» » Биометрия: Жаһандық қауіпсіздік

Биометрия: Жаһандық қауіпсіздік

Осыдан біраз жыл бұрын шетелдің фантастикалық киносында саусақ арқылы есік ашып, көз жанарымен барлық кодты оңай шешкенін көріп таң қалушы едік. Ал қазір бұл ғажайып құбылыс фильмнің сюжеті ғана емес, күнделікті үйреншікті қимыл-әрекетке айналды. Ендеше біз білмейтін биометрияның сыры неде?
Биометрия – адамды бет-әлпеті бойынша сәйкестендіру жүйесі. Мәселен, қазір қолдағы смартфон арқылы бұғаттауды саусақ ізімен ашу, іздеу жүйесіне дауыстап «тапсырма беру» секілді жүйелер қолданыста бар. Қалтафонның баптау батырмасынан қарапайым әуен бағдарламасын дауыспен басқаруға қойсаңыз, ешқандай батырманы баспай-ақ «келесі», «артқа», «тоқтату» немесе «жүргізу» сөзі арқылы оңай игере аласыз. Бұл қарапайым мысал ғана. Ал төлем жүйесінде кең танымал Samsung Pay, Android Pay, Apple Pay сынды төлем сервистерінің қолданушылары бүгінде дүние жүзінде жетіп асады. Бұл сервистер өз қолданушыларын смартфондағы саусақ ізі негізінде сәйкестендіреді. Көрші Ресейді мысалға алайық. Онда кассадағы бейнекамераға қарау негізінде төлем жасауға болатын кафелер бар. Бұл жүйе төлем жасаушы клиентті тануы үшін смартфонға алдын ала арнайы қосымшаны жүктеп, оған банк карточкасындағы мәлімет пен өз фотосуретін енгізеді. Мұны ойлап тапқан адам құдды данышпан дерсіз. Заман ағымына сай технология да қарыштаған уақытта бірте-бірте цифрланудамыз. Ал биометрияның атасы сонау бір ғасыр бұрын жұртты таң қалдырған. Ендеше тарихқа көз жүгіртсек.
Биометрия технологиясын әу баста криминалистика ғылымы мен полиция құрылымдары қолданып бастады. ХХ ғасырдың басында, яки 1902 жылдың сәуірінде Ұлыбритания полициясында адамды саусақ ізі бойынша танып, сәйкестендіру әдісі – дактилоскопия алғаш рет қолданысқа түсті. Папиллярлық сурет, яғни адамды алақан және саусақ іздері бойынша тану мүмкіндігі туралы гипотезаны 1877 жылы ағылшынның полиция шенеунігі Уильям Гершель мәлім еткен деген дерек бар.
Мақаламызға арқау болған тақырыпқа 18plusidea.kz сайтынан бірнеше мәлімет келтірдік. Онда дактилоскопиялық тіркеу бүгінде көптеген елдің әскерилері мен полиция және кеден құрылымдары үшін міндетті деп жазылса, Ресей Федерациясы бұл талапты 1998 жылдан бастап міндетті деп таныған екен. Ал АҚШ-та сырттан келген шетелдіктерді суретке түсіріп, саусақ ізін алу процедурасын 2000 жылдан бастап қолдануда. Еуропа елдерінің бірқатары өз әуежайларында Smart Gate, «ақылды қақпа» технологиясын, яки төлқұжаттық бақылау аймақтарында биометрикалық сәйкестендіру әдісін іске қосып, әрі қарай жетілдіруді жоспарлауда. Қазір әлем елдерінің біразында биометрикалық куәліктер де кең тараған. БҰҰ-ның есебі бойынша, дүние жүзі бойынша 118 ел соңғы он жылда өз биометрикалық жобаларын жүзеге асыруда. Ал Қазақстанда ше?
2016 жылдың 30 желтоқсанында «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу» туралы ҚР Заңы қабылданды. Араға екі жыл салып 2018 жылдың 31 қаңтарында Қазақстан үкіметі аталған тіркеу әдісі бойынша тиісті ережелерді бекітті. Оған сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтарының төлқұжатында саусақ ізі туралы мәлімет болуы тиіс. Бұл процедурадан бас тартқан жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде айыппұл салу ескерілген. Ереже «саусақ іздері мен геномдық тіркеу туралы» заңға сәйкес әзірленді. Ішкі істер органдарының ережесіне сәйкес саусақ іздері Қазақстанның 16 жасқа толған азаматтарынан алынады. Ол кәмелеттік жасқа толғанда жеке куәлік немесе төлқұжат рәсімдеу кезінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, 12 жастан 16 жасқа дейін төлқұжат алғысы келген қазақстандықтардан да саусақ іздері алынады. Ереже Қазақстанда тұрғылықты тұратын шетел азаматтарына да қатысты. Шетел азаматтарының саусақ іздері қазақстандық визаны алу кезінде немесе уақытша тұруға арналған рұқсатты рәсімдеу кезінде алынады. Саусақ іздерінен алынған мәліметтер дерекқорда сақталады. Ал екі бас бармақтың саусақ іздері жеке куәліктің микросхемахасына енгізіледі.
Жалпы биометриялық технология адамды бір немесе бірнеше физикалық, мінез-құлық белгілері арқылы тануға негізделген. Сканер, сенсор секілді арнайы құрылғыларға адамның биометрикалық мәліметі енгізіліп, бұл жүйе өзіндегі ақпаратты цифрлық код түрінде сақтайды. Мәселен, адамның саусақ ізі немесе басқа да биометрикалық материалы. Айталық, адам кедендік бақылаудан өткенде не банкоматтан ақша алғанда саусағын не алақанын сканерге салып, өзінің биометрикалық мәліметіндегі кодпен сәйкестендіреді. Оған қоса адамның бет-пішіні, көз қарашығы мен даусы да биометрикалық мәліметке енеді.
Әсілінде бұл технология банк жүйесі, қаржы саласы үшін айтарлықтай өзекті. ІТ-мамандарының айтуынша, бұл ең алдымен банк клиенттерін алаяқтардан қорғай алады. Хаккер банк карточкасындағы ПИН-кодты оңай бұзуға жол табуы мүмкін. Егер мұнда адамның биометрикалық мәліметтері болса онда сол адамның өзінсіз кодтарды ашу екіталай. Себебі жүйе ішіндегі қорғаныш деңгейі өте жоғары.

Айнұр ӘЛИ
04 тамыз 2020 ж. 984 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031