» » Бал өндіру – берекелі кәсіп

Бал өндіру – берекелі кәсіп


Екі қолға бір күрек таппай жүргендер омарташылық кәсібіне үрке қарайды. Оған қызығушылық танытып, омарта жасап араны да мал етіп баққан жан саусақпен санарлық. Үркейтініндей бар-ақ. Өйткені әр араның бабын жасап, балын балдай жинап алу төзімділікті талап етеді. Қазақ топырағында осы кәсіппен жан бағып, өрісін бал шырынды арамен толтырған омарташы – интернационалдық Булут Исмаиловтың үйіне жол түсті. Кәсіпті көзбен көріп, аралар арасында ұзақ серуендедік.
– Басыңа тор қорғанышты киіп ал, – деді ол.
– Аға, онсыз болмай ма? – дегеніміз сол еді, – Шағып алса шыбын жаның шырқырайды, – деп қысқа қайырды. Мұндайда сәндеген шашың рөл ойнамайды. Жалма-жан киіп алып, ара құжынаған жаққа беттедік. Қорқыныш болғанымен бір ғана ережені сақтау керек. Ол – ара қонғанда бір орыннан қозғалмау. Содан не керек таң ата қызметіне кіріскен аралар тұрағында әңгіменің тінін тарқаттық.
– Осы тұрғаны 16 жәшік. Әр жәшікте өзінің ұйымы бар. Үш ай науқанда айына 100-120 келіден таза өнім алатын едік. Биыл өнімді аз берді. Карантин уақытында балдың пайдасына иек артқандар көбейді ғой. Сол кезеңде тапсырыспен бал дайындадым. Көптеген тұтынушы дертіне шипа етіп, сатып алып жатты. Балдың түрі – араның қандай гүлге жайылғанына қарай. Күн райы жылы, жайлы болса – күзде де бал алу мүмкіндігі бар. Бірақ күзде аралар балды аз, негізінен, күнбағыстан жинайды. Одан алынатын бал ашық сары түсті, иіссіз болады, – дейді Булут Исмайлов.
Бір қызығы, бал жинап еңбек еткен араның демалыссыз күн көріп жатқанын байқайсың. Аралар гүлдерден шірне алады, оны ұясына апарғанша өңдеп келеді. Ұядағы жас аралар балды толығымен қайта өңдеп, алты бұрышты ұяшыққа құяды. Оны балауызбен жабады. Осылайша аралар балды өздері 100 процентке өңдеп шығарады. Аралардың ішінде бал жинауға тек ерекше балауыз бездері бар “жұмысшы” аралар ғана қатысады. Ол өзінің “бал сауытына” (артқы екі аяғында болатын арнайы қуыс) өз салмағының жартысындай шірне жинай алады. Олар жинаған шірнесін ұядағы жас араға қалдырып, қайтадан ұшып кетеді. Араның бал жинауы ара ұясының күйіне, ауа райына, өсімдік түріне және оның омартаға қашықтығына, шірненің бөліну дәрежесіне байланысты. Араға не істеу керегін ешкім үйретпейді. Себебі олар пайда бола сала өз қызметін өзі біліп, жұмысын бастап кете алатын қасиетке ие.


Омарташы ара шаруашылығымен айналысуды бала кезден армандаған. Еңбеккер азамат кеш те болса осы арманына қол жеткізгені. Бірде ол мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, жарты миллион теңге көлемінде қаражатқа қол жеткізеді. Арманына алғаш қадам басып, осы шаруашылықты игеріп әкетеді. Бірақ барлығы оңтайлы жолмен шешіле береді деу қате. Өмір болған соң түрлі кедергі жолыңды кес-кестейтіні айқын. Омарташының айтуынша, егістікті жәндіктерден улағанда түгелдей арасы қырылып қалыпты. Не істерін білмей дал болған ол қайтадан барлығын нөлден бастайды. Тек осындай улау кезеңінде әрлі-берлі көшіп, қоныс аударып отырады. Аралардың жерін ауыстыру да оңай емес екен. Күндіз оларды анда-мында көшіруге тіпті болмайды. Тек түнде ара біткеннің қызметі аяқталып демалғанда, жәшіктің аузын бекітіп барып тасымалдайды. Қазір өз ауласында тұрған аралар үйірі таңмен ілесе қызметтерін атқарып жүр.
Булут Исмаиловтың ара шаруашылығын дамытуда алға қойған мақсаты көп. Соның бірі – ауыл маңынан өз иелігіне 15-20 гектардай жер алып, сонда тұрақтану. Басына үй-жай салып, алынған өнімді сол жерде сұрыптау. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға демеу болу. Егер мұндай мүмкіндік болып жатса, ұлдарын қасына алып, ара шаруашылығының өрісін кеңейту. Тек «мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе болғаны» дейді ол.
57 жастаға омарташы жары Гүлзада екеуі 6 баланы тәрбиелеп, өсірген жарасымды жанұя. 3 ұлы бірдей шаруашылықта механизатор болып еңбек етеді. Ал омарташы, арамен айналысу тиімді кәсіп екенін шегелеп айтады. Себебі бал көнермейтін, тағамдық құнарын ешқашан жоймайтын азық.

Айнұр ӘЛИ
22 тамыз 2020 ж. 1 271 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 355

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 436

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930