"Бір сабақ жіп алдырмады"
Алғыс айту, ризашылық білдіру, өзгелердің жасаған еңбегіне құрметпен қарау – қайырымды қарымқатынастың әдемі көрінісі. Айналамызды қоршаған адамдарға үнемі алғыс айта отырып, оның жасаған игі жұмысына қолдау көрсете аламыз. Қазіргі таңда індет бәсеңдеп, ақ халаттылар оң-солына қарап, басын ендіенді көтергендей. Жұмыла жасаған еңбектері көл-көсір нәтиже беріп, науқастар алғысын жаудыруда. Медицина қызметкерлеріне ең бірінші баға жетпес қошемет, марапат міне, осы. Бір кездері ауру әлсіретіп, мүшкіл хәлде жедел-жәрдеммен ауруханаға түскен науқастар бірнеше күнде өз аяғымен отбасына қайтқанда барлық дәрігер, мейірбикелер шапалақ ұрып, науқасты зор қуанышпен үйіне шығарып салған. Осы кезге дейін жазылып шыққан науқастардың саны өте көп. Дегенмен, алғыс айтуға асыққан ақжарқын, егде жастағы апайлармен кездесу сәті маған міне енді бұйырды. Дерт кеуделеріне жайғасып жатып алған кезде бұл кісілер сөйлеуге шама-шарқы жетпей шарасыз күйде қалған. Ал қазіргі жағдайы тым бөлек. Дауыстары жарқын, қимылдары ширақ. Ең бірінші сөзін «рақметімді жеткізейін деп едім» деп бастады.
Төрегүл ИСАЕВА, 60 жаста, жеке кәсіпкер:
«Маусым айының аяғында Алматы қаласынан сіңілім менің 8 жастағы немеремді Байқоңырға алып келе жатқан еді. Ол жолда ұялы телефон арқылы менімен жиі-жиі байланысып отырды. Сонда қызуы көтеріліп, мазасы болмай келе жатқанын жеткізді. Келе салып, немерем де ауырды. 2-3 күнде менің де мазам қаша бастады. Денемді ең бірінші әлсіздік биледі. Басымды көтере алмадым. Асқа тәбетім, ұйқым жоғалды. Оған жөтел қосылды. Дене қызуым 39 градустан түспеді. Содан өз бетімше ем-дом жасап, екпе ала бастадым. Алған емім еш жұқпай жағдайым нашарлай берді. Содан медбике танысым «ауруханаға жату керек, әрі қарай жағдайың нашарлай береді» деді. 2-ші шілде Ақай ауылында орналасқан Төретам ауылдық ауруханасына жедел жәрдеммен түстім. Ауыр халде барған мені екі күнде бетімді бері қаратты. Басымды сәл көтерген соң жан-жағыма қарай бастадым. Бір палатада үш орыннан. Төсегі аппақ, таза. Әр 30 минут сайын медбикелер келіп, жағдайымызды сұрап тұрды. Аурухана меңгерушісі Марат Жүсіпов есімді азамат білікті маман екен. «Еш уайымдамаңыздар, емделіп, құлан-таза аурудан айығып шығасыздар. Протокол бойынша емдеу ісін жүргіземіз. Дәрідәрмек жеткілікті, үйден ештеңе алдырмайсыздар» деді. Айтқанындай-ақ күніне екі рет система, екпелерін салды. Тыныс алу жаттығуларын жасаңыздар деп үнемі бақылап отырды. Тамақтары да дәмді, үйдің асынан еш кемі жоқ. Жалпы жағдайды толық жасап қойған. Барлығына алғысым шексіз. Дәрігер, медбикелердің есімдерін ұмытып қалдым. Әйтпесе жеке-жеке, аттарын атап отырып алғысымды білдіруден шаршамаймын. Жалпы түсінгенім, біздің қазақтың қанына сіңген мейірімділік, ізеттілік, қамқорлықты байқадым. Кіші аяжандарға дейін ауыр, қымталған киімдеріне қарамастан қайта-қайта еден жуып, тазалық жүргізіп жатты. Осылайша 11-ші шілдеге дейін жатып, соңғы шығу рентгеніне түсірді. «Екі жақты бронхо-пневмания» деген диагноз қойды. Әрі қарай үйде қалай күтіну керектігі туралы кеңестерін айтып, ауруханадан сап-сау болып жазылып шықтым. Жауапкершілікпен жасаған жұмыстарына шын көңіліммен ризамын. Алғыс айтудың сәті түскеніне қуаныштымын. Осы алғысым аурухана ұжымына жетсе екен» деп өзінің шексіз разылығын жеткізді.
Гүлнар ЕЛУБАЕВА, 55 жаста, «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы АҚ «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» филиалының вокзал бастығының кезекші көмекшісі:
«Маусым айының 25-інен бастап өзімді әлсіз сезініп, суық тиіп ауырдым. Әрі қарай түсініксіз тұмауға ұласып кетті. Содан 2 шілдеден бастап одан сайын жағдайым күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырдым. Ақай ауылындағы ауруханаға түсіп, дәрігерлердің ем-домын ала бастадым. Ауырып жатсам да жағдайым қалай болар екен деген ой мазалап, жан-жағыма көз жүгірттім. Күн сайын жаңалықтарда айтылған ауру маған да жабысқанын ойлағанда қорқыныштан денем түршікті. Сонда да болсын әйел затына тән айналаға қарап, бір шолып шығу әдетімен палата ішін қарап шықтым. Аурухана өте таза, әрі жапжарық. Медбикелері мейірімді, шаршағандарын білдіртпей бізге қарап күлімсіреп қояды. Егер олар шаршаңқы жүздерін көрсетіп, аурухана ішіндегі арпалысты бізге байқатса, біздер науқастар одан сайын түнеріп кететінімізді білгендей еш сыр бермейді. Ем-домнан бөлек жағымды жағдай туғызып, бізге жаман ойға берілмеуге, тек күресу керек деп айта жүрді. Сол біз жатқан уақытта палатаға Азамат есімді ауыр хәлдегі жас жігіт түсті. Дем жетпей қатты қиналғанын көргенде біздің кеудемізде қорқыныш сезімі үдей түсті. Ол жігітпен бірге біздің де жанымыз шығып, қоса қиналдық. Жігітке ауа жетпей, тынысы тарылып жатқанда барлық қызметкер жүгіріп келіп, аппаратты қосып, «демал, демал, көзіңді жұмба» деп айқайлағанда өлім жақындағандай жаның ышқынып кете жаздайды. Әйтеуір палатада күнде аурумен арпалыс. Кезек-кезек бәрімізге екпе егеді. Ақырында жанымыздағы жігіттің беті бері қарады. Біздің де жағдайымыз қалыпқа түсіп, дәрігерлер үйімізден бір сабақ жіпалдыртпай бар жағдайды жасап, шапқылап жүрді. Әуелі Алла, содан кейін барлық медицина қызметкерлерінің арқасы, қазіргі жағдайым өте жақсы. Баяғы үйреншікті күйбең тірлігімізге араласып, денсаулықтың қадірі бәрінен де құрметті екенін түсіндім. Осы аты жаман аурудан барша қазағым айығып, науқастар да, медицина мамандары да отбасыларына амандықта қауышқанын қалаймын. Жерлес ақ халатты абзал жандарыма мың алғыс. Сіздердің кәсіби шеберлік, жағдаяттан оңтайлы шығу іскерліктеріңіз болмағанда мықты денсаулықтан күдер үзіп қалар едік. Мың алғыс сіздерге ақ халаттыларым!» деп апайдың да ризашылығын тыңдадық.
Бұл екі ғана кісінің алғысы. Ал Ақай елді мекенінде орналасқан Төретам ауылдық ауруханасынан 97 науқас сауығып үйлеріне оралды. Ол кісілермен де жүзбе-жүз кездесіп, әрбір дәрігердің атын атап отырып, алғыс айту сәті бұйырсын. «Күш қуаты – бірлікте» деген мақалдың түпкі мағынасы осы жағдайға сайма-сай келіп тұрғандай. Бірлікпен жасалған жұмыстың нәтижелі болғанын апайларымыз сөздерінен байқатты.
ТҮЙІН:
Дәрігерлердің бүгінгі ерен еңбектерін барлық газет-жорналдар жарыса жазса, әлеуметтік желіде алғыс айту акциялары күннен-күнге көбеюде. Жазылсын! Көбейсін! Алғыстар қарша борап, нөсер жаңбырдай жаусын! Алғыс айту – уақытты, жағдайды, шығынды талап етпейді. Тек жүректен-жүрекке жетсе болғаны.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ
Байқоңыр қаласы
Байқоңыр қаласы