Індет күн санап сейіліп келеді
«Шектеулер алынып, карантин бәсеңдегенімен мамандар босаңсуға болмайды» деп дабыл қағуда. Осы аптадан бастап, көптеген мекемелер жұмысын қайта бастап, үйреншікті істеріне білек сыбана кірісуге дайын тұр. Ең бірінші талап – аурудың таралуына жол бермеу. Яғни, күтіну, сақтану, бетперде киюді әлде де әдетке айналдыру. Байқоңырда сақтық шаралары қалай өрбуде? Ешбір дүкен, дәріхана, қоғамдық көлік, мекемелер бетпердесіз ішіне кіргізбейді, «өзін-өзі оқшаулау» режимін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, күнделікті таңғы уақытта қала көшелерін, аялдамаларды хлормен дизенфекциялайды, егде жастағы кісілерге дәрі-дәрмек, азық-түлігін жеткізіп беретін еріктілер тобы құрылған. Бұл қала ішіндегі тәртіп шаралары.«Covid-2019» індетінің тамыздағы жалпы ахуалы қандай? деген сұраққа жауап алуға Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханасына қарай келдік. Ауруханаға кірген әрбір адамның дене қызуын өлшемей, ішке аяқ басқызбайтынын көрдік. Міндетті түрде бетперде кию маңызды және әрбір 2 метр сайын антисептик қойылған. «Қолыңызды залалсыздандырыңыз!» деп ескерту жасап қояды. Әдеттегідей Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасарының кабинетіне кірдік. Мақсатымызды айтып, шаруамызды жеткізген соң көкейіміздегі сұрақтарға жауап алуға қамдандық.
Сауалымызды Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Игенбаевтан бастадық.
–Ауруханада қазіргі таңда қанша науқас ем алуда және олардың жағдайы қандай?
– Осы аптаның мәліметі бойынша, ауруханада 20 науқас пневмония диагнозымен ем алуда. Жағдайлары орташа деңгейде. Ауыр халде жатқаны жоқ. Науқастар 8-12 күн аралығында емделіп, сауығып шығуда.
– Қандай дәрілер тегін беріледі? Науқастардың үйден дәрі әкелген жағдайлары орын алды ма?
– Жоқ. Ешқандай науқасқа дәрі-дәрмекті үйден әкелдірмедік. Ондай дәрінің тапшылығы, жетіспеушілігі орын алған емес. Барлық дәрілермен қамтылған деуге болады. Атап айтқанда, дексаметазон, клексан, антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар бәрі өзімізден. – Бұрынғы жоспарлы жұмысқа кірістіңіздер ме?
–Әлі кіріспедік. Байқоңыр қаласы, Ақай ауылы, Төретам кентінен науқастар түссе, біздер оларды осы Байқоңырдағы Ресейге қарасты №1 ауруханаға немесе Қармақшы ауданының орталық ауруханасына апарамыз. Егерде жағдай тым төтенше болатын болса, осы қаладағы №1 ауруханаға өзіміз жедел-жәрдеммен апарып жатқызамыз. Ал мәселен, бір науқас жоспарлы түрде жылына екі рет алатын ем-домы болып, өз уақытында емделіп тұратын жағдайда болса, оны Қармақшы аудандық ауруханасына жедел-жәрдеммен апарып орналастырамыз. Аурудың саны азайғанымен, толық жойылған жоқ, сондықтан жоспарлы жұмысқа Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасы әлі көшпеді.
Ақерке ОРАЗБАЕВА,
мейірбике:
Ақерке Оразбаеваның аталған ауруханада жұмыс істегеніне 2 жыл ғана толған жас маман. Қызылордадағы «Өркениет» медициналық колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Жас маман өзінің білімі мен оқу орнында алған тәлімінің арқасында көпбейінді ауруханада абыроймен еңбек етіп келе жатқан ақ халатты ару. Ақеркенің дәл осы күнгі жоспарлы міндеті – науқасты стационарға жолдау үшін «Сovid-2019» індетіне анализ алу, оның қорытындысын қадағалау.
– Ақерке, бүгінде жұмысыңыз жеңілдеді деуге бола ма? Аурулардың санының азайған қаншалықты байқалады?
– Жұмысымыз толықтай жеңілдеді демеймін. Себебі, анализ алу-науқасты стационарға жатқызу үшін жасалатын ең алғашқы қадам. Сондықтан жоспарлы түрде ауруханаға жататын кез келген науқасқа қазіргі күні коронавирус індеті жоқ деген анықтама қажет. Анализ алу қарқынымыз баяғыша. Бірақ, індет көбінесе расталып жатқан жоқ, сондықтан айтарым маусым, шілде айларындағы жағдаймен бүгіннің көрсеткішінде үлкен айырмашылық бар. Ауру өршіп тұрған кездерде 60 адамнан анализ алып, оның 30-ға жуығы расталатын еді. Қазір шамамен 20 шақты анализ аламын, қуанарлығы ауруды көрсетіп тұрған жоқ. Эндокринолог, фтизиатор, дәрігерлер – бәріміз осы аурумен күресте бір толқында жұмыс істеп келеміз. Біріміздің жұмысыз бірімізге тікелей байланысты. Ол жеңілдеген сайын індет мүлдем жойылса екен деп тілеп отырамыз.
Ляззат ТӨРЕМҰРАТОВА,
дәрігер-фтизиаторы:
Ляззат Төремұратова Батыс Қазақстан Мемлекеттік академиясының түлегі. 12 жылдық еңбек өтілі бар І санатты маман.
Фтизиатор-туберкулез ауруына шалдыққан науқастардың алдын алу, емдеу және басқару бойынша дайындалған маман. Мұндай дәрігерлердің жұмысы фтизиопульмонологияға, қоздырғыштың іс-әрекетін, көрінетін белгілері мен табиғи емдеуді терең зерттеуге негізделген. Фтизиатор-дәрігердің жұмысының індет кезінде де өршуі коронавирустық инфекцияның өкпеге барып түсуінде.
– Бұл аты жаман дерт өкпеден бөлек, басқа тағы қандай ағзаларға әсері бар?
– Бұл ауру тек қана өкпе емес, жүректің, бауыр, бүйректің қалыпты жұмыс істеу қабілеттілігін бұзады. Сүйек тініне әсер етеді.
–Мұның туберкулезден айырмашылығы бар ма?
–Туберкулез адамнан-адамға ауадан таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Ал, «СOVID-2019» ауруы ол тыныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесін зақымдайды. Ауруды жұқтырған адамда құрғақ жөтел, дене қызуы 39 градустан жоғары көрсеткіш береді, тыныс алу қиындайды, ауа жетпейді, бұлшық еттері ауырады. Екі ауру да өкпеге зиянымен, ауа жетіспеушілігімен, дененің сырқырап ауруымен бірдей. Туберкулезбен ауырған адамның денсаулығы антибиотикке шыдамды болса, 4-12 ай аралығында емделеді. Ал коронавирусты жұқтырған науқас ауру деңгейіне қарай 21 күнге дейін жазылып шығады.
–Дәл қазіргі уақытты сипаттап беріңізші. Провизорлы-стационардағы науқастардың жағдайы қалай?
–Барлық науқастың жағдайы бір қалыпты. Көп жағдайда науқастар пневмония диагнозымен түсіп жатыр. Ауру біраз бәсеңдеді. Науқастардың көңілі, өзін-өзі басқару қабілеті бұл жерде басты рөлде. Егер ауруды жеңіп шығамын деп, барынша күрессе біз берген ем де сіңімді болады. Сосын әрине, тыныс алу жаттығулары. Бұл ауру тыныс алу жүйесіне қатты әсер ететіндіктен жаттығу жасау өте маңызды.
Анар БАЯКЕНОВА,
аға мейірбике:
12 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты маманБайқоңыр медицина училищесінің түлегі. 2008-2019 жылдар аралығында Ресей мемлекетіне қарасты №1 ауруханасында «анестезиология-реанимация» бөлімінде анестезист-мейірбике болып қызметін бастаған. 2019 жылдың маусымынан бастап көпбейінді ауруханаға ауысады. Қазір «ота жасау және жансақтау» бөлімінде аға мейірбике.
– Анар, дәл қазіргі күні жан сақтау бөлімінде әлемді әбіржіткен індетпен емделіп жатқан науқастар бар ма?
–Індетке байланысты провизорлы реанимация бөлімі 1 тамыздан бастап ашылды. Осыған дейін 4 науқас жатып шықты. Жағдайлары жақсарған соң біз оларды провизорлы стационарға ауыстырдық. Дәл осы уақытта індетпен ауырып жатқан науқас жоқ. «Провизорлы реанимация» бөлімінде науқастар 4-5 күн жатады. Әрине аурулардың жан сақтау бөліміне түскен кездегі деңгейіне қараймыз. Әріптестерімінің емді сауатты жүргізгені мен халық осы күндері жақсы сақтанып жүрген болар провизорлы реанимация бөліміне осы аптада бірде-бір науқас түспеді.
Түйін: Мамандардың мәліметіне сүйенсек, аурудың беті қайтып, «науқастардың саны азайды» деп ақпарат беруде. Бұл дегеніміз – медицина мамандарының дүниені дүрліктірген дертпен күресу біліктілігінің артқаны әрі халықтың аурудан сақтану үшін жауапкершілігінің жоғарылағанының нәтижесі болар. Қалай сипаттасақ та, індетпен күресуте ақ халаттылар ерлеп тұр.
Науқастардың саны азайған сайын, сіздерге де құрметіміз арта түсетінін жеткізгіміз келеді. Құрметті оқырман, сақтанайық! Сақтанған сайын індеттің азайғаны туралы сүйіншілейтін күн алыс емес секілді.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ
Байқоңыр қаласы