапасында айтарлықтай өзгерістер болмайды.
"Сынама алу кезінде су температурасы өлшеніп, зертханаға жеткізіледі. Онда оның органикалық құрамы, ауыр металдардың болуы, тұздың құрамы зерттеледі. Талдау қорытындысы бір тәулікте белгілі болады. Біз бірнеше жылдан бері Есіл өзеніне мониторинг жүргізіп келеміз. Мұнда су құрамында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Елордада біз бақылайтын 7 су қоймасы және сынама алатын 20 орын бар. Әрине, біздің су айдындары ең таза су айдыны емес екенін мойындауымыз керек. Бірақ рұқсат етілген шекті концентрация мөлшерден аспайды", деді Ербол Оразалин.
Оның айтуынша, су сапасында өзгерістердің болмауы бізде суды ластайтын ірі зауыттар мен кәсіпорындардың жоқтығымен байланысты. Егер су құрамындағы кейбір көрсеткіштер қалыптан асып кеткен болса, онда аталған зертхана деректерді Төтенше жағдайлар департаменті мен Нұр-Сұлтан әкімдігінің Экология департаментіне жібереді. Бұдан соң, олар су құрамын қалыпқа келтіру жоспарын әзірлеп, тиісті шаралар жүргізеді.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша жалпы су сынамалары "Қазгидрометтің" 17 филиалында тексеріледі.
Бүкіләлемдік суға мониторинг жүргізу күні 2003 жылдан бастап жыл сайын 18 қыркүйекте аталып өтеді. Экологиялық мереке адамдардың өздері тұратын жердегі, ғаламшардағы су ресурстары проблемасы туралы хабардар болып отыруына, оларды табиғатты ластанудан сақтау шараларына жұмылдыруға бағытталған.